Маньякты түріне қарап тануға бола ма? Бұл сұраққа психолог жауап берді

02 мамыр, 09:28

Фото: ғаламтордан

Біздің қоғам не нәрсенің ара-жігін ажырата алмайтын делқұлы ма? Бұл дертке қашан және қалай шалдықтық? Біздің жаралы жанымызды кім емдейді? Бұл жайында психолог Айжан Жақанбайқызы Құдайбергенова тілшімізге кеңірек әңгімелеп берді. 

– Айжан Жақанбайқызы, сіз атышулы «Челах ісінде» Челахқа психологиялық экспертиза жасаған маманның бірі екенсіз. Есіңізде шығар, ол өзі адам ретінде қандай еді? Бүкіл қылмысты соның істегеніне сендіңіз бе?

– Мен комиссия мүшесі болдым. Бірақ сараптамаға байланысты ешқандай сұраққа жауап бере алмаймын. Іске дейін де, кейін де түсініктеме беруге қақымыз жоқ. Бұған заң бойынша тыйым салынған. Біз ешқандай ақпарат шықпайды деп қол қоямыз. Бірақ жалпы сараптама қалай өтетінін айтып берейін. Адам жауапкершілікті істеген соң көтереді. Әрине, қоғамда «жалғыз өзі істеуі мүмкін емес» деген пікір болады, болды да. Себебі, олар материалмен және Челахтың өзімен толық таныс емес қой. Біз бір ай бойы Челахпен жұмыс істедік. «Қарапайым солдаттың мойнына іліп қойды» деген – жай сөз.    

– Бір Челахқа ғана емес, қаншама істе айыпталушыға сараптама жасап жүрсіз ғой. Олардың саны да көп шығар...

– Жиырма жылда 20 мың адам демей-ақ қояйын, бірақ пәленбай мың адамға жасалды. Біздің мейлінше әділ болуымызды заң реттейді. Біз 420-бап бойынша «Тек шындықты айтуға, тек шындықпен жұмыс істеймін» деп қол қоямыз. Егер жалған ақпарат айтып бұрмаласам, мені заң жүзінде қылмыстық жауапкершілікке тартады. Сондықтан әр сарапшының жұмысы заңнамамен бекітілген. Менің шығарған қорытындымды бірнеше адам сараптайды. Тергеу ісі, прокурор, сот, одан қала берді айыпталушы мен жәбірленуші, тіпті осы процесті қадағалап отырған халық та бағалайды. Қоғамда резонанс тудырған қылмыстық оқиғаның сараптамасын бүкіл жұрт күтеді. Мысалы, сіз айтқан «Челах ісі» бойынша нәтижені сот отырысына қатысушылар ғана емес, дүйім халық білуге асықты.

– Жалпы, қылмыс жасаған адамның шын немесе жалған сөйлеп отырғанын бірден айыру мүмкін бе?

– Бұл бойынша арнайы методология бар. Өз басым айдаладан келіп, сарапшы бола салғаным жоқ. Алған білімім, жинаған тәжірибем бар дегендей. Соның негізінде бастапқы кезде бүкіл мәліметті жинаймын. Кейде жұрт арасында «Сарапшылар қажеттіні өзіне бұрып жаза салады» деген түсінік бар.

Тіпті, «айыпталушы өтірік айтып отыр, сарапшы соған сене салды» дейтіндер кездеседі. Бұл олай емес. Біз оның әрбір сөзін аңдап, сыни көзқараспен қараймыз.

Психологияның өзінің методикасы бар. Қаншалықты өтірік айтып отыр, әлде ойнап отыр ма? Бәлкім, аггравация (бар ауруды жоққа шығару немесе әсірелеу), симуляция (жоқ ауруды бар етіп көрсету) әдістерін пайдаланатын шығар. Мұның бәрі сараптама барысында айқын көрінеді. Оның үстіне комиссияда бір ғана емес, бірнеше маман қарайды. Бір адамды алдауға болатын шығар, ал бір рөлді қатарынан 4-5 адамның алдында ойнау мүмкін емес.

 Ал егер айыпталушы мүлдем жазықсыз болып, нақақтан нақақ күйіп отырса ше?

– Бұл біздің жұмысымызға жатпайды. Бұл – тергеу ісі мен сот процесі кезінде анықталатын нәрсе. Біз тек дені сау ма, жоқ па, соны анықтап береміз. Сосын қылмысты не себептен жасағанын білеміз. Ал алдымызға «Бұл неге қылмысты мойындап отыр? Оған тергеуші тарапынан қысым көрсетілді ме?»  деген сауал қойылса, онда басқаша жұмыс істейміз. Ол кезде айыпталушы жәбірленушінің статусына өтуі керек. Сол кезде қылмысты не себептен мойнына алғанын айта аламыз.

– Қылмыспен қолын көп былғайтындар психология жағынан қандай болып келеді? Біз арамызда сондай адамның жүргенін қалай біле аламыз?

– Олардың анық белгілері көрінетін болса, қылмыс жасамай тұрып, анықтаушы едік. Күнделікті өмірде оларды байқай да алмаймыз. Егер маман сол адамға негізделген мұқият зерттеу жүргізсе, анықтауға мүмкіндік бар. Тарихтағы маньяк Чикатилоны айтсақ, оның айқын бір ерекшелігі болған емес. Сондықтан «адам өлтіргіштердің осындай ерекшелігі бар» деп кесіп айта алмаймыз. Тек ғылыми тұрғыдан физиологиялық және психологиялық көрінісінде қандай да бір белгі болуы мүмкін. Бірақ, мұның бәрі болжам. Бұл 100 пайыз дәлелденген тұжырым емес.

– Аяжан Еділованың өлімі қоғамды дүр сілкінтті. Осы қылмысқа барған күдіктіні жұрт «маньяк» деді. Сіздіңше қалай?

– Олардың түріне қарап тани алмаймыз. Туғаннан осы күнге дейінгі өміріне анализ жасасақ қана баға береміз. Былай, оны «маньяк» деп айту дұрыс емес. Осындай оқиғаны интернет желісінде қайта-қайта жариялай беруге болмайды. Біз кімді, қалай тәрибелеп жүрміз? Сосын адами тұрғыдан қарасақ, екі отбасының басындағы жайтты ойлауымыз керек. Адам басына қайғы түскенде басудың орнына көпсітіп жатырмыз. Мәселен, сол Аяжанды өлтірді деген жігіттің отбасы қандай күйде? Ол отбасында одан басқа екі бала, әкесі-шешесі бар. Олар әрі қарай да өмір сүруі керек қой. Білсеңіз, анау Челахтың әке-шешесі басқа мемлекетке көшіп кетті. Ал мына кісілер қайда барады? Бұл кісілердің қайғысы екі еселенбесе, азаймайды. Қылмыскер ұлын «тірі өлік» ретінде қабылдап, осы оқиғаның өз отбасында болғанын мойындау керек. Бұл – сол үйдің, сол отбасының  қайғы-қасіреті. Ал біз адами құндылықты ұмытып, біреудің жарасын тырнай береміз. Оның бәріне – интернет кінәлі. 

– Қазір психологтың көмегіне жүгінетіндер көп пе?

– Ол рас, қазір көп адам психолог іздеп кетті. Интернетті ашып қалсаң психологияға қатысы жоқ адамдар да «психологпын» деп марафон өткізіп жатады. Соған сенетін жұрт та қателікпен өмір сүруде. Олар неге психологтың көмегіне зәру? Өйткені, біз шынайы қарым-қатынаста жоқпыз. Біз виртуалды өмірде жүрміз. Соның салдарынан құрдымға кетіп барамыз.

Кешкісін кез келген дәмханаға ауызашарға барсаңыз, бәрінің қолында телефон. Бізді дастарқан басына қосып отырған дін мен иман емес пе? Ауыз ашқанға дейінгі санаулы уақытта адами қарым-қатынас жасаудың орнына әлеуметтік желіге кіріп кетеді.

Біз бір-бірімізбен көзбе-көз сөйлесуден қалдық. Интернет бізді бұзып жатыр. Әлгінде айтқан Аяжанның өліміне қатысты оқиға да интернеттің кесірі. Бізде отбасылық институт жоқ, көзбояушылық көп. Біз қарым-қатынастың дефицит режимінде жүрміз.

Ол ол ма, танымал әншілер де өзін психолог санап, 5 мың адам жинап, марафон өткізіп жүр. «3 мың теңге екен, қатысайын. Ол ақша түсіп те қалады» дейді біреулер. Мәселе – ақшада емес, топтық, ұжымдық сананы билеуде. Психологиялық көмек ұжыммен бірге берілмейді. Бір ұстазым: «Біздің жұмыс – зергерлік жұмыс» дейтін. Әр адамның өз ерекшелігі, мінезі бар. Біз соның бәріне жеке-жеке үңілеміз.

Ал марафоншылар қаншама адамның алдында «Отбасыңды сақтап қалуды үйретемін» деп сенімді түрде айтады. Бұл мүмкін емес. Біреудің үйіндегі болған мәселе екіншісіне тән емес. Сорақысы сол, «Айнаға қарап, мына сөзді 100 рет қайталасаң, байып кетесің» деп аффирмация айтқызады. Ол байып кетуі үшін онымен тікелей жұмыс істеу керек. Ал әлгі адам бір аптадан кейін өзінің әлі бақытсыз күйде жүргенін сезінсе, не болады? Сондықтан әркім өз кәсібімен айналысуы тиіс. Ал біз әр мәселені жеке қарастырамыз. Сіз ішкен дәрі тура солай ауыратын құрбыңызға көмектеспеуі мүмкін.

– Бәлкім, психологтар өздеріне сұраныс артқан сайын, ақысын да қымбаттатып жіберген шығар. Содан кейін де жұрт көмекті ұжымдық марафондардан алуға мәжбүр болуы мүмкін ғой...

– Тағы айтам, мәселе – ақшада емес. Көпшілік жұрт неге марафонға қатысады? Олар психологқа барудан қорқақтайды. Іштегі қорқыныш сезімін жеңе алмайды. Бізде «психологқа барсам, біреу есі дұрыс емес деп ойлайды» деген стереотип бар. Сөйтеді де, «Марафонда біреудің мәселесі маған ұқсас екен, соны тыңдап мен де жеңілдеп қалдым» деуі мүмкін. Ол сіздің мәселеңіз емес. Сосын адамдар өзін ақтап алу үшін «психологтың көмегі қымбат» деп шығады. Жаның күйзеліп тұрса, психолог қана көмектесе алады.

– Бізде психолог мамандар жеткілікті ме?

– Қазір екінің бірі – психолог. Тоқсаныншы жылдары психологтарды санаулы оқу орындары дайындайтын. Бүгінде бүкіл оқу орнында бар, тіпті М.Тынышпаев атындағы ҚазАТК-ның өзінде де психологтарды оқытады екен. Демек, диплом алып жатқан маман жеткілікті. 

#психология #қоғам #адам
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации