Мұғалімге қысым көрсетілгені рас па?

04 желтоқсан, 19:32

Фото: ғаламтордан

Алматы облысы, Талғар ауданы, Дәулет ауылындағы №11 мектептің математика пәнінің мұғалімі Жанат Жапақова әлеуметтік желіге шығып, журналистерден көмек сұрады. Ол келгеніне екі жыл болған мектеп директоры Бақыт Ильчибаевадан қысым көріп жүр екен. Айтуынша, бірнеше рет кабинетке қамап қойған, соның салдарынан қан қысымы көтерілген.

«Дәулет ауылындағы мектепте парқорлық жайлаған. Дипломы жоқ мұғалімдер, бұрын сотты болғандар сабақ береді. Алалаушылық көп. Мектеп директоры біреулерге сағатты көбейтіп, енді біреулерден еш себепсіз сағатын тартып алады», – дейді Ж.Жапақова.

Nege.kz тілшісі Жанат Жапақоваға хабарласып, мән-жайды білді.

«Бұл мектепте 5 жылдан бері істеп келемін. Жоғары сыныптарға математика пәнінен сабақ беремін. Басында директормен қарым-қатынасымыз жақсы болды. 2016 жылы жаңартылған білім беру курсынан бірге өткенде көрші ауылдағы мектепте білім жөніндегі меңгеруші еді. Осы мектепке келгелі 2 жыл болды. Мін іздейді. Ата-анаға қарсы қояды. Басты себеп – шындықты айтсаң жақпайсың. Мұғалімдерді алалап, бес-алтауын жанына топтастырып алған. Мұғалімді сыйлау жоқ», – дейді.

Жанат Жапақованың айтуынша, бұрынғы директор мектеп мұғаліміне әлімжеттік жасаған соң, мұғалім де қарап тұрмай оның бетінен ұрған екен. «Сол директор осы оқиғадан кейін жұмыстан шығып кеткен. Ал қазіргі директор Бақыт Социалқызы әлгі істі болған директорды мұғалім етіп жұмысқа алды. Оның әйелі қазақ тілінің мұғалімі. Директордың үйін жинап, тамағын істеп береді», – деді.

«Біз пікірімізді айтсақ, «Елбасының құдашасымын» деп шығады. Осы уақытқа дейін үндемей келдім. Бірақ қысым жасауды жалғастыруын тоқтатпады. Сабақтың сағатын да қысқартып тастады. Былтыр 19 мұғалім өз еркімен жұмыстан кетуге мәжбүр болған. Бізде орыс сыныптары сабаққа салғырт қарайды. Негізгі пән – математиканы жетінші сабаққа қойған. Кешкі 7-де сабаққа ешкім кірмейді. БжБ, ТжБ жазатын кезде мүлдем таппайсың. Бірақ балалардың ата-аналары баға сұрап әкімге дейін барады. Осы мәселені директордың тәрбие жөніндегі орынбасарына, жасөспірімдермен жұмыс істейтін мектеп инспекторына ауызша айттым. Айналып келгенде, директор мен ата-аналар маған қарсы шығып, 5 сағатымды алып қойды».

Жапақова бұл мәселе жөнінде Алматы облыстық білім сапасын бақылау департаментінің бастығы Сәуле Нұраханқызына, Талғар аудандық прокуратураға арыз жазыпты. Бірақ нәтиже жоқ.

Тілшіміз Талғар ауданы білім бөлімінің бастығы Қарлыға Айсабекқызына да хабарласты.

«Мектепте бұрын істі болған, дипломы жоқ мұғалімдер жұмыс істейді» дегені – жалған. Мектепте дипломы жоқ мұғалімдердің жұмыс істеуі мүмкін емес. Мұны тек біз ғана қадағалап отырған жоқпыз. Жақын арада прокуратура жылдағы дәстүр бойынша жоспарлы тексеріс жүргізді.

Сотты болған мұғалімге байланысты айтсам, 2020 жылдың мамырынан бастап білім бөлімінде бір кабинетке компьютер қойылды. Ол жерде ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеттің ақпараттық жүйелері базасы орнатылған. Мысалы, директор мектепке бес мұғалімді жұмысқа алса, білім бөліміне ақпарат береді. Бүкіл аудандағы 3940 мұғалімнің дерегі осында. Оны арнайы маман базада бар ма, жоқ па, тексеріп береді. Кімнің қалай заң бұзғаны шығады. Сондықтан істі болған мұғалімді алуымыз мүмкін емес жағдай», – дейді Талғар ауданы білім бөлімінің бастығы.

Жанат Жапақованың сағатының қысқарып кетуіне байланысты пікір білдірген Қарлыға Айсабекқызы былай деді:

«Оған бұйрық бойынша 27 сағат берілген. Оқу жоспары бойынша 9 сыныпқа 5 сағат болған. Алайда, 9 «б» сынып ата-аналары Жапақованың үстінен шағым жазып, сабақ бермеуін сұраған. «Балаларға қысым көрсетіп, жасөспірімдер инспекторына есепке қойғызамын» деп қорқытады екен. Сөйтіп, педагогикалық кеңесте қарап, шешім шығарып, 5 сағатты кеміткені рас».

Талғар ауданы білім бөлімі бастығының пікірінше, мұғалім тарапынан жұмыс тәртібі бұзылған. «Жұмыстан шығармаған себебі, індет кезінде ешкімге обал жасай алмаймыз. Үш күн жұмысқа келмесе де, жай ғана сөгіс берілген. Ал 19 мұғалім жұмыстан кетті дегенге келсек, бұл да жалған. 6 мұғалім жұмыстан кетті, біреуі денсаулығына және қалған бесеуі тұрғылықты мекенжайының ауысуына байланысты шыққан», – деді.

Алматы облысы, Талғар ауданы, Дәулет ауылындағы №11 мектептің директоры Бақыт Социалқызының да пікірін білдік.

«Мұғалім айтқан пікірдің біреуінде факті жоқ. «Кабинетке қамап қойды» депті. Ондай жағдай болған жоқ. Сотталған мұғалімдер жұмыс істемейді. Неге аты-жөнін айтпайды? Бәрін 6 ай сайын тексереді. Дипломы жоқ мұғалімдер де жоқ. Айтқан пікірінің бәрі негізсіз. Өзі ата-аналармен тіл табыса алмайды. Қазан айында 10 ата-ананың 8-і кеп арыз жазса да, біз ата-аналарға тоқтау айттық. Дәулет ауылы Талғар ауданынан шалғайда жатыр. Интернет дұрыс ұстамайды. Сондықтан WhatsApp желісі арқылы оқимыз. Сондай кезде сабаққа кіре алмаған балаларды жасөспірімдер ісімен айналысатын инспекторға тізімдететінін айтып, қорқытады екен», – дейді.

Мектеп директорының айтуынша, мұғалім педагогикалық кеңеске шақырту алса да, қатыспай қойған.

«Келмесе де, ата-аналар шағымы бойынша акт жасап, 5 сағатын алып тастау туралы шешім шықты. Осы сағатты алу үшін үш математика пәнінің мұғаліміне ұсыныс жасап едік, олар да реніш білдірді. Ылғи қоқан-лоқы жасап жүреді. Шу шықпасын деп қана отырмын. Педагогикалық мәдениет жоқ. Ұжымдағы мұғалімнің көбі оған қарсы. Бұған дейінгі директормен де кикілжіңге барған».

«Мұғалімдерге Елбасының құдашасымын» деп айтасыз ба?» деген сауалымызға: «Құдашасы болсам, онда тұрған не бар? Мен ешқашан олай айтқан жоқпын. Бұлай айту масқара емес пе? Иә, туыстық қатынас бар. Айсұлтанның әйелі болған қыз туысым болып келеді. Мұғалімдер бір-бірінен сұрастырып, біліп алған ғой. Жағдайым керемет болса, 30 шақырым жерден келіп жұмыс істеймін бе? Өз еңбегімнің арқасында Ы.Алтынсарин медалін алдым», – деді директор.

Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін құзырлы органдар анықтасын. Бірақ Жанат Жапақованың айтуынша, Алматы облыстық білім басқармасынан хабарласып: «Кешірім беріңіз, сағатыңызды қайтып береді» деген көрінеді. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации