Бекболат Тілеухан білмей ме, әлде білмегенси ме?

24 ақпан, 11:39

Фото: sputniknews.kz

Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханға көпбалалы отбасына берілетін жәрдемақыға байланысты әріптесіміздің қойған сұрағы ұнамаған секілді. Депутат баланы әке-шешесі асырау керегін айтып кеңес беріпті. Одан әрі журналист пен Мәжіліс депутатының арасында мынадай әңгіме өрбиді.

Тілеухан:  Салыстырмалы түрде алайықшы. Басқа мемлекеттер осындай беріп жатыр ма, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Молдавияда осындай бар ма?.. Сіз енді осы теманы қаузап жүрсіздер ғой, айтыңызшы! Ресей сияқты үлкен мемлекеттермен емес, өзімізбен тұрғылас елдермен салыстырыңызшы?

Тілші: Қырғызстанмен, Өзбекстанмен салыстырғанда экономикамыз әлдеқайда дамыған ғой?

Тілеухан: Өзбекстанның экономикасы дамымаған деп айта алмаймыз, халқы өте еңбекқор.

Өзіне сұрақ қойған тілшіге сұрақпен жауап қайтарған депутатқа журналистік ынтымақтастық ниетімен әріптесіміз үшін біз жауап беріп көрейік деп шештік. Ақыры Бекболат Тілеухан журналистер өз сұрақтарына жауапты өздері тапсын деп санаған екен, депутат мырзаға кейін көсемсіп, шешенсіп сөйлегеніне керек болар деген ниетпен біраз ізденіп көрдік. Алдымен депутат мырзаның бір-екі маңызды жайтты ескеруін сұраймыз.

Біріншіден, әр баланы ата-анасы асырауы керек десек те, Қазақстан өзін әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтыратындықтан (бұл туралы Конституцияның ең бірінші бабында жазылған), әрі елдегі демографиялық жағдайды ескере отырып, үкімет көпбалалы отбасын қолдауға міндетті деп санаймыз.

Екіншіден, Молдавия деген ел жоқ, бұл елдің ресми атауы – Молдова Республикасы. Әгәрәки, Молдова парламентінің бір депутаты Қазақстанның атауын өстіп байқамай бұрмаласа, Бекболат Тілеуханның талағы тарс айырылып, Кишиневке қарай кіжініп-кіжініп аларына шығар күндей сенемін.

Үшіншіден, халықтың еңбекқорлығы мен экономикалық даму көрсеткішін егіз ұғымдай көретін депутат экономика негіздерінен сабақ алса артық болмас еді. Білдей депутаттың бірінші сыныптың баласының деңгейінде тұжырым жасағаны ұят.

Лирикалық немесе саяси экономикалық шегінісіміз осымен тәмам. Енді Бекболат Тілеуханға берер жауабымызға ойысайық. «Бес саусақ бірдей еместігін» депутат мырзаның өзі де жақсы біледі. Сондықтан біз көпбалалы отбасына, жалпы әр балаға берілетін жәрдемақы деңгейін салыстыру үшін, алдымен әлем елдерінің ЖІӨ-нің сатып алу қабілетінің теңдігі бойынша рейтингіне көз салдық. Сатып алу қабілетінің тепе-теңдігі көрсеткіші мемлекеттердің экономикасының ауқымын, нарығының көлемін және ақшасының сатып алу қабілетін дәлірек көрсетеді деп есептеледі.

Біздің қолымызға осындай рейтингтің 2018 жылдың қорытындысы бойынша нәтижесі түсті. Бекболат Тілеухан Қазақстанмен «тұрғылас» санайтын Молдова мен Қырғызстан бұл рейтингте 140, 145-орында тұр. Ал Қазақстан әлем бойынша 56, ал посткеңестік елдер арасында Ресейден кейінгі екінші орынға жайғасқан. Жоғарыдағы қос елмен салыстырудың қайсысының пайдасына шешілетіні айтпаса да түсінікті. Сондықтан Қазақстанмен деңгейлес деген бірнеше бұрынғы кеңес елдерін қарастырып көрдік.

Қазақстан, рейтингтегі орны 56 (172,941 млрд долл)

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап көпбалалы отбасына жәрдемақы олардың қанша табыс табатынына қарамастан төленеді. Қазақстанда кәмелетке толмаған төрт немесе одан да көп баласы немесе 23 жасқа дейінгі студент баласы бар отбасы көпбалалы болып саналады. 4 баласы бар шаңыраққа ай сайын  42 496 теңге (112 АҚШ доллары), бес балаға – 53 126 (141 АҚШ доллары), 6 балаға – 63 757 теңге (169 АҚШ доллары), 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге (197 АҚШ доллары) төленеді.

Украина, рейтингтегі орны 59 (130, 857 млрд долл)

Бізден үш саты ғана төмен жайғасқан Украинада 2020 жылдан бастап алғашқы балаға 52 ең төменгі күнкөріс деңгейі көлемінде немесе 3 779 доллар жәрдемақы төленеді. Екінші балаға мемлекет - 5 087 доллар, үшінші және одан кейінгі бала үшін – 8 721 доллар төлейді. Одан бөлек, 3 жасқа толғанға дейін әр баланы күтіп-бағуға кеткен шығынды өтеп береді. Жалғызбасты аналар ай сайын 6 жасқа дейінгі бір бала үшін 48 доллар, 6-дан 18 жасқа дейінгісіне 97 доллар, 18-ден 23 жас аралығындағы студент баласына  92 доллардан алып отырады.

Беларусь, рейтингтегі орны – 80 (62,572 млрд доллар)

Беларусьте көпбалалы отбасын қолдауды мықтап қолға алған. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бұл елде 10 мың АҚШ доллары көлемінде отбасылық капитал бекітілген. Бұл ақша биылғы жылдың 1 қаңтарынан 2024 жылдың 31 желтоқсаны аралығында үшінші немесе одан кейінгі баласын туған, асырап алған отбасына беріледі. Және отбасылық капитал көлемі 2021 жылдан бастап қымбатшылық, ақшаның құнсыздануы секілді жағдаяттарды ескеріп индекстеліп отырады.

Оның сыртында бұл елде әр балаға 1 087 доллар көлемінде бір реттік жәрдемақы беріледі. Екінші және одан кейінгі балаға белорус үкіметі 1 522 доллар төлейді. Егер егіз немесе үшем туса, ата-анасының есепшотына әр бала үшін қосымша 217 доллардан аударады.

Ол аз десеңіз, баспана салуға, жөндеуге пайызы төмен несие беріледі. Салықтан, коммуналдық төлем төлеуден жеңілдіктер бар.

Өзбекстан,  рейтингтегі орны – 87 (60, 490 млрд доллар)

Өзбекстанда 14 жасқа дейінгі баласы бар отбасына жәрдемақы төленеді екен. Бір балалы отбасына 13 доллар, екі баласы бар шаңыраққа 22 доллар, үш және одан да көп баласы бар түтінге 32 доллар төлейді. Екі жасқа дейінгі әр баланың күтіміне деп 45 доллар бөлінеді. Жағдайы нашар отбасындағы балаларға 34 доллардан 68 долларға дейін қосымша жәрдемақы қарастырылған.

Өзбекстанда бес және одан да көп бала тәрибелейтін отбасылар ғана көпбалалы саналады. Ауылда тұратын көпбалалы шаңыраққа жергілікті билік бір ірі қараны тегін береді.

Әзірбайжан,  рейтингтегі орны – 89 (46,940 млрд доллар)

Әзірбайжанда әрбір туған балаға мемлекет бір мәрте 117 доллар төлейді. Бес немесе одан да көп баласы бар отбасына әр баласы үшін ай сайын 32 доллардан жәрдемақы бөлінеді. Көпбалалы отбасы дәрі-дәрмекке ақша төлемейді, ал балалары шипажай, демалыс орындарында тегін демалады. Олар сонымен бірге мемлекеттік емес жоғарғы оқу орындарында да тегін оқи алады.

Бекболат Тілеухан салыстырмауды сұраған Ресейдегі жағдайды айналып өте алмадық. Өйткені көрші елде биыл көпбалалы отбасылар бұрын-соңды көрмеген қолдауға ие болуда. Айтпақшы Ресейде үш баласы бар отбасы көпбалалы шаңырақ болып саналады. Нақтырақ айтсақ, 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап үш бірдей материалдық капитал енгізілді. Яғни, бір баласы бар отбасына мемлекет бір рет 7 232 доллар, екі баласы барға 9 560 доллар ақша төлейді. Ал үшіншісін туған ата-ананың ипотекалық несиесінің 6 984 доллар сомасын жауып бермек.  Көпбалалы шаңыраққа жалға немесе жекеменшікке жер телімі беріледі. Оның сыртында коммуналдық төлемдер, салық және қоғамдық көлікте жүру жағынан түрлі жеңілдіктер қарастырылған.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации