Табиғатты тыңда

08 ақпан, 17:45

Фото: Turanga Group

«Іле-Алатау» ұлттық паркінде экотуризмді дамытып жатқан Turanga Group компаниясы «Табиғатты тыңда» роликтер сериясын назарға ұсынды. Серия адамды табиғаттың ажырамас бөлшегі ретінде танитын ортақ концепцияға негізделген.

«Әр адам табиғаттың баласы», - дейді, ролик кейіпкері, ұлттық парк орманшысы. «Күнде судың сылдырын, таудың үнін естимін, қуат аламын. Денем ширап, тынығып қалады. Табиғатқа деген жанашырлық бойына сіңген адам ғана орманшы бола алады».

Адам баласы табиғаттан бөлек өмір сүре алмайды. Шынымен де, бізді жан-жағымыздан қоршап тұрған табиғат емей немене? Одан қашып қайда барамыз?

«Әр қолымның қимылы. Әр қозғалыс. Табиғаттан нәр алады». Концептуалды серияның кезекті туындысы табиғат пен адам арасындағы гармонияны әспеттейді. Үйлесім мен жан дүниенің тілсіз тілдесуі би қозғалысымен әдемі берілген. «Сені қоршаған орта. Саған сыбырлайтын тылсым тіл. Сен оның үнін естисің бе?».

Табиғаттың тілі бар. Тек тыңдай біл. Су, тау мен тас та сөйлейді. «Табиғаттың әрдайым бізге сыбырлайтынын бейненің сиқырлы тілімен жеткізгім келді», - дейді, концептуалды роликтердің режиссері Жанна Нүспекова. Негізгі мақсат - адамдардың табиғатқа деген жанашырлығын ояту, оның тірі ағза екенін, жанын ауыртуға болмайтынын ұғындыру.

Қазір "Іле-Алатау" ұлттық паркінде экотуризммен қатар, жаппай туризмнің сервисі дамып келеді. "Аюсай" шатқалында жаңадан ашылған визит орталықта тұрмыстық нысандар ашылып, келушілер қазіргі заманға сай қызметтерге қол жеткізе бастады. Демалушылардың табиғат аясында өзін ұстау мәдениетін қалыптастыру ісінде визит орталықтар, ондағы ақпараттар, гидтер мен карталар үлкен рөл ойнайды. "Аюсай" шатқалындағы визит орталық осындай нысандардың алғашқысы. Қазір орталықта табиғатпен гармонияда болу тақырыбында түрлі қызықты дәрістер өтуде.

Режиссер Жанна Нүспекова түсірген роликтерге ұлттық парктің ғажайып көріністерімен қатар су жаңа визит орталықтың сыртқы мен ішкі көріністері де енген. Экоғимараттың табиғат аясында үйлесім тауып тұрғанын байқауға болады.

Ең бастысы – табиғатты аялайық!

#turanga #аюсай #визит-орталық
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации