Банктер кредиттік шегерім беруді 10 күннен кешіктірмеуі тиіс

27 наурыз, 21:20

Фото: wfin.kz

Бүгін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) төтенше жағдайдан зардап шеккен азаматтарға кредиттік шегерімдер беру тәртібін бекітті. Қысқаша айтсақ, жағдайы қиындағандар 90 күнге дейін негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата алады.

"Негізгі борыш пен сыйақы сомаларын төлеуді тоқтата тұру кредиттік ұйымдар 2020 жылғы 16 наурызға дейін берген барлық банктік қарыздарға және микрокредиттерге қолданылады және 2020 жылғы 16 наурыз –15 маусым аралығындағы 90 күн кезеңіне беріледі" - делінген хабарламада.

Халықтың әлеуметтік осал топтарына банкке еш арыз жазбай-ақ кредиттік шегерім автоматты түрде беріледі. Nege.kz ол топқа мыналар жататынын ескертеді:

- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;

- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар;

- 1 және 2 топтағы мүгедектер;-мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылары;

- Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін аурулар тізімінде аталған кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар;

- Жасына қарай зейнет демалысына шыққан зейнеткерлер;

- Кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған жиырма тоғыз жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;

- Оралмандар;

-Экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар;

- «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көпбалалы аналар, көпбалалы отбасылар;

- Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру кезінде, адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау кезiнде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары;

- Толық емес отбасылар.

Сонымен бірге атаулы әлеуметтік көмек алушылар, жергілікті органда тіркелген жұмыссыздарға да шегерім автоматты түрде беріледі.

Осы топқа кірмейтін, төтенше жағдай кезінде қаржылық ахуалы нашарлап кеткен басқа да азаматтар шегерім ала алады. Ол үшін олар еркін түрде арыз жазып, жағдайдың нашарлау себебін түсіндіріп, банкке арызды электрондық пошта, «банк-клиент» жүйесі, ұйымның интернет-ресурсы, мобильдік қосымша және басқа да байланыс құралдары арқылы қашықтықтан жіберуі тиіс. Анықтама сынды басқа құжаттар қажет емес. 

Кредиттік ұйым қарыз алушының өтінішін 10 жұмыс күні ішінде қарайды. Өтініш кредиттік ұйымға кез келген сәтте 2020 жылғы 16 наурыз –15 маусым аралығындағы кезеңде беріле алады. Бұл ретте кредиттік ұйымда егер азаматтың жағдайы нашарламағаны туралы ақпараты болса, шегерім беруден бас тартуы мүмкін. Банктер мен басқа кредиттік ұйымдар шегерім бергені үшін ешқандай комиссия алмауы тиіс.

#кредит #шегерім #ипотека
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации