Францияда 42 мың адам вирус жұқтырды

24 қазан, 18:09

Фото: google.com

Соңғы 24 сағатта Францияда коронавирус инфекциясына шалдығудың 42 032 жаңа оқиғасы тіркелді.

Алматы,  NEGE.  Осылайша, пандемия басталғаннан бері ел бойынша COVID-19 жұқтырған адамдар саны бір миллионнан асты, деп хабарлайды France24.com.

Сарапшылар індет жұқтыру оқиғаларының шынайы саны Францияның денсаулық сақтау органдары тіркеген 1 041 075 адамнан әлдеқайда көп болуы мүмкін деп санайды. Бұған пандемияның ерте кезеңінде тестілердің болмауы, аурудың симптомсыз өтуі және өзге де проблемалар себеп.

France24.com сайтының жазуынша, Франция Батыс Еуропада COVID-19 жұқтыру оқиғаларының осыншама үлкен саны тіркелген Испаниядан кейінгі екінші ел болып отыр. Еуропаның басқа елдерінде сияқты, Францияда соңғы апталарда коронавирустың екінші толқынында тәулік ішінде вирус жұқтыру оқиғаларының саны күрт артқан.

Қазіргі кезде COVID-19 жұқтырған пациенттер қарқынды терапия бөлімдерінде бүкіл ел бойынша 42 пайыз орынды алып жатыр, ал Париж аймағында бұл көрсеткіш 64 пайызды құраған. Франция ұлттық денсаулық сақтау агенттігінің мәліметінше, соңғы аптада елде COVID-19 вирусын жұқтырған 11 мың пациент ауруханаға жатқызылды.

Соның ішінде 1 714 адам – қарқынды терапия бөлімдерінде. Жұма күні Париж қаласы маңындағы ауруханалардың біріне барғаннан кейін Франция президенті Эмманюэль Макрон «эпидемия жылдам өршіп келе жатқанын» мәлімдеді.

«Франция үкіметі өткен аптада елдің сегіз қаласында коменданттық сағат енгізді. Одан кейін коменданттық сағат тағы 38 аймақ пен франциялық Полинезияда да жарияланды. Елде кешкі сағат 9-дан таңғы сағат 6-ға дейін жалғасатын коменданттық сағат және денсаулық сақтау мақсатындағы өзге де шаралар «алты аптадан кем емес уақытқа» созылады», – деп қосып өтті Макрон.

France24.com Францияда коронавирус инфекциясымен байланысты 34 мыңнан астам өлім оқиғасы тіркелгенін және бұл Еуропадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі екенін еске салды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации