Жақсылық Досқалиев: Карантин созылуы мүмкін

05 мамыр, 10:32

Фото: ғаламтордан

Коронавирус біздегі денсаулық сақтау саласының жайы қандай екенін көрсетіп берді. Ерте ме, кеш пе, карантин аяқталады. Одан кейін қалай болмақ? «Толғақтың ауруы тез ұмытыладының» кері болмай ма? Вирусқа қарсы екпені міндеттеу дұрыс па? Nege.kz тілшісі экс-министр Жақсылық Досқалиевтан пікір сұрады.

– Жақсылық Ақмырзаұлы, амансыз ба? Карантин қалай өтіп жатыр?

– Құдайға шүкір, карантиннің көбі өтіп, азы қалды. Үйде жатырмын. Өзім біле тұрып, ажалға ұмтылмаймын ғой. Аз да болса, өмір сүре тұрғым келеді. Немерелерімнің қызығын көргім келеді.

– Қазір коронавирус індетін жұқтырғандар 4 мыңнан асты. Мамыр айының соңында 5 мыңнан асады деген болжам бар. Денсаулық сақтау саласын басқарған басшы, білікті дәрігер ретінде пікіріңіз қандай?

– Бұл – жаңа вирус. Бұған дейін осыған ұқсас түрлері болды. Ал Covid-19 бұрын-соңды ешбір елде кездеспеген инфекция. Біздің ел қазір індеттің мінездемесін іздестіріп, соған сай ем-дом жасап жатыр. Алайда, індет жұқтырғандар санының өскенінен қорықпау керек. Қазір 87-88 пайызында жеңіл түрде өтуде. Егер жөтел пайда болып, қызуы көтерілсе, науқастың жағдайы жеңіл түрде емес, орташа ауыр деңгейде болады. Оны емдеу де қиынға соғады. Болжам не үшін керек? Еуропа елдерінде бір тәулікте 2 мыңдай адам көз жұмды. Біз мұндай шығынды моралдық және психологиялық жағынан да көтере алмаймыз. Бізге 100 адам да үлкен салмақ. Онсыз да аз халықпыз. Қайтыс болған 29 адамның көбінде созылмалы ауруы болды. Одан бөлек індет сырттан келгендерден және солармен қарым-қатынаста болғандардан анықталуда. Оның үстіне біздің ел Ресей мен Қытайдың ортасында. Біз – көршіміз. Бірақ шетелден келген азаматтардың бәрін тестілеуден өткізіп, оқшаулауға алуға тырысып жатырмыз.

– Басқа елдер азаматтарын төтенше жағдай енгізгенге дейін алдыртып алды. Бізде неге карантин режимі басталып, аяқталғанға дейін келіп жатыр?

– Мемлекет бәрін қайтаруға тырысты. 80 пайызын қайтарып алдық. Қазір келіп жатқандар сол кезде өз еркімен қалып қойғандар. Ешкімді зорлап алып келе алмайсың ғой. «Өзімізге өзіміз жауап береміз» дегендері қалды. Сол кезде Түркия, Қытай, Оңтүстік Корея, Ресейдегі қаншама қандас қайтқысы келмеген. Енді жағдай ушығып кеткен соң, елге оралуда. 

– Дәрігерлер арасында індет жұқтырғандар көбейіп кетті. Оларға берілетін үстемақы да үлкен дауға айналды. Бұл туралы не айтасыз?

– Қазір Алматыдағы Орталық клиникалық ауруханада арнайы комиссия жұмыс істеп жатыр. Аурухана басшысы екі рет ауысқанын естідім. Кадр жағына ешқашан кіріскен емеспін. Бұл менің шаруам емес. Комиссия алдына қойған мақсатқа жетсін, бәрін анықтасын. Дәрігерлер вирусты неге және қалай жұқтырды? Ең бастысы, осыны зерттеп, біліп алуымыз керек. Содан кейін медицина қызметкерлері қаржылай көмегін алуы қажет.

– «Дәрігерлер үстемақы алу үшін әдейі жұқтырып алған» деген пікір де айтылды. Ал олар «қорғаныш киімі жетіспегеннен осындай жағдайға тап болдық» дейді.

– Комиссия талдасын, зерттесін. Олардың жағдайы жаныма батсын, батпасын, бұл менің қолымнан келетін дүние емес. Мен зейнеттегі адаммын. «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» дейді ғой. «Көтере алмайтын шоқпарды белге байлау» да керек емес. Кезінде қызмет атқардық, жұмыс істедік. Бірақ болжап сөйлеуге жаным қас. Қазір маған немерелерімнің қызығын көргеннен басқа бақыт жоқ.

– Ал біздегі статистиканың ара-жігіне мән беріп көрдіңіз бе? «Коронавирустан көз жұмды» делінген 29 адамның ажалы нақты осы індеттен келді деп ойлайсыз ба?

– Вирус ағзаға кіргенде, адам оған мейлінше қарсы тұрады, күреседі. Иммунитеті мықты адамдар қалайда жеңіп шығады. Ал созылмалы ауруы – бауыр церрозы, бүйректің қабынуы сияқты дерті бар адамдар тез жұқтырады, күресе алмайды. Мұның алдында өзінің негізгі диагнозы болған соң, ол басқа ағзаға да кері әсер береді. Мәселен, науқас ауруханаға барып көз жұмды делік. Оның сараптамасы екі күннен кейін ғана дайын болады. Себебі, қазір сараптама бір мезетте көптеген адамнан алынып жатыр. Сондықтан «диагнозы кеш қойылды, көз жұмған соң айтылды» деп ренжуге болмайды. Содан кейін көп елде 60 жастан асқан кісілерге үйден шығуға тыйым салды. Бұл жастағы адамдарда міндетті түрде бір немесе екі созылмалы дерті болуы мүмкін. 

– Әлем бойынша бұл індетке қарсы екпені әзірлеу күн тәртібінде тұр. Отандық ғалымдар да шама-шарқынша қолға алып жатқанын мәлімдеді. Сіздіңше, екпе қашан дайын болуы мүмкін?

– Екпе бүгін-ертең бола салмайды. Кем дегенде 1,5 жыл, бәлкім, одан да көп уақыт кетеді. Жасанды иммунитетті біз жасай алмаймыз. Ал табиғи иммунитет бойынша көп елдерде оқшаулап жатқан жоқ. Мысалы, Швеция, Беларусь халқын оқшаулағысы келмеді. Бірақ не боп жатыр, статистикасын қараңызшы. Қаншама адам көз жұмды ғой. Егер карантинді алып тастайық, табиғи иммунитет болсын десек, адам шығыны көбейіп кетсе ше? 

Президент төтенше жағдайды 11 мамырға дейін созды. Тағы да ұзартуы мүмкін бе?

– Карантин тағы да созылуы мүмкін. Біздің географиямыз қандай? Бір өңір мен екінші өңір арасы алшақ жатыр. Сосын әр облыста індеттің таралуы әртүрлі. Қазір кәсіпорындар, шағын және орта бизнес ақырындап іске қосылуда. Соған қарамастан, санитарлық, эпидемиологиялық тазалықты сақтап жүру керек. Бұл вирус әр адамның денсаулығын күтуге үйретті. 

– Денсаулық сақтау министрлігінің жұмысына көңіліңіз тола ма?

– Министрлік  жатпай-тұрмай жұмыс істеп жатыр. Қытайдың Ухань қаласында қараша айының аяғында коронавирус жұқтырған алғашқы дерек тіркелгеннен бастап әрекетке көшті. Желтоқсан айынан бері үкімет мүшелері, атап айтқанда Денсаулық сақтау, Сыртқы істер, Ішкі істер, Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесе жұмыс істеп, «А», «Б», «С» жоспарын құрды. Бұл рет-ретімен жүзеге асуда.

Сонымен, министрлікке «5» деген баға бересіз бе?

– Ондай бағаны ешкім бере алмайды ғой. «Қанағаттанасыз ба, жоқ па?» деген дұрыс шығар. Былайша айтқанда, қолынан келгенін аянбай жасауда. «Жау жағадан алғанда, бөрі етектен тартады» демекші, кейбір азаматтар қазіргі жағдайға қарамастан екпе туралы шу шығаруға кірісіп кетті.

– Осы екпе мәселесіне қатысты да екіжақты пікір бар. Әсіресе, екпе салдырудан бас тартатындар көп. Халық «Бізге айтпай, кодекске «екпені міндеттеу керек» дегенді енгізіп жібермек дейді. Сіз не дейсіз?

– Халық алдын ала дауға лап қойып жатыр. Олардың әрі-бері тартып айтып отырғаны – пішілмеген тонның келтесі. «Екпе керек емес» дейді. Неге керек емес? Жұрт «Бізге айтпай, кодекске өзгеріс енгізіп тастайды» деп өре түрегелді. Ол – өтірік әңгіме. Заң негізіндегі қабылданатын кодекске енгізілетін түзетулер бойынша құрылған жұмыс комиссиясында болдым. Бұл кодекс Мәжілістің бірінші оқылымынан ғана өтті. Әлі екінші оқылымы бар. Одан кейін Сенатқа барады. Онда да екі оқылымда мақұлданса, Президент әкімшілігінде 2 ай қаралады. Содан кейін ғана қабылдануы мүмкін. Сосын заңды орындауға байланысты орындалу актісі мен қаулысы шығады. Неге екені белгісіз, әлі қабылданбаған кодекс туралы кейбіреулер жаппай жазып жатыр. Мұның бәрі бос айқай.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации