3+: Үкіметтің антикризистік шаралары НЕГЕ жоғары баға алмады?

12 наурыз, 12:00

Фото: Nege.kz, Ғалым Смагұл

Мұнай бағасының кенеттен құлдырауына қатысты Үкіметтің жедел шаралары экономистер тарапынан қолдау таба қоймады. "Базалық ставканы бірден 3 пайызға жоғарлату - тым қатал монетарлық әрекет" делінсе, теңгені қолдауға бағытталған валюталық интервенциялар "мемлекет қаржысын желге ұшырумен" теңестіріліп отыр.

Nege.kz біраз сарапшының пікірін бір жерге жинақтап, ортақ картинаны елестетуге мүмкіндік жасады. Сонымен, үкімет шараларын біртіндеп талдап, оған қатысты мамандар бағасын тіркейік.

1. Базалық ставканың 12 пайызға бірден өсуі

Мұның авторы Ұлттық банк. Бұған дейін базалық ставка 9,25% болып келген.

Мемлекетке пайдасы 

Теңгенің нарықтағы өзіндік құны қымбаттайды. Мысалы, теңгелік ноталар, облигациялар мен депозиттердің проценттері жоғары болады. Азаматтар үшін депозитті теңгеде ұстау одан сайын тиімді болғандықтан, долларға жүгірмей, теңгені сақтап қалады деген үмітпен жасалып отыр. Сонда дедолларизация бойынша жасалып келген барлық шаруа күйіп кетпейді. Былайша айтқанда, теңгені "қағып-сілкиді". Ол дегеніміз, нарықта басы артық теңге жүрмейді, басы артық теңгелер пайда түсіру үшін депозит, облигацияларға салынып қойылады. Адамдарда артық теңге болмағаннан кейін сауда-cаттық азаяды да, баға өспейді. Ал баға өспесе, инфляция Ұлттық банк бұған дейін уәде берген коридорда, 5-7% аясында қалады.

Халыққа пайдасы

Ақшасы бар, ол теңге түрінде депозитте жатқан адамдарға пайдалы. Ақшасы жоқ, баспанасы да жоқ азаматтарға түк пайдасы жоқ, керісінше, зиян. Себері ипотека 3 пайызға қымбаттайды да, оларға үй алу одан сайын қиындай түспек.

Сарапшы бағасы

Қаржыгер Мұрат Темірханов: Егер сіз Ресей Орталық банкінің ұқсас жағдайдағы шараларын қарастыратын болсаңыз, оның инфляциялық таргеттеудегі әрекеттері басқаша. Ол өзінің негізгі ставкасын өзгеріссіз қалдырды және нарықта ешкім Орталық банк ставкасының шұғыл өсуін күтпейді. Егер рубль бағамы бұдан әрі құлдырамаса, онда тек осы бағамның төмендеу циклі тоқтайды деген болжам бар.

Теңгемен салыстырғанда Ресей рублі бірнеше есе құнсызданды. Рубль осы кезең ішінде шамамен 16% құнсызданды, теңгенің құлауы 3 пайыз ғана. Бұл жағдайда логикалық сұрақ туындайды: НЕГЕ бірдей инфляциялық таргеттеу ақша-несие саясатын қолдана отырып, Ресейдің Орталық банкі мен біздің Ұлттық Банк бір-біріне керағар шара істеп отыр? Өкінішке орай, Ресейдікі анағұрлым дұрыс. Біріншіден, базалық ставканың қазіргі секірісі инфляциялық таргеттеу идеясына ешқандай плюс емес және экономикаға екі есе соққы әкеледі. Біздің реттеушіміз қаржы секторындағы нарықтық тетіктерді дамытудың орнына, нарықты қолмен, командалық және әкімшілік басқарумен күрделендіре түсуде.

2. Қор биржасындағы интервенциялар

Авторы - Ұлттық банк. Бұған дейін интервенциялар орын алса да, ол туралы ақпарат жасырылып келді.

Мемлекетке пайдасы 

Пайдасы жоқ. Резервтегі қаржыны отқа жағумен тең. Елбасы Н.Назарбаевтың бағалауынша, 2014-2015 жылдары мемлекет теңге бағасын ұстап тұру үшін 28 миллиард доллар құртқан. Ол қаржыға миллион отбасыға, демек 3 миллион қазақстандыққа үй салып беруге болар еді. Соның өзінде, доллар бағамы бүгін психологиялық меже - 400 теңгеден асып кетті.

Халыққа пайдасы

Теңгенің бағамын сақтап тұрғаны азаматтардың айлығын, табысын өз құнында ұстап тұрады. Теңге бағамы түсіп кетсе, адамдар кедейлене бастайды. Демек, интервенциялардың халыққа пайдасы бар. Қазақстаннан сыртқа экспорттайтын адамдарға тиімсіз, ал сырттан тауар таситын импортерлер үшін тиімді.

Сарапшы бағасы

Қаржыгер Владислав Туркин: Бір жағынан, Ұлттық банк өзінің негізгі міндеті ретінде дұрыс және жедел әрекет етті.

Әлсіреген валютаның теріс әсеріне қарсы тұра алмайтынын түсініп, ол сұраныс пен ақша факторларының қосымша қысымын жою туралы шешім қабылдады. Екінші жағынан, экономикалық өсу, іскерлік белсенділік және корпоративтік нарықты несиелеу құрбан болды. Осы жағымсыз тенденцияларды тегістеу үшін, ең алдымен, бюджет импульсі мен мемлекеттің қатысуы кеңейетін болады.

Экономист Айдархан Құсайынов: Егер Ұлттық банк 400-ді қорғаса, онда ол мұны қысқа мерзімді интервенциялармен-ақ істей алады. Бірақ онда неге экономиканы 12% ставкамен сығымдау керек? 395 теңге болғанда, бұл жыл сайынғы 370-390 дәлізінің жоғарғы шегі болар еді. Инфляция пайда болатын жер жоқ қой?

#үкімет #мұнай #дағдарыс
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации