Қаржы пирамидасы: Албастының арбауынан кім сақтайды?

21 ақпан, 19:13

Фото: pinterest.ru

«Табыс табасың», «Үйде отырып ақша тап», «Ұтыс ұтып ал», «Ақша сал да еселеп қайтар!» жарнамасы жер жаратын осындай ұрандарды естіген құлақ елең етпей қоймайды. Өйткені бәрі табысты болып, бірден мол ақшаға кенелуді ойлайды. Бірақ қайдам...

Еңбек етпей тапқан ақшаның қадірі де жоқ. Ақша энергияны жақсы көреді дейді психологтар (нумеролог, чакролог тағы осындай қаптап жатқан ғылымдар) қауымы. Демек, адал ақша маңдай тер мен еңбекке жұмсаған энергияңыз арқылы ғана келеді. Осы тұста келіспеске амал жоқ. Ал әлгі батпан құйрықтардың барлығы әурешілік.

Қаржылық пирамида, криптовалюта, тұрғын үй кооперативтері, әлеуметтік желілердің барлығы «ақша табасың» деген желеумен халықты арбап келеді. Қаншама алаяқтық әшкере болып, алданғандардың басына таяқ болып тисе де қаржылық құйтыртқыларға сенетіндер көп. Тіпті соның ішінде оқыған-тоқыған саналы адамдар да бар. Ауадан ақша жасаймыз дегендерге халық НЕГЕ сене береді?

2019 жылдың сегіз айында Қазақстанда ҚР Қылмыстық кодексінің 217-бабы «Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару» бойынша 14 қылмыстық іс қозғалған.

Ішкі істер министрлігі 2017 жылы мұндай 63 іс, 2018 жылы 103 іс қозғалғанын айтады.

ҚР ІІМ Ішкі және сыртқы коммуникациялар департаменті директорының орынбасары Олег Иващенконың дерегі бойынша, тек 2017-2019 жылдары қозғалған қылмыстық істер бойынша келтірілген материалдық шығынның жалпы сомасы 8,3 миллиард теңгеден астам  (2017 жылы 6,341 миллиард теңге, 2018 жылы 1,863 миллиард теңге, 2019 жылдың 8 айында 147,8 миллион теңге ).

8,3 миллиард теңгенің тек 400 миллионы ғана өндірілген (бұл келтірілген зиянның 5% -ынан азы).

Қаржы пирамидасы деген не?

«Қаржы пирамидасының» тарихы банктерге сенімсіздік пайда болған кезден басталған. Банк саласын зерттей келе ауадан ақша жасаудың жолдары түсінікті бола бастады. Қаржы пирамидасы – жаңа адамдарды тарту арқылы өзге адамдардың табысын қамтамасыз етеді. Пирамиданың бірінші қатысушыларына ақша жаңа қатысушылардың салған ақшасы есебінен төленеді. Өкініштісі, соңғы қатысушының ақшасы еселенбек түгілі өзіне қайтарылмайды. Яғни, тақыр жерді сипап қалады.

Пирамиданың төрт кезеңі бар:

  1. Басы
  2. Өсу
  3. Дағдарыс
  4. Күйреу

Алданғандар көп болса да, пайда табасың деп сендіреді. Тіпті шетелдерде осымен байып отырған адамдар бар деп алдайды. Компанияның барлық құжаттары дұрыс екенін, мемелкетке тіркелгенін, сертификаттарының барлығын алға тартады. Құжаттары дұрыс болғандықтан, лажсыз сенесің. Тіпті осындай компанияларға елге танымал жұлдыздар жарнама жасайды. Осындай көлемде ақша салсаң, екі еселеп қайтатынын айтады. Жұлдыздар жарнамалап тұрғандықтан, ақшасын ойланбай салатындар бар. Тек артынан «сенген қойым сен болсаң» деп сан соғып қалады Осылай жалғаса береді. Тек алғашқы салымшыларға ғана ақшасын қайтарады да, қалған халықтың қаражатын қалтасына басып кете барады.

Қаржы пирамидасына қатысып, ақша салатындар 2 топқа бөлінеді:

1. Қаржылық сауаттылығы жоқтар - қаржы пирамидасы туралы білмейтіндер;

2. Қаржылық сауаттылығы барлар - пирамиданың алғашқы кезеңінде ақша салып, мол табыс тапқаннан кейін дер кезінде шығып кетуді көздейтіндер.

Қаржы пирамидасына ақша салып ұтып жатқандар да жоқ емес, бірақ ұтылып жатқандар өте көп. 

Жоғары пайыздық табысқа уәде беретін ұйымдарға сенудің қажеті жоқ.

«Салған ақшаңыздың ай сайын 40 пайызын аласыз, көлігіңізді нарықтағы құнынан 30 пайыз жоғары қабылдаймыз» деген жалған жарнамаларға ұрынбаңыздар!

Осы материалды дайындау барысында «Гарант 24 Ломбард» деген қаржылық пирамида негізінде құрылған компания, талайларды сан соқтырып кетті. Аталған ұйым алғашқы жарна бойынша алдымен ақша салып, кейін үстіне пайыз қосып қайтарамыз деп уәде берген. Елді алдап, қашып кеткен «Гарант 24 Ломбард» компаниясына ақша салудың құрылымы төмендегідей. 

Осы компанияға ақша салған құрбыма 1 миллион салсаңыз, оны 1 млн 700 мың теңге етіп қайтарымыз деген. Айтуынша, миллионның үстінен түсетін 700 мың теңге, екі айға бөлініп қайтарылатын болған. Барлық келісімшарттарды заңды түрде толтырып, елдің сенімінен шыққан. Алайда, қаржылық пирамиданың жүйесі бойынша алғашқылары ғана ақшаларын үстемелеп алған. Кейінгілердің салған қаражаты қайтарылмаған. Кеңседе қағаз толтырып, бәйек болған менеджерлер де, басшылары да ұшты-күйлі жоқ. Кеңсені бос тастап тайып тұрған. Ақшасын даулаған қарапайым халық енді не істерін білмей дал. Ең сорақысы, осы компанияны еліміздің беделді жұлдыздары жарнамалаған.

Жарнама жасаған өзге де жұлдыздарды көрсетіп, дәлел келтірудің реті келмеді. Өйткені, пирамида иелері әлеуметтік желідегі ресми парақшаларын өшіріп үлгерген. 

Осындай алаяқтыққа жол беріп, жарнамалауға келіскен жұлдыздарды, блогерлерді, ел сеніміндегі адамдарды жазалайтын заң неге жұмыс істемейді? Халық жұлдыз айтты екен деп сеніп отырған жоқ па? 

Мұның алдын алудың бір ғана жолы бар: ауадан ақша жасаймыз дегендердің сөзіне сеніп, қолыңдағы барыңды бәйгеге тікпеу. Алаяқтардың құрбаны болмау үшін, қаржылық сауаттылығыңызды арттырыңыз. 

Тиісінше, жеке тұлғалардан депозит тартуға лицензиясы жоқ, алайда халыққа өзіне бос ақшаны салуды ұсынатын ұйымдардың қызметі алаяқтық болып саналады және бұл еліміздің қолданыстағы заңнамасын бұзу қылмысына жатады.

ҚР Қылмыстық кодексінде қаржы пирамидасын құру және оған басшылық ету үшін жауапкершілік қарастырылған.

Маржан Сәбет

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации