Қасымбек қаржы үнемдеуді біле ме?

27 ақпан, 14:20

Фото: nege.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тиімсіз шығындарды қысқарту туралы 24 қаңтардағы тапсырмасынан соң облыс әкімдіктері бюджетін қайта қарай бастады. Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін іле-шала әкімдіктерге жолданған ресми сауалымызға жауап келіп жатыр. БАҚ туралы заңды құрметтейтін, журналистермен «тату-тәтті» тұрғысы келетін әкімдіктер жауабын әлдеқашан жіберіп қойды. Ал заңды заң деп білмейтіндер әрнені сылтау етіп, әлі жүр.

Nege.kz порталының тиімсіз шығындарды қысқарту турасындағы ресми сауалына Қарағанды облысы қаржы басқармасының басшысы Л.Башарина жауап берді. Бірақ кейбір шенділер нақты сұраққа жалтара жауап беруді қулық санайтын сияқты. Қараңыз, «Қанша қаражат қысқартылады және ол қандай салаларға қатысты?» деген сұраққа Башарина алыстан орағытып әкеліп бүй дейді:

«...ҚР қаржы министрлігі қысқартуға ұсынған, кейін бюджетті нақтылау кезінде оңтайландырылған бірқатар бағыттар бар (қымбат тұратын көлік пен жиһаз сатып алу, форумдар, семинарлар, конференциялар өткізу, іссапар шығыстары; қайтарымы төмен өнімсіз шығыстар; 2019 жыл ішінде қысқартуға бірнеше рет ұсынылған проблемалық шығыстар бюджеттік инвестициялық жобалар қаралады).

Башаринаның жауабынан не түсіндіңіз? Тиімсіз шығындар анықталды ма, жоқ па, қаржы қысқара ма, қысқармай ма – белгісіз.

Қарағанды облысы әкімдігінің аппараты биыл автокөлік сатып алмайды, орталықтағы және аймақтардағы әкімдік ғимараттарын жөндеу де жоспарланбаған. Офистік техникалары мен жиһаздары да әзірге жарап тұр екен.

«Биыл облыста қандай мерейтой, іс-шаралар, форумдар өтеді және оған қандай көлемде қаражат жұмсалады?» деген сұрақтан да қаржы басқармасының бастығы жалтарып кетіпті.

«Облыста 2020 жылға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы шеңберінде ұлттық, мемлекеттік іс-шаралар өткізу жоспарланып отыр».

Биыл Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Жеңістің 75 жылдығы өтеді. Мұның сыртында мемлекеттік мерекелер бар. Мұны жұрттың бәрі біліп отыр. Тек осы шараларға қанша қаражат жұмсалатынын анықтағымыз келген. Бірақ Башарина «ішің білсін, әлуай» деді.

Облыс әкімінің аппараты өткен жылы жалақы қорынан 74,1 миллион теңге үнемдеп, оны бюджетке қайтарыпты. Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің айлығы – 967 672 теңге, бірінші орынбасары Асылбек Дүйсебаев – 690 000 теңге, қалған төрт орынбасары 616 000-644 000 теңге көлемінде жалақы алады.

Башаринаның жауабымен бірге редакцияға Бұқар жырау ауданы әкімінің орынбасары С.Сатаевтан да жауап келді. Биыл Бұқар жырау аудандық әкімдігінің ғимаратын жөндеу жоспарда жоқ екен. Сонымен қатар, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасынан да жауап жетті. Басқарма басшысының міндетін атқарушы Т.С.Абылаевтың Л.Башаринадан бір артықшылығы – биыл облыста қандай спорттық жарыстар өтетінін және оған қанша қаржы жұмсалатынын анық жазған.

Облыс көлемінде өтетін спорттық шаралар өткізуге 156 млн теңге қарастырылған. Оның ішінде «Арманға жол» деп аталатын жартылай марафон (40 млн) және «Рухани жаңғыру бағдарламасы аясындағы спорттық шаралар (30 млн) бар.

«Қасымбек қаржы үнемдеуді біле ме?» деп сұрақты қабырғасынан қойып отырғанымыздың себебі бар. Өйткені біз сауалды облыс әкімінің өзіне жолдадық. Сондықтан оның сұрауы да әкімнің өзінен болмақ. Әйтпесе, Жеңіс Қасымбектің «ақша санай алатынына» ешкім күмәнданбайды.

Бұған дейін бірқатар министрліктерді басқарған, премьер-министрдің орынбасары болған Жеңіс Қасымбектің Қарағанды облысына әкім болып тағайындалғанына көп болған жоқ. 2019 жылдың қыркүйегінен есептесек, бар-жоғы бес-ақ ай. «Балапанды күзде санайды» деген бар, ендеше Қасымбектен де есепті күзде сұраған жөн. Әрине, күзге дейін әкім болып отырса...  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации