Базалық ставка. Таяқтың екі ұшы

27 наурыз, 16:00

Фото: prodengi.kz

Базалық ставканың 12 пайызды құрауы қазіргі жағдайда қаншалықты дұрыс? Елдегі сарапшылар осы сұрақ төңірегінде бір мәмілеге келе алмай қойды. Биржа мамандары ставканың қазіргі мөлшері көңілге қонады десе, басқа сарапшылар тым жоғары деп отыр.

Базалық ставканы Ұлттық Банк мұнай бағасы құлдыраған күндері, 10 наурызда 9 пайыздан бірден 12 пайызға дейін көтеріп жіберген болатын. Базалық ставканың артынша кредиттер қымбаттады, есесіне депозиттер бойынша проценттер өсті. "Базалық мөлшерлеме теңгенің биржалық құнын белгілейтін құрал, сол арқылы Ұлттық Банк нарықтағы артық ақшаны сыпырып алып, инфляцияны ауыздықтағысы келеді" - дейді, мамандар. Қаржылық сарапшы Андрей Чеботарев Ұлттық Банктің бұл шешімін құптап отыр. Оның айтуынша, базалық мөлшерлеме жоғары деңгейде қалуы керек, өйткені бізде инфляция өте жоғары.

"Осымен қатар, экономиканы қолдау үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдетілген несие бере бастау керек. Дәл қазіргі жағдайда экономиканы демеудің ең дұрыс жолы осы. Базалық ставка жоғары болып тұрған кезде, мемлекеттік бағдарламалар ұзақ мерзімді ликвид, яғни арзан теңгені ұзақ уақытқа беріп отыру тиіс".

Экономист Айдархан Құсайыновтың айтуынша, базалық ставканы жоғарылатып қойып, инфляцияны ұстап қаламын деу - ақымақтың ісі. 

"Базалық ставка - 8% болуы керек. Қазір инфляция мен айырбас бағамы ештеңені білдірмейді және ештеңеге әсер етпейді. Инфляция бәлендей көтерілмейді, азар болса коридордың жоғарғы шегінде орналасады. Ол өткен жылдың төменгі базасына байланысты. Айырбас бағамының да қазір экономикаға еш ықпалы жоқ".

Теңгедегі депозиттер пайызының жоғары болуы азаматтардың доллар сатып алуына тосқауыл бола алмайды. Сондықтан долларсыздандыру барысын сақтап қалу үшін базалық ставканы жоғары ұстап отыру керек деген ұғым дұрыс емес дейді, Айдархан Құсайынов.  

Қаржы сарапшысы Владислав Туркин дәл қазіргі уақытта көлемдік жеңілдету әдісі біздің экономикаға жарамайды деген пікірде. Көлемді жеңілдету дегеніміз - базалық ставканы түсіру, реттеуші тарапынан қаржы нарығына барлық жағынан жеңілдіктер жасау. Мысалы, АҚШ доллардың базалық ставкасын 0-0,25 пайыз деңгейіне түсіріп тастаған. Өз экономикасын оталдыру үшін АҚШтың Федералды резерв жүйесі осындай көлемді жеңілдету қадамына барды, және сонымен қоймай, триллиондап доллар баса бастады. Қазір АҚШқа нарықтың ақшаға деген дефицитін жою маңызды. Ал біздегі әңгіме, экономиканың көлемді жеңілдетуге қаншалықты дайын екенінде болып тұр.

Енді Ұлттық Банк базалық ставка мөлшері бойынша кезекті отырысын 27 сәуірде өткізеді. Оған дейін мұнай бағасы тұрақталып, экономиканың коронавирустан емделетіндей беті бері қарап қалса, ставканың түсуі де ғажап емес. Бірақ сарапшылардың айтуынша, тұрақсыздық жағдайы сақтала берсе, ставка түседі деп үміттену қиын. Себебі, базалық ставка Ұлттық Банктің ақша-монетарлы саясатын жүргізудегі және ажиотажды жойып, жағдайды тыныштандыруға арналған алмас қылышы. Реттеуші қазіргі қиын жағдайда қылышын керегеге ілмесі анық.   

#теңге #кредит #доллар
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации