Нұрсұлтан Шопабаев, дәрігер: Той жасамау үшін біреу өлу керек пе? 

17 қараша, 10:07

Фото: nege.kz

Коронавирус індетінің алғашқы толқынынан сабақ алдық па? Біз той-томалақтан НЕГЕ бас тарта алмаймыз? Халық тегін скринингке НЕГЕ бармайды? Біз И.С.Жекенов атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының терапевт-невропотологы Нұрсұлтан Шопабаевтың пікірін білдік.

Бірінші толқыннан көп тәжірибе алдық

– Короновирус індетінің бірінші толқыны бізді ғана емес, бүкіл әлемді әбігерге салды. Отандық медицинаның қандай деңгейде екені көрінді. Бұдан кейін кем-кетігіміз көрініп, алдағы уақытта медицина саласында атқаратын негізгі міндеттер айқындалды. Бір сөзбен айтқанда, тәжірибе жинақтадық десек болады. Қазір алдыңғыдай емес, жағдай тұрақталды. Сауда үйлерінің, кинотеатрлардың біртіндеп жұмыс істеуіне рұқсат берілді. Бірақ кинотеатрлардың ашылғанына қарсымын. Себебі, біз індеттің беті қайтқанына сенімді емеспіз. Қазір қайта шығып жатыр. Ашуға асықпау керек еді.

Үкімет бірінші толқыннан сабақ алып, екінші толқынға дайындыққа кірісіп кетті. Алдын ала болжам да жасады. Бұл ахуалды бақылауда ұстау үшін, бөлетін қаржыны есептеу үшін де керек шығар, кім білсін.

Халық жағдайды әлі түсінбей жүр

– Коронавирус инфекциясы ауа арқылы да тарайды. Адам көп жерлерге барудан аулақ болған жөн. Байқасаңыз, қазір жұрт босаңсып кетті. Құдды індет біржола арамыздан кеткендей жүр. Бұлай арқаны кеңге салуға ерте. Кейбір жұмыс берушілер қызметкерлерін онлайн жұмыс тәртібіне ауыстырғанын құптаймын. Мысалы сізден вирус табылса, оны жаныңыздағы адамға міндетті түрде жұқтырасыз. Ал жұқтыру мүмкіндігін болдырмау үшін маска тағу керек. Оны да дұрыс тақпайтындар көп. Мұрнын жаппай, иекке түсіріп алатындарды көріп жүрміз. Дәл бұлай тақсаңыз, ешқандай көмегі жоқ.

Ол ол ма, біздің халық әлі той тойлап, сауық құрғанын доғарар емес. Басына тимесе, ештеңе түсінбейді екен.

Індеттің бірінші толқыны кезінде әр отбасыдан бір адам ауырды. Кейбір отбасы ең жақынынан айрылды. Соны біле, көре тұра балалары ақ жаулықты анасын, ақ сақалды қариясын тойға апарады. Сонда олар өз ата-анасына жаны ашымай ма?!

Дәрігерлер күн сайын «Жасы үлкен кісілердің иммунитеті әлсіз, ауруды тез қабылдайды, той тұрмақ, сыртқа абайлап шығарыңыздар!» деп дабыл қағып, айтып жатыр. Оны елеп-ескеріп жатқан ешкім жоқ.

Қарт кісілердің бұрыннан келе жатқан жанама дерті болуы мүмкін. Коронавирус сол ауруды қоздырады. Тұтқиылдан келген дерт қас пен көздің арасында талайды жақынынан айырды. Осы жағын неге ойламаймыз?  

Бүкіл ақпарат құралдарында той өткізіп, құдалық жасап жатқандар үшін рейд жүріп, айыппұл салынып жатқаны айтылып жатса да, арнайы сенім телефонын орнатса да, сабақ болмай тұр. Мұны түсіну үшін сол отбасынан біреу өлу керек пе?

Біз өзімізді өзіміз қырдық

– Әр нәрсенің қадіріне жетуге соған деген мұқтаждық итермелейді. Індет кезінде дәрігерлердің көмегіне сұраныс көбейді. Былайғы жұрт онлайн түрде де кеңес алып, ем қабылдап жатты. Ақ халаттылардың беделі бір көтеріліп қалғанын жасырмаймын. Президенттің қаулысы бойынша жалақыны да, үстемақыны да уақытында алдық. Вирус жұқтырған дәрігерлерге де ақша берілді. Індет кезінде «Алматы жастары» бағдарламасы арқылы үйлі болдым. Үкімет барынша көмектесті.

Адам қиналған сәтте бәріне сенгіш келеді. Қазақта дәстүрлі халық медицинасы да үлкен рөл атқарады. Бірінші толқын кезінде қажетті дәрі-дәрмектің қоймада айлап жатқанын естідік. Біз өзімізді өзіміз қырдық қой. Яғни, дәрі тапшылығы қолдан жасалды.

Қалтасында ақшасы барлар дәріханада қанша данасы бар, бәрін сатып алып, қымбат бағаға қайта сатты. Ондай кезде адам өзгені емес, қара басының қамын күйттеп кетеді екен. Соған қарағанда, бір адам вирусқа қарсы үш дәріні ғана ала алады деген шектеуді әу бастан енгізу керек еді.

Алғашқы толқын арамыздан көбінесе жанама жүрек қан тамырлары ауруы бар адамдарды алып кетті. Оған әкелетін негізгі фактор – жас ерекшелігі, екіншісі – семіздік, үшіншісі – көп қимылдамау.

Әсіресе, бұл ауру соңғы жылдары жасарып кетті. Жастар тез әзірленетін майлы тағамды көп тұтынады. Бұл – бір. Екінші, қазір аурудың алдын алатын түрлі скрининг бағдарлама бар. Жұрт тегін шараға, аурудың алдын ерте алуға асықпайды. Әбден асқынғанда, инфаркт алғанда келеді. Аурудың белгісі қашан басталғанын сұрасақ, «Мазалап жүргеніне 2 жыл болды, бірақ дәрігерге бармадым» дейді. Бұл өзімізге жанымыз ашымау емей, немене?!

#коронавирус #эпидемия #індет #рейд #той #минздрав
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации