Франкфурт аукционынан теңгеге не қайыр бар?

19 наурыз, 13:40

Фото: Ғалым Смағұлұлы, Nege.kz

Ұлттық банк пен Қазақстан қор биржасы бірігіп, биржадағы теңгенің сатылу тәртібін өзгертпек. Ол спекулянттардың теңге бағамымен ойнауына тосқауыл қою үшін жасалып отыр. Бірақ мұнай құлдырай берсе, валюта биржасындағы ереженің ауысуы теңгеге көмегін тигізе ала ма?

Бүгін екі мекеме біріккен мәлімдеме жасады. "Өткен тәулік ішінде әлемдік қаржы нарықтарындағы тұрақсыздық айтарлықтай артты. Brent маркалы мұнай бағасы барреліне 25 долларға түсіп, бір тәулікте 14% -ға, ал жыл басынан бері 60% -ға төмендеді. Әлемдік қорлар мен валюта нарықтарындағы құлдырау жалғасуда. Ресей рублі күн ішінде 7,3% -ға, ал жыл басынан бері 30% -дан астамға әлсіреді" - деп жазылған, мәлімдемеде.

Мұндай жағдайда сыртқы факторлардың жағымсыз әсерін шектеу және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында, Ұлттық Банк Қазақстан қор биржасымен бірлесе отырып 19 және 20 наурызда теңге-доллар сауда-саттығын Франкфурт аукционы түрінде өткізуге шешім қабылдады.

Ұлттық Банк сөзінше, Франкфурт аукционы клиенттердің қолда бар өтініштерін қанағаттандыруға және валюта нарығындағы жағдайды тұрақсыздандыруға жол бермейді.  Бұдан әрі сауда режимі туралы ақпарат көпшілікке қол жетімді болады. 

"Былайша түсіндірсек, Франкфурт аукционында алдында қойылған баға мен ақырғы бағаның бір-бірінен айтарлықтай алыстап кетуіне мүмкіндік берілмейді" - деп түсіндіреді, AERC басқарушы директоры Олжас Тілеуов. Бұл USD/KZT бағамының қалыптасу динамикасындағы елеулі секірулер мен олқылықтарды болдырмайды. Экономикалық бастамаларды қолдау қорының сарапшылары, "мұнымен Ұлттық Банк биржада болып жатқан теңгенің тым үлкен ауытқуларын басқысы келеді" дейді. Ұлттық валютаның бір күнде 40-50 теңгеге секіруі оған деген инвесторлардың да, халықтың да сенімін тегіс жоймақ. 

Теңге бәрібір құлайтын болса, экономикалық тұрақтылық үшін оның баяу, күніне 2-3 теңге жоғалтып құлауы анағұрлым дұрыс. Құлдыраудың бір күндік деңгейі тым үлкен болса, бұл қажетсіз "паника" туғызады. Ондай кезде халықтың да, биржа ойыншыларының да сабырлы, экономикалық дұрыс шешімдер қабылдауы мүмкін болмай қалады. Адамдар үрейге бой алдырмақ.  

"Ұлттық Банк тарапынан тиісті сигнал керек болып тұрған және ол келді" - дейді, қаржыгер Владислав Туркин. 

Мен Ұлттық Банк әрекетін толығымен қолдаймын. Біреу нарықты басқарып, оны жаңа баға коридорына үйретуі тиіс. Теңгенің әлсіреуі сөзсіз, бірақ оны күйреуге айналдыруға болмайды. Теңге өзіне бекітілген жаңа дәлізде реттелуі керек. 

Әрине, Ұлттық Банк Франкфурт аукционына еріккеннен барып отырған жоқ. Бұл тіпті "суға кеткен тал қармайды" жағдайына көбірек келеді. Ең басты біздің үмітіміз - мұнай күннен күнге арзандап барады. Енді Ұлттық Банктің теңгеге қатысты тағы қанша тірегі қалғаны белгісіз. Бар жиған тергенімізді теңге бағамын ұстап тұруға жұмсай салуға да болмайды. Былай тарсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынбақ. Егер жағдай өзгермесе, бірнеше күннен кейін Ұлттық Банк не өгізді өлтіреді, не арбаны сындыру үшін қолына балтасын алатын болады. 

#биржа #теңге #доллар
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации