Тоқаев: Қылмыскерлерді ұлтына қарамай заңға тарту керек

01 наурыз, 17:02

Фото: akorda.kz

Президент бұл күні тойлаудан гөрі, ауыл тұрғындарымен өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасуды жөн көрген.

Алматы, NEGE. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде 1 наурыз Алғыс айту күні Жамбыл облысының Қордай ауданына жұмыс сапарымен арнайы келгенін айтты.

Қордайда болған оқиға халқымызды дүр сілкіндірді, бүкіл әлемді елең еткізді. Шыны керек, бұл жанжал мемлекетімізге, елімізге нұқсан келтірді. Абыройымызға зияны тиді. Енді тұтас ұлт болып осындай теріс тәжірибеден сабақ алуымыз керек. Ең алдымен, келешекте мұндай қасіретті болдырмау үшін тиісті шара қолдануымыз қажет, – деп атап өтті Президент.

Жамбыл облысының жаңа басшылығының алдына аймақтың өсіп-өркендеуін тежейтін кедергілерді жойып, халықтың әл-ауқатын арттыратын шаралар қабылдау міндеті қойылды.

Қақтығыс болған жерде ешқашан, ешқандай даму болмайды. Бұл – заңдылық. Өкінішке қарай, облыс басшылары бұл заңдылықты дұрыс түсінген жоқ. Сондықтан облыс басшылары, соның ішінде құқық қорғау органдарының басшылары толығымен ауыстырылды, қызметкерлер жұмыстан босатылды. Жаңа басшылар тағайындалды. Солардың арасында Бердібек Сапарбаев бар. Бұл азаматты жақсы танисыздар. Тәжірибесі мол мемлекеттік қызметші. Оның алдында тұрған мақсат – тұрақсыздыққа түрткі болатын жағдайларды түбегейлі жою және өңірдің дамуына серпін беру, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.  

Президент тергеу жұмыстары заңға сәйкес жүргізілетінін, заң алдында бәрі тең екенін айтып, Қордайдағы жергілікті қызметкерлердің пара алу және шекара арқылы заңсыз сауда жасау мәселелерін шешуді тапсырды.

– Ауданда бір топ адам белсенді түрде контрабандамен айналысып жүрген. Бұл – белгілі нәрсе. Осы іске басқа топ та қатысқысы келген. Бір сөзбен айтсақ, заңсыз табыс көзі үшін екі қылмыстық топтың арасында текетірес пайда болған. Бұл текетірес салдарынан көп адам зардап шекті. 11 адам қаза тапты. Оны ашық айту керек. Енді құқық қорғау органдарының алдында тұрған мақсат – барлық қылмыскерлерді ұлтына қарамай, заңға сәйкес жазаға тарту. Онсыз елімізде тәртіп болмайды, – деді Президент.

Сондай-ақ кездесуде Қордай аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әбдібек Сейілханов, Жамбыл облысының «Құрметті азаматы» Төле Сүгірбай сөз сөйлеп, аудандағы әлеуметтік және басқа да мәселелерді шешу жөнінде өз ойларын ортаға салды.

– Ұлтаралық татулық – біздің ең басты құндылығымыз. Сондықтан оған сызат түсірмеуіміз керек, – деп Қасым-Жомарт Тоқаев жиынды қорытындылады.

Бұдан кейін Мемлекет басшысы Қаракемер ауылының спорт кешеніне барып, жас спортшылардың жаттығу барысын көрді. Болашақ спортшыларға табыс тілеп, оларға қажетті доптар мен бокс қолғаптарын сыйға тартты.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации