«Не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің!» Шетелдегі қазақ дәрігері А.Цойдың жұмысын сынады

20 сәуір, 17:58

Фото: nege.kz

Бүгін Денсаулық сақтау министрі А.Цой коронавирусқа қатысты болжамын айтты. Оның сөзіне қарағанда, егер вакцина науқаны кестеге сай жүрсе, тәулігіне 4000 науқас тіркеледі.

«Оптимистік сценарий бойынша вакциналау науқаны кестеге сай жалғасқан жағдайда, тәулігіне 3 мың науқасқа дейін тіркеледі, коронавирустың шарықтау шыңы сәуірдің соңына келеді. Ал реалистік сценарий кезінде вакциналау кестеге сай жүрген жағдайда, тәулігіне вирус жұқтырған 4000 адам тіркеліп, шарықтау шыңы мамырдың ортасында болады деп болжануда», – деді Цой.

Қазіргі кезде өңірлерде 188 мың вакцина дозасы бар екен. Сәуір айының соңына дейін 2 миллион, ал жыл соңына дейін 10 миллион адамды вакциналау жоспарланған.

Екпе вирустың таралуын тежей ме? Үшінші толқын қандай қауіп төндіруі мүмкін?

Тілшіміз Швейцарияда тұратын қазақ дәрігеріне және отандық сала маманына хабарласып, пікірлерін таразылап көрді. 

Серік Тұрсын, Швейцариядағы қазақ дәрігері:

Қазақстандағы карантинге қарап, не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің

– Жалпы, бізде (Швейцарияда – ред.) Уханьнан шыққан вирустың толқыны тоқтады деуге болады. Қазір Еуропада Ұлыбританиядан шыққан B117 мутациясы қатты тарап кетті. Тіркеліп жатқан науқастардың 80 пайызы вирустың осы түрін жұқтырған. Салыстырмалы түрде айтсақ, бұл да Қытайдан шыққан вируспен бірдей. Бар айырмашылығы – 48 күннен кейін қайтыс болатын адамдардың саны 64 пайызға жоғары. Бұл мутацияның бразилиялық P1 түрі де аса қауіпті. Қазір балалар көп ауырып жатыр. Тәуліктік өлім-жітім көрсеткіші артып кетті. Оған дәлел – Бразилияда тәулігіне 3-4 мың адам қайтыс болды.

Оңтүстік Африкадан шыққан B1.351 вирусы да оңай емес. Бірақ Еуропада аз тараған. Өкінішке қарай, енді Үндістанда тағы бір мутация пайда болды дейді. Бұл – B1.617 вирусы. Мұнда күніне 200 мың адам ауырып жатқанға ұқсайды. Айта кету керек, қазір Қазақстанда жұмыс істейтін Үндістан азаматтары көп. Солардың бірі әкелсе, елге тарап кетуі мүмкін. Демек, үшінші толқын – мутациялар толқыны деуге негіз бар.

Бұдан қашан құтыламыз?

Біріншіден, вакцина салдыру дейді. Вакцина жаңа мутацияларға көмектесе ме, жоқ па, білмеймін. Бұл туралы дау көп. Израиль үкіметі қарттардың 70 пайызына, АҚШ 50 пайызына екпе салды. Егер осы елдерде мутация өршіп кетсе, онда екпе көмектеспейді деген сөз.

Қазақстанда салып жатқан Ресейдің «Спутник V» екпесін АҚШ-тың Johnson & Johnson екпесімен салыстыруға болады. АҚШ Johnson & Johnson вакцинасын 6 млн 800 мың адамға салдырып, тоқтатып тастады. Өйткені, екпе салынған 18-48 жас аралығындағы 6 адамнан тромбоз шығып, біреуі қайтыс болды. АҚШ Johnson & Johnson екпесін тоқтатса да, Германия мен Грекия сатып аламыз деді. Германия өзіне 35 млн дозасын алып та қойды. Арнайы агенттік бұл екпеге Еуропа бойынша рұқсат берді. Еуропаның біраз елі осы екпеге тапсырыс береді деп ойлаймын. Қазір кейбір мемлекет Astra Zeneca екпесін салудан бас тартып отыр.

Швейцариядағы карантин. Фото: Reuters

Швейцария халқы Pfizer мен Moderna екпесін салдыртуда. Бізде де екпе жетпей жатыр. АҚШ алдымен өз халқын аман сақтап қалуға жанталасуда. Келесі жылы 50 келіден асқан балаларға да, жаңа туған балаларға да салынады деген ақпарат шықты. Вируспен ауырған адамдарға екпені алғашқы алты айда салғызып қажеті жоқ. Қазір адам ағзасында антидене 8 айға дейін болады екен.

«Қазақстанда мамыр айында вирус өрши түседі» деген болжам жайында мынаны айтқым келеді: Мұнда 100 мың адамға шаққанда қанша адам ауырады деген ақпарат жоқ. Оны есептемейді. Соған қарап, карантин шектеулерін енгізуді қолға алу керек. Мысалы, бір өңірде 100 мың адамға шаққанда 50 адамнан көп ауырса, карантинді қатаңдату қажет.

Қазақстандағы «карантин». Фото: almaty.gov.kz

Қазақстанның карантині өте күлкілі. Не жыларыңды, не күлеріңді білмейсің. Үш күн, бір жұмаға ғана жетеді. Ол – карантин емес. Карантинді кемі бір ай енгізу керек. Себебі, вирустың дамуы үшін екі жұма қажет. Оның клиникалық белгісі шыққанша, 2-5 күн өтеді. Ол вирусты басқаларға жұқтырып жүре береді.

Ержан Нұрмұхан, шығыс медицинасы дәрігері:

Салғырттық – вирус жұқтырушылар санын көбейтеді

– Індеттің үшінші толқыны мамыр айында өршуі әбден мүмкін. Себебі, әлем елдерінде де жағдай мәз емес. Үндістан, АҚШ, Еуропадағы вирустың таралуы қарқын алған. Бізде вирустың алғашқы толқыны кезінде көбінесе алдыңғы шепте жүрген медицина қызметкерлері көп жұқтырды.

Біріншіден, дайындық болмады, екінші – сақтық шаралары жеткіліксіз, үшіншіден, вирус туралы таным аз болды. Үшінші толқын бұдан да үлкен қауіп төндіруі мүмкін.

Жалпы, вирус адам ағзасында 6 айға дейін «ұйқтап» жатады екен. Содан кейін қоздырғыштары пайда болады. Бұрын ауырған адамдардың мұны жұқтыру деңгейі төменірек. Есесіне, кәрілік жеңген, иммунтиеті төмен, денсаулығы сыр берген адамдар мен балаларға жұғу қаупі жоғары. Бірақ біз сақтанудан шаршадық. Босаңсып, той-томалаққа, басқосуға баруды жиілеттік. Бұл салғырттықтың салдарынан үшінші толқында вирус жұқтырушылар саны артып, өлім-жітім көбейуі мүмкін.

P.S. Үшінші толқынға қатысты министрдің болжамынан кейін, ірі мегаполис –​ Алматы қаласының дайындығын білгіміз келген. Қоғамдық Денсаулық сақтау басқармасы басшысы Нариман Табынбаевқа хабарласқанымызда, денсаулығына байланысты уақытша демалыста екенін және орнына орынбасары жауап беретінін айтты. Алдағы уақытта орынбасарынан түсініктеме алуға тырысамыз. Ал қаланың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің әдеттегідей дымы ішінде...

#цой #карантин #вирус #пандемия
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации