Бір сөзбен айтқанда: Бізді не күтіп тұр?

10 наурыз, 15:30

Фото: nege.kz

Кредит пен тамақ қымбаттайды, теңгемен салынған депозит көбірек табыс алып келеді. Осыдан үш жыл бұрынғыдай Ресейден зат тасып кетуіміз мүмкін. Түркия мен Египетті түсімізде көреміз. Дәл қазір экономистердің түсініксіз терминдерін Nege.kz халыққа түсінікті етіп жеткізбек.

Экономисттер пікірі екіге бөлінді. Бірі - "Үкіметтің қазіргі қолға алған шаралары дұрыс" дейді, екіншісі "Әу бастан бұрыс жолға түсіп кеттік" дейді. Қысқаша сөз берсек.

 

Дұрыс деген экономист Олжас Тілеуов:

"Базалық мөлшерлеменің мұндай айтарлықтай артуы теңге құралдарының кірістілігін арттыруға оң әсер етеді деп ойлаймыз. Бұл теңгенің тұрақтылығы мен Қазақстандағы инфляцияны едәуір қолдауға мүмкіндік береді".

Бұрыс деген экономист Айдархан Құсайынов:

"Бір апта бойы еркін жүзуді жүзеге асырып, теңгені 420+ деңгейіне көтеру керек еді. Ал 16 наурыздан базалық мөлшерлемені азғантай ғана 0,25-0.5 пайызға өсіру қажет. Теңгенің айтарлықтай құлдырауына жол бермей отырып, жаздың соңында инфляцияны ырықтау мақсатында базалық ставканы 12-14% -ға дейін жоғарылатып, онымен қоса бюджеттік шығындарды кесіп, банкроттық процесске жол ашу керек. Сол кезде біз дамуға қауқары бар жаңа экономикаға ауысар едік".

Халықтың өмірі қалай өзгереді?

Коронавирустың таралуы, мұнай бағасының түсуі, теңгенің өз құнын жоғалта бастауы Ұлттық Банктің базалық ставканы көтеріп, ұлттық валютаға көмектесуге ниетті екенін байқатты. Ал Ресей Орталық банкі рубльге қаржылай көмек бермейтінін мәлімдеді. Демек, халықтың өміріне келесі факторлар әсер ететін болады:

1. Кредиттің проценті қымбаттайды.

2. Депозиттің де пайызы көтеріледі.

3. Ресейден басқа сырт жерден келетін тауарлардың бағасы қымбаттайды. Тауар бағасымен қоса кредиттің пайызы артқандықтан, бұл халыққа ауыр тиеді. Әсіресе, үйге жөндеу жұмысы үшін материалдар, көлікке қосалқы бөлшектер, электронды гаджеттер, үйге арналған техникалар қымбаттайды.

4. Азық-түлік еш фундаменталды факторсыз, алып-қашпа әңгімелердің күшімен тағы бірнеше пайызға бағасын шарықтатады.

5. Рубль құлап, теңге мемлекет көмегімен орнына қалатындықтан, рубльге шаққандағы теңге бағамы 3,2-3,6ны құрауы мүмкін. Ол кезде қайтадан Ресейден көлік тасу үрдісі көрініс табады. Біздің автосалондардың сату қарқыны құлайды.

6. Шетелде демалу, теңіз жағасына отбасымен бару қиынға соғады. Қазақстан аумағынан шықпай, ішкі курорттарда демалатындар саны артады.

Қанша уақыт қиналамыз?

Экономист Жарас Ахметовтің пікірінше, мұнайдың мұндай төмен бағасына ешбір өндіруші ел шыдай алмайды. Сондықтан мұнай бағасының төмендеп жатып алуы 1-2 тоқсаннан аспауы тиіс. Демек бізге 60 күн шыдау керек. Ең дұрысы, шикізатқа деген тәуелділіктен арылу керек. Бірақ "мұнай қарғысынан" 30 жыл бойы құтыла алмағандықтан, дәл қазір оны іске асыру мүмкін емес. Біз кешігіп қалдық.

Тағы бір айта кететін жайт бар. 2014-2015 жылдары Ұлттық Банк теңгенің құнын ұстап тұру үшін 28 миллиард доллар жағып жіберген еді. Сондықтан қазір біз үйреніп қалған доллар бағамы Ұлттық қорға ауыр жүк болмай ма деген сұрақ туындайды.

#экономика #мұнай #девальвация
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации