Балық шаруашылығын дамыту мәселесі жөнінде кеңес өтті

27 ақпан, 18:55

Фото: primeminister.kz

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Атырау облысына жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасында балық шаруашылығы саласын дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Алматы. NEGE. ҚР балық шаруашылығын дамытудың жай-күйі мен перспективалары туралы экология, геология және табиғи ресурстар министрі М. Мырзағалиев пен «Балық шаруашылығы қауымдастығы – BD» ЗТБ атқарушы директоры Н. Жұмағалиұлы, өңірлердегі балық шаруашылығының проблемалық мәселелері туралы Атырау, Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан облыстарының балық бизнесінің өкілдері, ҚР-да балық шаруашылығын дамыту туралы ресейлік профессор А. Литвиненко мен ҚР Парламенті Сенатының депутаты С. Еңсегенов баяндады.

Қазақстанның балық және балық өнімдері нарығының жалпы көлемі шамамен 66 мың тоннаны құрайды, оның 45 мың тоннасы балық аулау кәсібіне, 7,4 мың тоннасы балық шаруашылығына тиесілі. Сонымен қатар 30 мың тоннасы экспортқа шығарылса, 43,5 мың тонна өнім импортталады.

Үкімет басшысы елімізде балық шаруашылығын дамыту үшін жүйелі шаралары қабылдау қажеттігін атап өтіп, биыл 1 сәуірге қарай ҚР Балық шаруашылығын дамыту тұжырымдамасының жобасын дайындауды тапсырды.

«Өзендердің суы қорғалатын аймақтарында жұмыс істеуге балық шаруашылықтарына тыйым салуды алып тастау, сондай-ақ балық шаруашылығы субъектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін жасайтын төлемдерін қысқартып, тек нақты су шығындары үшін төлемдерді қалдыру мәселесін қарастыру қажет. Төлем мөлшерлемесін азайтуды қоса алғанда, балық ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жасау тетігін жетілдіру керек», — деді А. Мамин. 

Премьер-Министр балық өнімдерін бақылау ақпараттық жүйесін әзірлеуді және енгізуді тапсырды. 

«Бір ай ішінде Каспий теңізінде және Жайық өзенінде балық аулау мерзімдерін ұзарту, сондай-ақ түнгі уақытта балық аулауға рұқсат ету бойынша ұсыныстарды әзірлеу қажет. Балық шаруашылығы субъектілерін мемлекеттік қолдау шараларын арттыру және балық шаруашылығын экономиканың басымдықты салаларының қатарына жатқызу керек», — деді А. Мамин.

Үкімет басшысы балық шаруашылығы мелиорациясын тұрақты жүргізу мақсатында су түбін тереңдету техникасын сатып алу мәселесін қарастыруды, сондай-ақ балық өсіру зауыттары мен балық шаруашылығының аумақтық инспекцияларын материалдық-техникалық жарақтандыруды қаржыландыру туралы ұсыныстар әзірлеуді тапсырды. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации