Роза Жұмабаева: 2 эмбрионның біреуі аман қалды

22 сәуір, 15:30

Фото: ғаламтордан

Елімізде «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 7 мың квота бөлінген. Бұл мүмкіндікті өз бетімен сәби сүйе алмайтын аналар біле ме? Оған ие болудың жолы қандай? Тілшіміз квота иеленген Роза Жұмабаевамен тілдесті.

Р.Жұмабаева жұбайымен

– Роза, «Аңсаған сәби» бағдарламасының шарапатын көріп жатқан болашақ ана ретінде бұл квотаға ие болудың жолын айтшы.

– Жамбыл облысы, Жамбыл ауданына қарасты Жалпақтөбе ауылында тұрамын. Жасым – 25-те. Бұл менің екінші некем. Төрт жыл болды. Бірінші некемде екі рет жатырдан тыс жүктілік болды. Сосын ажырасып кеттім. Сөйтіп, екінші рет тұрмысқа шығып, үш жылдан кейін жергілікті емханаға бедеулік диагнозы бойынша есепке тұрдым. Бірақ сол кезде Тараз қаласындағы емханаға тіркелгім келген еді. Мұндағылар: «10 жыл күтесің, одан да ақылы түрде ЭКО жасат» деді. Содан ауылдағы емханаға тіркеліп, үш жыл есепте болдым. Бір күні емханадан телефон соғып, «Анализ талдауларын тапсырып, жинай бер. ЭКО жасауға дайындаламыз» деді. Қуанғанымнан жүрегім жарыла жаздағаны есімде.

– Жалпы, ЭКО жасауға бар жағынан сай келіп тұрдың ғой, солай ма?

– Иә, менде екі түтікшені де алып тастаған. Өздігімнен бала көтере алмаймын. Содан анализ, құжаттарымды тапсырдым. Оған соншалықты көп құжат керек емес екен. Жеке куәлік, неке туралы куәлік, сосын денсаулығыма қатысты анализдер, акушердің «өз бетімен екіқабат бола алмайды» деген анықтамасы қажет. Соны жинап, өтініш жібердік. Шешім шығарған соң, квота берді. Осылайша, Алматыға келіп, Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында жасанды жолмен ұрықтандыру бағдарламасына тегін іліктім.

– Сонымен, жасанды жолмен ұрықтандыру сәтті болды ма?

– Маған 2 эмбрион салды. Соның біреуі аман қалды. Аллаға шүкір, жүктімін. Бір апта өздері қадағалап, бақылап отырды. Менде бәрі жақсы болып, үйге жіберді. Қазір жүктілігіме 5 ай болды. Жағдайым жақсы. Өзімді ең бақытты әрі ең сұлу әйел сезініп жүрмін. Күйеуім де ерекше қуанып жүр.

 Бәрі тегін болды ма?

– Тегін. Тек ішетін дәрілерді өзің сатып аласың. Эмбрионды жатырға салған соң ағзаға күш беретін дәрумендер мен препараттар ішуге тура келеді. Міне, солар қымбатырақ. Шамамен, 150 мың теңге кетті.

– Бұған дейін осы жолмен сәбилі болу ойыңда болмады ма?

– Болған. Бірақ қаржылай әлеуетіміз келмеді. Бірде күйеуім екеуміз репродуктолог маманға кіріп, жасанды жолмен ұрықтандырудың бағасын сұрап көрдік. Бізге шамамен 1 млн 500 мың теңге кетеді деді. Күйеуім екеуміз әуелі үй салып алайық, сосын сәбилі болу жолын қарастырамыз деп шештік. Бірақ ЭКО жасатуға кезекке тұрғанда үйді де бастаған едік. Содан квота алу мүмкіндігі де бұйырды. Қазір республика бойынша 7 мың квота бөлініпті. Бұл – бала сүюге берілген үлкен мүмкіндік.  

 Алла қаласа, сәбиіңді дүниеге әкелгеннен кейін тағы да ЭКО жасатасың ба?

– Иә, бұйырса, жасатамын. Екінші рет тегін болмайды. Бірақ қайтадан квотаға кезекке тұрсам, тағы да осы жолмен бала сүюіме болады.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации