Қазақ еліне +150 миллиард теңге. НЕГЕ келесі жылы зейнетақы жинағын шешетіндер бюджетті байытпақ?

10 қыркүйек, 13:00

Фото: Nege.kz

Өткен аптада зейнетақы жинағын баспана алуға шешіп аламыз деп қуанғандар, енді одан 10 пайыз салық ұсталатынын естіп мұңайып отыр. Бірақ ол норма кезінде Салық кодексіне тайға таңба басқандай етіп енгізілген және кодекс сынды заң актісін тез арада өзгерту мүмкін емес.

Елдегі зейнетақы жинақтарының жалпы сомасы 12 триллион теңгеге жуықтады. Ал 720 мыңнан астам адам келесі жылы өз жинақтарынан шекті мөлшерден артық соманы шешіп алады. Одан мемлекет салық ұстайды және бюджет Nege.kz есебі бойынша 150 миллиард теңгеге толығуы мүмкін.

«Менің ойымша, зейнетақы жинақтарынан жеке табыс салығын ұстауға болмайды. Себебі зейнетақы жинақтарын таратып беру сұранысты ынталандыру үшін істеліп отырған шара болса, онда азаматтың қолына көбірек қолма-қол ақша беру керек», - деп жазады, қаржы кеңесшісі Расул Рысмамбетов.

«Зейнетақы ақшасын алуға рұқсат беру - қаржылық теория тұрғысынан дұрыс емес. Қаржы классикасында зейнетақы активтерін басқару тек арнайы зейнетақы менеджеріне сеніп тапсырылуы керек. Бірақ біздің зейнетақы активтерін басқарушылар қаржымызды Әзірбайжан банкі немесе кейбір квазимемлекеттік компаниялардың бағалы қағаздары, тұрақтылық қоры немесе әкімдіктердің кірістілігі 0,35 проценттен аспайтын облигациялары сияқты түсініксіз активтерге инвестиция ретінде салғандықтан, қарапайым адамдардың да өз ақшасын басқаруға мүмкіндік алуы әділетті қадам»

«Адамға жалақы төленген кезде, одан зейнетақы жарнасы алынып, тек содан кейін ғана жеке табыс салығы есептеледі. Жинақтан зейнетақы төлеу кезінде салық алынбайды, бірақ жинақты мерзімінен бұрын шешіп алатын жағдайда азамат 10% салық төлеуі тиіс», - деп жазады, экономист Олжас Құдайбергенов. Оның айтуынша, бұл шара дағдарысқа кезінде азаматтарды қолдау сипатында жасалғандықтан, ең болмағанда тұрғын үй мәселесін шешу және емдеу мақсатында алынатын сомаға салықты жою мүмкіндігін қарастырған жөн.

«Қалай болғанда да мемлекет құрылыс компаниялары мен үй сатушылардан қайталама салықтық түсімдер алады. Бастама 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетіндігін ескере отырып, қалған 3-4 айда дағдарысқа қарсы шаралар кешені аясында заңнамаға өзгертулер енгізуге болады»

Nege.kz есебінше Салық кодексі тез арада түзету енгізуі қиын құжаттардың бірі. Қазір Салық кодексінің 320-бабының 1-тармағы азаматтардың көңілін су сепкендей басып отыр. Оған сәйкес, Біріңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдері түріндегі кірістерге салымшы басқа елге көшіп, Қазақстан азаматтығынан шыққан кезде, не салымды мұрагер ретінде мерзімінен бұрын алатын болса 10% салық салынады.

 

Үкімет өз кезегінде екі жеп биге шығайын деп отыр. Зейнетақы салымдары айналымға түспей жиналып жатқандықтан, бұған дейін оның экономикаға бәлендей пайдасы болмай келді. Енді триллион теңгеден астам сома экономикаға, дәлірек айтсақ құрылыс компанияларына, медициналық орталықтар мен жеке инвестициялық қорларға құйылмақ. Жұмыс орындары сақталып қалады және үкімет олардан корпоративті салық та жинайды.

Ал нарық бюджет пен Ұлттық қорға қол салмай-ақ, азаматтар жинағының арқасында үлкен серпін алмақ. Тұралап тұрған экономикаға азаматтар есебінен қолдау білдіре отырып, үкімет «қайырымды билік» болып көрініп, үлкен имидждік ұпай жинайды. Оған қосымша, бюджет жеке табыс салығынан 150 миллиард теңге алады.

Шахматта мұндай жүрісті «гамбит» дейді. Үкіметтің бұл жүрісі нағыз гроссмейстерлерге лайық болды. Мойындаймыз.  

#зейнетақы #салық #кодекс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации