Миллиардер Өтемұратов зейнеткермен жекпе-жекке шыға ма? news video

05 наурыз, 17:56

Кәсіпкер Марат Нәбиев миллиардер Болат Өтемұратовты «рейдерлікпен айналысты» деп айыптап, жекпе-жекке шақырды. Әлеуметтік желі арқылы миллиардерге «сәлем» жолдаған кәсіпкер «жекпе-жекке халық төрелік айтсын» дейді.

«Өтемұратов мырза, мен сізді халық сотына шақырамын. Ашық онлайн пікірталас жасайық. Өйткені сіз менің бизнесімді күйреттіңіз, дүние-мүлкімді тартып алдыңыз. Екі мыңнан астам адамды жеп отырған нанынан, жұмысынан айырдыңыз. Бүгін мен сізді жауап беруге және дуэльге шақырамын. Кімдікі шындық екенін халық шешсін. Бұрын біздің халқымыз дау туғанда жекпе-жекке шығуды ұсынған. Мәселені әділ шешеміз. Маған бұдан басқа жол қалған жоқ. Егер мен халықтың дауыс беруі бойынша жеңіліп қалсам, қолымда бардың бәрін халыққа таратып берем. Ал егер мен жеңсем, сіз бар байлығыңызды зейнеткерлерге, көп балалы аналарға, мүгедектерге бөліп беріңіз. Қайырымдылықпен айналысып жүргеніңізді бәрі біледі. Бизнесмен ретінде мен де қайырымдылықпен айналысамын. Бірақ біздің айырмашылығымыз бар: мен өз еңбегіммен тапқанымды бөлісемін, сіз сияқты қолымда мүмкіндіктер жоқ және біреудің қалтасына қол сұқпаймын. Мен шақыртуды өзімнің достарыма, АҚШ-қа, Англияға, Германияға, Ресейге, Қытайға, Жапонияға, Израильге, Түркияға жібердім. Сондай-ақ әлемнің халықаралық бақылаушыларын да шақырамын. Біздің сот ештеңе шешпейді. Шешеді, бірақ әлдекімнің пайдасына ғана. Соттардың барлығы сізден қорқатынына көзім жетті. Өз мүддемді қорғаған сот процестері бұған дәлел.

Халық сотына шақырамын! Ашық жекпе-жекке шақырамын! Тек қана сіз және мен! Жалдамалылардың керегі жоқ! Мемлекеттік қызметте жүріп, қысқа уақыттың ішінде 3,4 млрд доллар тапқан керемет бизнесмен екеніңізді бүкіл әлемге дәлелдеген жоқсыз ба?! Егер менің шақыртуымды елемейтін болсаңыз, бүкіл әлем сіздің керемет бизнесмен емес, кәдімгі рейдер екеніңізге көз жеткізеді!

Зейнеткер Нәбиев миллиардер Өтемұратовты 16 наурызда Алматы қаласында, сағат 11:00-де, Бөгенбай батыр көшесі 62/2 мекенжайында «Эксклюзив» журналының студиясына шақырады!».

Осылайша зейнеткер Марат Нәбиев миллиардер Болат Өтемұратовты ашық айқасқа шақырып отыр. Миллиардер джентельмендік танытып, зейнеткердің бұл шақыртуын қабыл ала ма, әлде елемей қоя ма, ол жағы белгісіз.

М.Нәбиев 1956 жылы Ақмола облысында туған. Ауыл шаруашылығы маманы. Ауыл шаруашылығымен байланысты бірнеше шаруашылықта басшы болған. 1999 және 2004 жылы мәжіліс сайлауына түскен.       

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации