Олимпиада комитеті коронавирусқа қатысты мәлімдеме жасады

28 ақпан, 18:37

Фото: pbcastana.kz

Ұлттық Олимпиадалық комитет отандық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық шараларды қолданады, деп хабарлайды olympic.kz. 

Алматы. NEGE. Коронавирусқа байланысты елдің олимпиадалық басқармасында келеңсіз жағдайдан сақтану мақсатында арнайы штаб құрылды. Ұлттық құрамалардың жарыс және жаттығу кестесі қарастырылады.

Бүгін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғау мақсатында кешенді шаралар қабылдауды тапсырды. Осыған байланысты Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Тимур Құлыбаев ұлттық құрамалардың қауіпсіздігін бақылауды күшейтетінін мәлімдеді.

«Ұлттық Олимпиадалық комитет үшін спортшылардың денсаулығы өте маңызды. Сақтық шараларымен қатар, қауіпсіздік шараларын да күшейту қажет. Бізде ұлттық федерациялармен бірге коронавирустың таралмауы және қазақстандық спортшыларды індеттен қорғау бойынша алдын-алу шараларына қатысты біртұтас және берік ұстаным болуы керек. Алдын алу шараларының барлығын қолдану керек», - деді Тимур Құлыбаев. 

ҰОК басшысының тапсырмасы бойынша құрылған ситуациялық штаб құрамына түрлі департаменттің қызметкерлері кірді. Арнайы штаб қызметіне күнделікті мониторинг жүргізу,қазақстандық спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ұсыныстар әзірлеу және қажет болған жағдайда шұғыл шаралар қолдану кіреді. 

«Қазақстан ҰОК Президентінің тапсырмасы бойынша ұлттық құрама командаларды, қазақстандық спортшылардың шетелдік сапарлары кестесін қайта қарау, оларды шетелде күнделікті бақылауда ұстау, әр спортшымен түсіндірме жұмыстарын жүргізу, коронавирус инфекциясының алдын алу жөніндегі іс-шараларды одан әрі күшейту жөніндегі Бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің бұйрығымен Қазақстан Республикасында белгіленген шараларды сақтау қажет. Жарыстардың кейінге шегерілуіне байланысты жағдайды бақылау үшін және 1 мамырға дейінгі шетелдегі спорттық жарыстардың кестесін қайта қарау үшін ұлттық федерациялар халықаралық және Азиялық федерациялармен үнемі байланыста отыру қажет», - деді ҰОК бас хатшысы Сәкен Мұсайбеков.

Қазақстан ҰОК барлық ұлттық спорт федерацияларын олимпиадалық спорт түрлерінен жағдайды ерекше бақылауға алуға және спортшылардың денсаулығын барынша қорғауға шақырды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации