Әйгілі фотодағы желтоқсаншы өмірден өтті

03 наурыз, 17:20

Фото: Nege.kz

Желтоқсан көтерілісі кезінде әйгілі фото-құжатқа түсіп қалған Нұргүл Әбдіқадырқызын редакцияға шақырып, сұхбат алған едік. Енді ол кісі туралы өткен шақта сөйлейміз деп кім ойлаған?

Алматы, NEGE. Сол кезде   Киров атындағы университеттің (қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университет) филология факультетінің студенті болған Нұргүл Әбдіқадырқызы түннің бір уағына дейін алаңнан кетпеген жастардың рухы биік болғанын әңгімелеп берген еді.  

«Елімізді басқа ұлт өкілі басқарады екен» деген әңгіме желдей есті. Біздің топтың студенттері де бір-біріне сыбырласып, «алаңға барайық» дестік. Сөйтіп, 16 желтоқсан күні №8 жатақхана алдына  шықсақ,  Мырзатай Серғалиев бастаған бірнеше ұстазымыз тұр екен. Олар бізді байқамағансыды. Бәлкім, бара берсін деген болар. Содан әл-Фараби көшесіне шығып, алаңға бардық. Сол күні кешке дейін жүрдік. Ертесі, яғни, 17 желтоқсанда түнгі 2-3 ке дейін алаңда болдық. Жанымызда  Орынгүл, Жұманазия, Хадиша, т.б. қыздар болды. Жатақханаға жаяу келгенде сағат таңғы төрт болды. Алаңда бізге су шашты, сол күндері аяз қатты болды. Екі бетіміз домбығып үсіп кетті. Біздің ұстаздарымыз ұлтын, елін, тілін сүйген азаматтар еді. Сол кезде Тұрсынбек Кәкішев декан болатын. Бізді қудалаудан алып қалған Мырзатай Серғалиев, Талғат Сайранбаев ағайлар деп ойлаймын. Күнде аудиторияға келіп, басын шайқайтын. «Мына фотода барсыңдар ғой. Әй, сендерге қиын болады-ау» деп уайымдайтын. «Біріңді бірің ұстап беруші болмаңдар!» дейтін. Кейін ұстаздарымыздың тергеушілерге «Мұнда біздің студенттер жоқ» деп қорғап қалғанын білдік» деген.

Міне, сол Желтоқсан көтерілісінің қаһарман қызы мезгілсіз өмірден өтіп, жақындарының қабырғасын қайыстырып кетті. Нұргүл Әбдіқадырқызы бірқатар жоғары оқу орнында оқытушылық қызметтен бөлек, талай жыл «Жас Алаш» газетінде жұмыс істеді. 

Nege.kz редакциясы ұжымы Нұргүл Әбдіқадырқызының отбасына, туған-туыстарына қайғырып, көңіл айтады.    

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации