Әлемдегі әуе компанияларының тең жартысы келмеске кетпек

26 наурыз, 12:08

Фото: firestok.ru

Коронавирустан ең бірінші болып зиян шеккен сала - әуе байланысы. Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) авиакомпаниялар қаржылық көмекке зәру екенін мәлімдеп, дабыл қағуда. Оларды құтқару үшін қазір кем дегенде 200 миллиард доллар қажет.

Және әр күн санап саланы қолдауға қажет сома көлемі ұлғайып келеді. Карантиннің әр тәулігі миллиардтаған доллар шығын әкелуде. IATA бағалауы бойынша кірістің төмендеуі шамамен 250 миллиард долларды, ал сұраныстың төмендеуі 38% құрайды деп жазады, RiskTakers. Мұндай ғаламдық дағдарысқа әуе тасымалы саласы өз тарихында тұңғыш рет ұшырап отыр. Карантиннен кейін жаһандық рецессия басталатыны күмән туғызбайды. Онда көптеген әуе компанияларының болашағы тұманды болып қалмақ.

Авиакомпаниялардың банкроттық процесстері жақын арада басталуы мүмкін. Алдағы апталарда компаниялардың 50 пайызы дефолтқа ұшырауы ықтимал. Бұл есеп жыл басында әуе компанияларының 2 айға шыдайтын резерві болды деген болжамға негізделген. Егер карантин бір айдан астам уақытқа созылса, әуе компанияларын сақтап қалу қиын болады.

Әуе компаниялары жалданған ұшақтарға, техника лизингіне және жалақы бойынша үлкен төлемдердың алдында тұр. Дәл осы кезеңде қиындықтар басталады дейді, сала сарапшылары. Қазір қазақстандық әуе компаниялары коронавирусқа қатысты қиындыққа ұшырап жатқанын мәлімдей қоймады. Nege.kz тілшісіне жағдайды түсіндірген сенімді ақпарат көзінің айтуынша, отандық әуе компаниялар үлкен шығынның астында қалған және карантиннің тез біткенін күтіп отыр. Ішкі бағыттардағы табыстың 70-80 пайызын Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы бойынша әуе тасымалдары әкеліп жүрген. Қазір ол рейстер тоқтатылды. Сондықтан, іс насырға шапса, мемлекеттен көмек сұрау бойынша да жоспар дайындалған.  

#әуе #airastana #коронавирус
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации