Анализің дұрыс емес. "Тау-Кен Самұрық" НЕГЕ экономисті сотқа берді?

29 маусым, 12:00

Фото: Nege.kz

Экономист Мұрат Темірханов "Тау-Кен Самұрық" ұлттық компаниясының жұмысын саралап, оған қарайтын жекеменшік "Казцинк" жауапкершілігі шектеулі серіктестігінен басқа барлық бағыттары тиімсіз деп мақала жазды. Бірақ ұлттық компания өзін тиімсіз деп санамайды. Ақырында іс сотқа жетті.

Ел тарихында тұңғыш рет экономикалық сараптаманың арты сот процесіне ұласатын болды. Ұлттық компания аталған мақаладағы бірнеше тұжырымдармен келіспейді. Және соның арқасында автор фактілерді бұрмалап, компанияны тиімсіз деп көрсетіп отыр деп санайды.

Атап айтқанда, мақаладағы мәтіннің мына тұстары дау туғызған: «Тау-Кен Самұрық» мемлекеттік холдингі өте тиімсіз және бұл жағдай сәтті жеке бизнес (Казцинк) есебінен жасырынып отыр. Бұл «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорындағы жағдаймен ұқсас. Қазақстан экономикасын нақты жекешелендіру қашан басталады?».

Ұлттық компания бұл ақпаратты жалған деп отыр. Компания арызда «Бұл ақпарат жалған және Тау-Кен Самұрықтың іскерлік беделіне нұқсан келтіретін санатқа жатады. «Казцинк» ЖШС-нің 30% акцияларына иелік ету кезінде дивидендтер мөлшері 1,8 млрд теңгеден 73 млрд теңгеге дейін өсті, яғни пайда 40 есе өскен. 2013 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін акцияларды басқару кезеңінде 251,3 млрд теңге мөлшерінде дивидендтер алынды», - деп жазады.

Яғни ұлттық компания өз қызметін тиімсіз деп санамайды және осындай қортындыға келген экономистті жалған ақпарат таратты деп айыптауда. Экономист Жарас Ахметов бұны "Барбара Стрейзанд эффектісі" деп атап отыр.

"Мұрат Темірхановтың талдауында "Тау-Кен Самұрықтың" шынайы деректері пайдаланылды. Сондықтан компанияның Мұратқа жалған ақпарат таратқаны үшін тағып отырған айыбы күлкілі. Егер компания Мұраттың тұжырымдарымен келіспесе, онда оның талдауындағы қателіктерді анықтап, көрсетуі керек. Соттың оған ешқандай қатысы жоқ. Мұны ашық қоғамдық талқылауда жасау керек еді".

Экономист Айдархан Құсайынов та бұл оқиғаға үн қосып, талдамалық мақала үшін қылмыстық іс қозғаудың қисынсыздығын айтты. "Егер компания аналитиктермен байланысын дәл осылай жүргізетін болса, онда оның беделі төмендейді, компанияны сараптамалық шолулардан сызып тастайды, инвесторлар мен акционерлер компанияның бағалы қағаздарын алудан бас тартатын болады" - деп жазады, экономист.

Біздің ойымызша, компанияның мәселені ашық талқыға салып шешкені оңды еді. "Темірхановтың сараптамасында мынадай қателер бар, ал шын мәнінде факт бойынша мынадай" деп көпшілікке жариялау, пікірталасқа дайын болу тау-кен саласындағы мемлекеттік холдингтің ашықтығын байқатар еді. Енді кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін сот шешетін болады. Компания сот процессінің жабық өтуіне күш салмақ.

#самұрық #темірханов
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации