Халықтың несиесі көбейді, экономика НЕГЕ әлсіремейді?

19 ақпан, 17:20

Фото: nege.kz

Ұлттық банк төрағасы Е.Досаев, тіпті мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың да халықтың тұтынушылық несиені көптеп алуынан қорқатыны байқалды. Алдымен әлеуметтік әлжуаз топтардың несиелерін мемлекет жауып берді, артынан олардың қайтадан тұтынушылық несие алуына заң бойынша тиым салынды. Бірақ халықтың мойнындағы қарыз өссе де, одан келіп-кетер проблема жоқ деп санайтын сарапшылар да бар. 

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, тұтынушылық кредиттер саласында еш проблема жоқ. Себебі нарық өзгеріске ұшыраған және тұтынушылық кредиттердің көбеюі халықтың әл-ауқаты нашарлай түсті дегенді білдірмейді.

"Біз кезінде кепілсіз несиеге жүгіну қарыз алушының жағдайы төмендегенінің белгісі деп санайтынбыз. Азаматтың өзіне қажет затты сатып алуға ақшасы жетпейді, сондықтан ол несие алуға мәжбүр. Бүгінгі таңда бұл тұжырым дұрыс емес. Сауда-саттық пен дамып жатқан қаржы секторында несие мен өз ақшаң арасындағы айырмашылық жойылып бара жатыр".

Бүгінгі күні дисконттық картаны пайдалануды ешкім кедейліктің белгісі деп санамайды. Сонымен бірге, несиеге қол жеткізу - төлем қабілеттілігі мен банктің адамға деген сенімінің белгісі. Егер тұтынушылық несиелер «адамдарда түк жоқтығына» байланысты өссе, жаңа қарыз алушылар үлкен несие ала алмайтын еді. Қазір Бірінші кредиттік бюро есебі бойынша, тұтынушылық несиенің орташа бағасы 170 мың теңге екен.

Қаржы сарапшысы Владислав Туркин елдің «голландиялық дертке» шалдыққанын айтады. Отандық бизнес, әсіресе, өндіріс өте әлсіз. Несиеге деген сұраныстың барлығы импортты қыздырып отыр.

"Тұтынушылық нарықтағы шектен тыс несие көлемі тауарлар мен қызмет құны, тұрғын үй секторының инфляциясын туғызады. Мұны біз несие көлемі үлкен, ал ішкі өндіру көлемі азғантай жағдайда байқаймыз".

Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев 2019 жылы екінші деңгейдегі банктердің тұтынушылық несие портфелінің өсуі шамамен 27% жеткенін мәлімдеген болатын. Оның сөзінше, бұл сегмент корпоративтік сектормен салыстырғанда несие беруде көшбасшы болып қала береді.

"Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңнамалық деңгейде бірқатар реттеу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, несие беруге, несиеге қатысты қызмет көрсетуге және жеке тұлғалардың 90 күннен астам мерзімі өткен барлық кепілсіз қарыздарына байланысты айыппұл, комиссия және өзге де төлемдер есептеуге тыйым салынады. Сондай-ақ, табысы күнкөріс деңгейінен төмен азаматтарға несие берілмейді".

Досаев 2020 жылдан бастап қабылданған шаралар несие нарығын тиімді реттейді деп сеніп отыр. Ал сарапшылар, бұл нарыққа мемлекеттің шектен тыс қол сұққаны аса жақсы емес деген пікірде. 

#несие #ұлттықбанк
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации