Божконың жұмыртқасы

24 ақпан, 20:14

Фото: nege.kz

Өткен жұмада Ауыл шаруашылығы министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда сала басшылары 2019 жылды қорытындылап, 2020 жылдың жоба-жоспарымен бөліскен. Қызық болғанда, осы жиында министрлік пен Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының есебі сәйкеспей қалды. Айырма – 900 млн дана жұмыртқа.

Мәселенің мәнісі мынада: жұмыртқа өндірісі – аграрлық саладағы ең адымы ұзарған бағыт. Жоғарыдағы шенділер аграрлық сала туралы әңгіме бола қалса, «біз өзімізді-өзіміз жұмыртқамен толық қамтып отырмыз» деп күмпиетіні де содан. Ал ресми дерек не дейді? Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, үкімет 2010 жылдан бері жұмыртқа өндірушілерге субсидия беріп келген. Осы аралықта өндіріс 83 пайызға өсіп, жылына 4,3 млрд дана жұмыртқа шығаратын деңгейге көтерілген. Осының арқасында қазір құс фермалары ішкі қажеттілікті 120 пайызға жабуға қауқарлы көрінеді. Сондықтан биылдан бастап, бір жұмыртқаға 3 теңгеден берілетін субсидия тоқтаған.

Алайда бұған Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божко наразылық білдіріпті. Inbusiness.kz сайтының хабарлауынша,  Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы былай деген:

«Біз былтыр 500 млн жұмыртқа экспорттадық. Ал кеше министрліктегілер 1,4 млрд жұмыртқа экспортталды деген ақпарат айтты. Бұл шындыққа жанаспайды. Ол сандар статистика комитетінен алынған. Аталмыш деректерде былық көп. Біз өзіміз барлық құс фабрикаларынан мәліметтер жинап шықтық. Соның негізінде бір жылда 500 млн жұмыртқа экспортталды деген ресми ақпарат шығаруға болады. Яғни, қазір айтылған көрсеткіштен 3 есе аз деген сөз».

Әнеки, әңгіме! Сонда кім өтірікші? Министрлік жалған ақпар беріп, асыра сілтеп отыр ма? Әлде өзге де себебі бар ма? Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаровтың «Статистикаға сенбеймін деп отырсыздар. Оны өздеріңіз бергенсіздер. Біз деректі жұмыртқа өндірушілерден алынған есеп бойынша жасадық. Ешкім бұл санды ойдан шығарған жоқ» дегеніне қарағанда, министрлік жаңылмаған тәрізді. Омаровтың сенімді сөйлегені соны білдіреді. Әлде жұмыртқа өндірушілер 3 теңгені уысқа түсіру үшін көптен бері есепті артығымен көрсетіп келген бе? Міне, бұл алдағы уақытта егжей-тегжейлі текерілетін-ақ мәселе. Өйткені Божко басқаратын қауымдастықтың жылына неше жұмыртқа шығаратынын санау соншалықты қиын емес шығар?

«Жұмыртқа өндірушілер шынымен де көп субсидия алады деп ойлайсыздар ма? Біз 100 млрд теңгенің өнімін шығарамыз. Ал оған төленетін субсидия көлемі 10 млрд теңге ғана. Бұл 10 пайыз деген сөз. Егер 3 теңгені көпсініп отырсаңыздар, 2 теңгеге төмендетіңіздер, сонда 3 млрд теңге үнемделеді» депті, Максим Божко тағы бірде.

Әрине, қауымдастық басшысы болған соң, өндірушілердің, яғни, фермердің жағдайын ойлағаны, құқын қорғауға ұмтылғаны дұрыс-ақ. Дегенмен Максим Божконың көпшілікті тіксінтіп тастаған тағы бір сөзі бар. Ол қарапайым жұрттың қорасындағы 5-10 тауықтың да жұмыртқа туатынына күмәнмен қарайтын тәрізді. Ресми дерек бойынша, өндірілген жұмыртқаның 64 пайызы ірі шаруашылықтарға тиесілі екен. Демек қалғаны – қарашаның үйіндегі тауық қорадан алынады. Министрліктің шамалауынша, 1,2 млрд дана жұмыртқа нарыққа халықтың қорасынан шығады.

Алайда Максим Божконың бұған күмәні басым. Ол «әлі күнге дейін тауықтың есебін шығара алмады» деп жергілікті әкімдіктерді айыптап отыр. Демек оның сөзін қоштайтындар жоғарыдан табылып жатса, елімізде жаппай «тауық санау» науқаны басталып кетуі мүмкін. Жұмыртқаның қымбаттағаны бірдеме болар, қазір не қымбаттамай жатыр дейсіз? Әйтеуір, 900 млн жұмыртқаның есебін шығару үшін әкім біткеннің бәрі ауыл-ауылда тауық қуып жүрмесін деңіз...

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации