«Трамптың өзі коронавирустың келетініне сенбеді»

23 сәуір, 12:16

Фото: nege.kz

Әлемді жайлаған коронавирус індеті өршіп барады. Nege.kz порталы бұған дейін Испания, Түркиядағы ахуалды қандастар арқылы жеткізген еді. Бұл жолы індеттің ошағына айналған АҚШ-тағы жағдайды Мичиган штаты университетінде білім алып жатқан журналист Жолдас Өрісбайдан сұрадық.

– Соңғы деректерде АҚШ-та коронавирус құрбанына айналғандар 44 мыңнан асыпты. Індет неге тез тарап кетті?

– Статистика бойынша, әлемде коронавирусты 2,5 млн адам жұқтырса, соның үштен бірі АҚШ-та тіркелді. Мұнда 4 миллионнан астам адам тест тапсырып, 800 мың адамнан вирус анықталды. Көз жұмғандар 44 мыңнан асса, оның 14 мыңдайы бір Нью-Йорк қаласының өзінде ғана. Одан кейін Нью-Джерси, Массачусетс, Пенсильвания, Мичиган штатында өршіп тұр. Бұл індет ешқандай елге оңай тимеді. Себебі, қазіргі дамыған заманда аз уақыттың ішінде бір індеттен осыншама адам қайтыс болды.

Жалпы, АҚШ – әлемде ең дамыған елдердің бірі. Нью-Йорк, Лос-Анджелес, Майами сынды ірі қалалары бизнес, туризм  саласы бойынша халықаралық деңгейдегі үлкен хабқа айналған. Яғни, мұнда күн сайын, сағат сайын мыңдаған адам ұшып келіп, ұшып кетіп жатыр. Мысалы, індеттің бастау алған жері Ухань қаласындағы вирусты алғаш жұқтырып алған кісі ертең-ақ Нью-Йорк қаласында болуы мүмкін. Жаһандану процесінің ашық және адамның бір-бірімен қарым-қатынасқа тез енуі осы жағдайға алып келді. Бұл тұрғыда Батыс Еуропа мен АҚШ өте қиын жағдайда қалды. Себебі, бұл мемлекеттер күніне мыңдаған адамды қабылдай алады. Бір мезетте адамның топтасуы көп. Сондықтан да вирус өте жылдам тарап кетті. Айталық, қазір індет көп тараған елдің тізіміне қарасаңыз, алғашқы ондыққа АҚШ, Италия, Испания, Франция, Германия, Англия кірсе, Қытай мен Иран соңында тұр.

– Бәлкім, алдын ала сақтық шаралары дұрыс жүргізілмеген де шығар? 

– АҚШ-тың бұл індетке деген дайындығы салыстырмалы түрде төмен болды. Мысалы, АҚШ-тың түрлі пандемияға дайындығы жөніндегі мәселелермен айналысатын арнайы департаменті бар. Соңғы жылдары АҚШ президенті Трамп осы мекемеге бөлінетін қаржыны  қысқартып тастады. Ол – бір. Екіншіден, коронавирус енді тарап жатқан кезде АҚШ-тың індетті тежей тұруға біршама уақыты да, мүмкіндігі де бар еді. Вирусты жұқтырған алғашқы дерек 21 қаңтарда тіркелсе де, АҚШ-та төтенше жағдай 13 наурызда ғана жарияланды. Арадағы 2 айда нақты әрекет жасалған жоқ. Мысалы, осы мерзім ішінде аурухананы қажетті құралдармен жабдықтап, медициналық қызметкерлерге түсіндіру жұмысын жүргізіп, одан бөлек өкпені жасанды желдету құралын дайындауға болар еді. Нью-Йорк губернаторы әу баста-ақ 30-40 мыңнан астам өкпені жасанды желдету құралы керек дегенде, Трамп «өтірік»  деп сенбей қойды. «Меніңше, ол асыра сілтеу – it’s a con job» дей салды. Неге екені белгісіз, Дональд Трамп қаңтардың басынан дүдәмал көзқараста жүрді. Ол: «Бұл вирус бізге келмейді. Жақында жойылады. Сәуірде атымен болмайды» деп, жанындағы кеңесшілерінің де пікірін ескермеді. Кейін сол айтқан сөзінің негізсіз екенін түсініп, төтенше жағдай жариялады.

– Демек, індеттің тез таралуына америкалықтардың либералдық көзқарасы себеп болды ғой?

– Мысалы, «АҚШ – демократиялық, адам құқығы қорғалған мемлекет. Шектеу жоқ, жүріп-тұру еркіндігі, сөз еркіндігі бар» деген түсінік карантин режиміне айтарлықтай кедергі келтірді. Күн сайын мыңдаған адам көз жұмып жатқан Нью-Йорк қаласының өзінде әлі күнге қатаң режим енгізілген жоқ. Жұрт еш себепсіз көшеге шығып жүр. Ал Қазақстанда өлім дерегі көп болмаса да, Алматы мен Нұр-Сұлтан қаласында қатаң карантин режимі енгізіліп, тыңдамағандарға айыппұл салды. Мұнда ондай жоқ. Тек мемлекет тарапынан «Вирусты таратпайық, барынша үйде болып, сақтық шарасын сақтаңыздар!» деп ұсыныс ретінде ғана айтылды. Яғни, қатаң талап қойылмады. Бұл әрбір америкалықтың жеке құқығын таптайды деп есептейді. Тіпті, кейбір штатта экономикалық жағдайды адам өлімінен жоғары қойып, індетті саясиландырып жіберген кездер болды. Мысалы, осыдан бірнеше күн бұрын Мичиган штатының консерваторлар ұйымы (Республикалық партияны жақтаушылар) мен Мичиган штатының демократ губернаторы өзара келіспей қалды. Неге? Себебі, жиналған 200-300-дей  консерватор губернатордың «Үйде отырыңдар!» деген шешімін жоққа шығарып, наразылық білдірді. Бір қызығы, губернатордың айтқаны тек ұсыныс қана еді. Ол тұрғындардың қауіпсіздігін ойлап, бизнес, сауда, көңіл көтеретін орындарды уақытша жабу үшін шешім қабылдады. Тек күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік сататын дүкендер ғана жұмысын тоқтатпауы керек деді. Соған қарсы шыққан консерваторларға полиция да араласпай, сырттан бақылады.

Сондай наразылық шеру бірнеше штатта өтті. Республикалық партияның көзқарасын қолдайтын консерватор америкалықтар  коронавирустың кесірінен жабылып қалған бизнесті тезірек ашуды талап етуде. Ал Дональд Трамптың консерватор екенін ескерсек, ол күн сайын 2 мыңға жуық адам көз жұмып жатса да, бизнесті қайтадан жандандыруды ойластырып әлек. Бірер күн бұрын кей  штаттың губернаторына тапсырма беріп, «бизнесті біртіндеп ашыңыздар!» деді. Осылайша, 1 мамырдан бастап Техас штатында бірқатар кәсіп түрі қайта іске қосылмақшы. Әрине, бизнес жанданса, міндетті түрде жұмысшылар жұмыс істейді. Көп адам жиналады. Олардың вирусты тарату мүмкіндігі көбейіп кетсе ше? Яғни, билік халықтың денсаулығынан бұрын экономика мәселесіне көңіл бөлуде.

– Індеттен АҚШ-тың тартқан зардабы қаншалықты Алдағы уақытта оның салдары қалай болмақ?                          

– Бұл мәселе әлі зерттеліп жатыр. Дәл қазір нақты дерек айту қиын. Мысалы, төтенше жағдай енгізілген 13 наурыздан бері АҚШ-та көптеген жұмыс орны жабылды. Статистика бойынша 122 млн америкалық жұмыссыз қалыпты. Мұндай көрсеткіш АҚШ-та соңғы 90 жылда болмаған. Соңғы рет жаппай жұмыссыздық 1930 жылы депрессия кезінде тіркелген екен. Ал қазіргі көрсеткіш бұдан да асып түсті.

Тағы бір мәселе, карантин режимі алынып, халық қалыпты өмірге келсе де, миллиондаған адамның қайтадан жұмысқа орналасуы екіталай. Себебі, АҚШ-тың шағын және орта бизнесі өте ауқымды көлемде зардап шегіп отыр. Мысалы, The Washington Post    басылымының зерттеу мақаласында: «Егер 1 мамырдан бастап шағын және орта бизнес қайтадан іске қосылмаса, онда олардың 30 пайызы банкрот болады» делінген. Кез келген мемлекеттің негізгі экономикалық қуатын шағын және орта бизнес құрайды. Ал оның 30 пайызы құрдымға кетсе, мемлекеттің экономикасына, жалпы ішкі өніміне кері әсер етеді. Жұмыссыздар саны көбейеді. Халықтың табысы азайып, салық төлеу және тұтынушылық қабілеті төмендейді. Кейбір сарапшылар АҚШ-тың індетке дейінгі экономикалық деңгейіне қайта келу үшін кем дегенде 3 жыл керек дегенді айтуда. Тіпті, 3 жылдан да көп болуы әбден мүмкін. Себебі, індеттің қай уақытқа дейін жалғасатыны да, осы аралықта қаншама бизнестің құлдырайтыны да белгісіз.

– Жалпы, індет алғаш Қытайда тіркелгенде «биологиялық қаруды» жасауға АҚШ пен Қытайдың қатысы бар» деген қауесет тарады. Тіпті, «Қытай әдейі жасады» деп те айтты. Осы жөнінде жергілікті басылымдар не дейді?         

– Кейде нақты жауабы жоқ мәселеге келгенде екіұшты теорияның болатыны анық. Мысалы, бұған дейін вирусты жарқанаттан адамға жұққан деді. Алайда, вирусты ең алғаш  жұқтырып алған адам белгісіз. Яғни, оны Қытай білу керек еді. Бірінші жұқтырған науқас белгісіз болған соң, оған қатысты күмән туындап, «бұл биологиялық қару болуы мүмкін» деген қауесет тарады. Бірақ бұл жерде бір нәрсені түсінуіміз керек. Оның биологиялық қару екенін және қару емес екенін толық дәлелдейтін ешқандай факті жоқ. Сондықтан бұл сауал ашық күйде қалады. Ал оған «АҚШ пен Қытайдың қатысы бар» деген сарындағы жалған ақпаратты қазақ журналистикасындағы белді басылым «Egemen Qazaqstan» мен «Aikyn» іліп әкетіп, «америкалық Гарвард университетінің профессоры Чарльз Либер биологиялық қаруды АҚШ-та жасап, Қытайға сатпақшы болып ұсталды» деп жариялап жіберді. Бұл шындыққа келмейді. Гарвард профессорының Қытайдың институтымен келісімге келіп, жұмыс істегені анық. Бірақ вирустың АҚШ-та жасағаны, саудалағаны деген ақпарат жоқ. Химик-ғалым тек жасырын келісім орнатып, қосымша табыс тапқанын АҚШ үкіметіне, Гарвард уиверситетінің әкімшілігіне айтпаған. Оны сол үшін соттап жатыр.

«Қытай әдейі жасады» деуге де уәж жоқ. Америкалық басылымдардың бұған қатысты ойы салмақты. Өз абыройын білетін журналистика, атап айтқанда The NewYork Times, The Washington Post, СNN, ABC, Fox News сияқты алпауыт медиа ресурстар әлгіндей күмән келтіретін мәліметті жарияламайды. Көбіне тек оңшыл және өте солшыл бағытты ұстанатын медиа ғана қауесетті таратуға бейім. 

– АҚШ-та халыққа әлеуметтік қолдау қалай көрсетіліп жатыр? Салық төлеушінің бәрінің есепшотына көмек ақша аударып жатыр дегенді естідік.

– АҚШ үкіметі жұмыссыздар саны көбейе бастаған сәттен бастап қаржылай көмекпен қамтамасыз етуді қолға алды. Наурыз айының ортасында бұл мәселе Конгресте талқыланып, шешім шықты. Қаржылай көмек 2,2 трлн АҚШ доллары шамасында. Бұл ақша өткен аптадан бері америкалықтардың есепшотына жіберіліп жатыр. Одан кімдер дәмелі? Яғни, былтыр, алдыңғы жылы салық төлеген және табысы жылына 75 мың АҚШ долларынан төмен америкалықтарға үлестіріледі. Егер сіздің табысыңыз осы сомадан көп болса, бөлінбейді деген сөз. Бір адамға 1200 АҚШ доллары белгіленген. Егер ерлі-зайыпты болсаңыз, 2 400 доллар түседі, балаларыңыз болса, әр балаға 500 доллардан қосымша беріледі. Бірақ бір отбасына берілетін сома 3 жарым мың доллардан аспауы тиіс. Мұны тек америкалықтар ғана емес, АҚШ аумағында жұмыс істеп, салық төлеген шетел азаматтары да алып жатыр. Егер салықты картаңызбен төлесеңіз, ақша бірден картаға түседі. Қолма-қол төлесе, үйдің мекен-жайына чек келеді. Сосын банк арқылы алуға болады. Бұл бір реттік қана. Егер мамыр айында жұмыс іске қосылмаса, тағы да 1200 доллардан берілуі мүмкін.

Тағы бір қызық жағдай, бұл қаржылай көмек Work and Travel USA бағдарламасымен жазда АҚШ-та жұмыс істеп, салық төлеген студенттерге де түсіпті. Яғни, олар қазір АҚШ аумағында болмаса да, алған. Бастысы, оған АҚШ үкіметіне салық төлегені үшін берілді. Айта кететін жайт, бұл қайтарымсыз көмек емес. Билік тарапынан «бұл ақша алдағы уақытта салық төлеген кезде ұсталады» деген әңгіме айтылды. Дәл қазір АҚШ үкіметі бұл туралы нақты мәлімет айтпаса да, ақшаның қайтарылатынын тілге тиек етті. 

– Бизнес өкілдіктері қалай күн көруде? Оларға жеңілдік берілді ме? 

– Жалпы, бизнес өкілдеріне қолдау көп. Әсіресе, алпауыт компанияларға қомақты қаражат бөлінуде. Мысалы, әуе және туристік компаниялар банкротқа ұшырамас үшін субсидияға негізделген қарыз берілді. Егер сіз үкімет берген ақшаны өз жұмысшыларыңызға жалақы ретінде төлесеңіз, онда бұл қарызды қайтармасаңыз да болады. Сондай-ақ, шағын және орта бизнес өкілдері үшін де арнайы бағдарлама қабылданды. Бизнестің ауқымына қарай ақшаның да көлемі қарастырылады. Мысалы, шағын және орта бизнеске шектеулі 1 млн АҚШ доллары беріледі делінді. Бірақ оның 75 пайызын жұмысшыға жалақы ретінде төлеуіңіз керек. Сонда ғана бұл ақшаға үкімет кешірім жасайды. Егер көбінесе өз қарызыңызды жауып, жеке мақсатыңызға жұмсасаңыз, болашақта қарызды қайтарасыз. Алайда, осының өзі бизнестің күнкөрінісі үшін үлкен көмек.

Бұдан бөлек бизнес өкілдеріне де, қарапайым америкалықтарға да салық төлеуге қатысты жеңілдік берілді. 2019 жылдың салығын ақпаннан бастап, сәуірдің 15-іне дейін төлеу керек еді. Қазір мұны Қаржы министрлігі 15 шілдеге дейін, яғни 90 күнге шегерді. Індетке байланысты табысынан айрылған адамдар салықты үш айға дейін төлеуі міндетті емес.

– Бізде вирус тараған күннен бері медициналық маска тапшылығы сезілсе, қазір дәрігерлер үшін қорғаныш киімі жетіспей жатыр. АҚШ-та мұндай мәселе туындады ма? Ал азық-түлік сатып алуда шектеу бар ма?

– Вашингтондағы Федералды үкімет барлық штатқа бірдей көмектесуге тырысып жатыр. Бірақ індеттің ошағына айналған Нью-Йорк қаласы, Бостон, Луизиана, Детройт, Чикаго қалаларына айрықша көмек керек екені анық. Жергілікті штат басшылары да барынша күш салуда. Наурыз айында төтенше жағдай жарияланған соң, халық маска мен дезинфекция құралын іздеп дүрлікті. Сол кезде жетіспеушілік байқалды. Бірақ сол дүрбелеңді тоқтату үшін АҚШ үкіметі «маска тағу міндетті емес, оны тек ауырған адамдар тақсын» деген үгіт жүргізді. Бірақ сәуір айының басында «Маска таққан дұрыс. Себебі, вирусты жұқтырып алғаныңызды білмей, басқаларға таратып жүруіңіз мүмкін. Сондықтан бәріңіз таққаныңыз жөн» деген үндеу тарата бастады.  Алайда, «Маска іздеп, дәріханаға сабылмаңыздар, алдымен медицина қызметкерлеріне жеткізіп отырмыз, ең дауасы өздеріңіз тігіп алыңыздар» дегенді айтып, насихаттады. Бұл сөз халыққа қатты әсер етті. Қазір көшеде жүргендерге қарасам, көбі бетпердені өз қолымен тігіп алыпты. Бірақ сұраныс артқан соң, медициналық масканы да белгілі бір нормадан артық ала алмайсыз. Бағасы да салыстырмалы түрде қымбаттады.

АҚШ-та коронавирус індеті төңірегіндегі шуды өз пайдасына шешуге тырысып жатқандар да бар. Мысалы, Джерси ситидегі 99 Cent Dream дүкеніне антисептикалық өнімдерді әдейі қымбаттатып ($2.99-дан $6.99-ға) сатқаны үшін 90 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл салыныпты. АҚШ-тағы 40 штат прокуратураларында бағаның негізсіз өсуіне қатысты шағымдарды қарауға арнайы топ құрылғанын айта кеткен жөн.

Азық-түлікке келсек, төтенше жағдай енгізілген кезде күнделікті тұтынатын сүт, жұмыртқа, ет өнімдері, ұн. т.б тапшы болды. Бірақ дүрбелең саябырсыған соң бәрі дүкенде тұрды. Еттің бағасы да 20-30 пайызға қымбаттады. Бизнес өкілдері әдейі қымбаттатып жатқан жоқ. Тұрақты бақылау жүргізіледі. Бәрі де сұранысқа байланысты қымбаттады. Десе де, азық-түлік сатып алғанда да арнайы шектеу бар. Бір адам 2 келі ет, 10 жұмыртқа, 3 литрлік сүт қана алды. Бұл тапшы дегенді білдірмейді. Супермаркет күн сайын толып тұр, керегіңді сол сәтте шығып, сатып алуға болады.

Үкіметтің жағдайды бақылауда ұстап отырғанын көрсеткісі келген Трамп үнемі «Бізде бәрі жеткілікті» деп айта береді. Шын мәнінде, Нью-Йорк, Калифорния, Мичиган штатының губернаторлары «Бізде мынандай құралдар жетіспейді. Бұл туралы мәлімет Федералды үкіметке айтылды. Бірақ олардан ешқандай көмек келмей жатыр» дегенді мәлімдеп отыр. Соған қарағанда бәрібір тапшылық сезіледі. АҚШ президенті Д.Трамп осындай төтенше жағдайда конституциялық құқын пайдаланып, алпауыт корпорацияларды үкіметтің, америкалықтардың өмірі үшін ауадай қажет өнімді өндіруге міндеттей алды. Яғни, қорғаныс мақсатында өнім шығару актін негізге алып, Ford, General Motors, GMC сынды ірі компанияларға өкпені жасанды желдету құралын өндіруге тапсырма берді. Компаниялар конституция бойынша бұл талапқа қарсы тұра алмайды. Осылайша, кейбір зауыттар көлік шығаруды тоқтатып, өкпені жасанды желдету құралы шығаруды қолға алды.

– Әлеуметтік желіде «АҚШ дәрігерлері жұмыстан кететінін айтып, дәрменсіз күй кешуде» деген ақпаратты көзім шалды. Бұл рас па?

– Мұндай ақпарат естімедім. Дәрігерлер жұмыстан қашып жатқан жоқ. Олар керісінше, «бұл менің – кәсіби міндетім» деген жігермен жұмыс істеуде. Бәлкім, кейбір штатта сондай ақпарат болған шығар. Оны Ресейдің медиасы әдейі бұрмалауы да мүмкін. Оған сенбеу керек. Шын мәнінде, дәрігерлер науқастарға барынша көмек қолын созуда. Қазір Нью-Йорк қаласының өзінде дәрігерлер мен медицина қызметкерлері жетіспей жатыр. Жақында Джорджия штатынан бір топ дәрігер келді. Тіпті, кейбір штатта еріктілерді жұмысқа тартуда. Мысалы, бұрын медицина саласында жұмыс істеп, кейін басқа салаға кеткендерді, зейнетке шыққан дәрігерлерді ерікті түрде шақырды. Бұрын олар сағатына 25-30-50 доллар тапқан болса, қазір басқа аймақтан келген дәрігерді жатын орынмен қамтамасыз етіп, сағатына 100 доллардан төлеп жатыр. Дәрігерлерді идеологиялық, қаржы тұрғысынан да жігерлендіріп, науқастарды емдеуге жұмылдырды. Қарапайым халық тарапынан да алғыс білдірушілер көп. Емхана, аурухана алдына «осындай қиын сәтте өз басыңызды қатерге тігіп, көмектесіп жатқан сізге рахмет!» деген алғыс жаудырған үнқағаздар ілінген. Тіпті, полиция қызметкерлері де аурухана маңайында сиренасын қосып жүреді. Бұл дәрігерге жұмысының маңызын сезінуге, адам өмірін сақтап қалуына күш-жігер беріп, сенімділік сыйлайды.

–  «АҚШ-та коронавирусқа қарсы екпе дайындалып жатыр» деген ақпарат шықты. Қазір «безгекке қарсы вакцинаны қолданып жатыр» деген мәліметті де көз шалды. Жалпы, екпе жайында ауыз толтырып айтарлық қандай жетістік бар?

– Коронавирус індеті тарап, жағдай ушыға бастаған сәттен дүниежүзі ғалымдарының жарыса айналысқан мәселесі екпе болды. АҚШ-та бұл іс әлі нәтиже бере қойған жоқ. Ғалымдар наурыздың басында «екпе табу үшін кем дегенде 1-1,5 жыл уақыт керек» деген еді. Бәлкім, АҚШ ғалымдары келесі жылдың қаңтар айында дайындап үлгеретін шығар. Оған дейін адам денесінде сынама жүргізе алмайды. Себебі, олар көптеген лабораториялық зерттеу ұйымдастырып, адам ағзасына кері әсер етпейді деген сенім болғаннан кейін ғана екпе ретінде сала алады. Ал безгекке қарсы екпеге келсек, ол да жалған мәлімет. Франция, Австралияның кейбір ғалымдары өз зерттеуі арқылы безгекке қарсы екпенің тиімді екенін жария еткен. Бірақ ол бір-екі зерттеудің нәтижесі ғана. Оған сүйене отырып, екпені толықтай қолдануға болмайды. Сосын АҚШ президенті Д.Трамп та «безгекке қарсы екпе тиімді екен, қолдансақ жақсы болатын сияқты» деп жаңсақ ақпаратты айтып жіберді. Бір қызығы, дәл осы екпені жасаумен айналысатын Францияның фармацевтикалық компаниясына Трамптың қызы мен күйеубаласы шығып, инвестор болды. Яғни, безгекке қарсы екпенің саудасы күшейсе, Франция компаниясы байып, инвесторы көбірек табыс табатыны түсінікті. Осыдан кейін Трамптың отбасына «өз позициясын табыс табуға бұрды» деген айып тағылды. Бірақ бұл айып популист Трампқа түк әсер еткен жоқ. Шын мәнінде, ғалымдардың ақпаратына сүйенсек, безгекке қарсы екпе коронавирусқа қарсы ем болмайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации