Бизнес 8 пайызбен 600 млрд теңге алмақ

20 наурыз, 13:20

Фото: 24.kz

Түнде Президент Тоқаев твиттерге кезекті рет шықты. Бұл жолғы мәлімдемесінде ол "Коронавирустан зардап шеккен шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу агенттігімен бірлесіп шағын және орта кәсіп иелерінің айналым капиталы үшін 8% мөлшерлеме бойынша 1 жыл мерзімге 600 млрд тг сомаға жеңілдетілген несие беруді тапсырамын" - деді.

Осыған орай Ұлттық Банк Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен (ҚНРДА) бірлесіп шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерін жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасын әзірледі. "Аталған бағдарламаны іске асыру үшін екінші деңгейдегі банктерде негізделген салымдарды орналастыру арқылы 600 млрд теңге бөлінді. Бизнесті қолдау тетігі екінші деңгейдегі банктердің төтенше жағдайдың енгізілуі нәтижесінде зардап шеккен шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне, дара кәсіпкерлерге 12 айға дейінгі мерзіммен жылдық 8%-дан аспайтын мөлшерлеме бойынша айналым қаражатын толықтыруға жеңілдікпен кредиттер беруі арқылы іске асырылады. Екінші деңгейдегі банктердің қаражатты игеру мерзімі 3 ай" - делінген, хабарламада.

Жеңілдікпен кредиттеу бағдарламасының операторы болып Ұлттық Банк жанындағы «Қазақстанның орнықтылық қоры» АҚ айқындалды, сондай-ақ активтер сапасын тәуелсіз бағалаудан (Asset Quality Reviews) өткен және портфелінде шағын және орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне берілген қарыздары бар 13 қатысушы банк белгіленді.

Бағдарламаға қатысушы банктердің бөлінген қаражатты мемлекеттік және мемлекеттік емес бағалы қағаздарды сатып алуға, басқа банктердегі депозиттерге орналастыруға, шетел валютасын сатып алуға пайдалануына тыйым салынады. ҚНРДА мен Қазақстанның орнықтылық қоры бірлесіп, кәсіпкерлерге берілген жеңілдікті кредиттердің уақтылы және нысаналы пайдаланылуына ай сайынғы негізде мониторинг жүргізетін болады. Ұлттық Банк өз кезегінде бөлінген қаражаттың соңғы қарыз алушыға жеткізілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдайтын болады.

#тоқаев #бизнес #дағдарыс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации