Клара Садырбаева: Академия басшылығы маған жала жауып отыр

16 қазан, 08:45

Фото: ғаламтордан

Nege.kz порталында «Тынышпаев атындағы академияның НЕГЕ тынышы кетті?» атты мақала жарияланған еді. ҚазККА басшылығы бас лицензиясынан айыру туралы шешім шығарған БҒМ-нің  Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің шешімімен келіспейтінін айтып, сотқа беретінін мәлімдеді. Сондай-ақ, олар мұның артында қандай да бір «үшінші күштің» барын айтып қалды. Журналистердің жан-жақтан қойылған «Ол кім?» деген сұрағына ҚазККА-ның Өзбекстандағы өкілі К.Садырбаева мен М.Урумбетова деп жауап берген.

Біз оқу орны басшылығы «үшінші күш» деп атаған Клара Садырбаеваға хабарласып, пікірін білгенбіз. Ол: «Менде барлық құжат бар. Керек болса, факті алып барайын», – деп сұхбат беруге дайын екенін айтты. Шынында да, редакцияға бір құшақ құнды құжаттарды көтеріп келіпті.

К.Садырбаеева

– Клара Құндыбайқызы, М.Тынышбаев атындағы ҚазККА басшылығы лицензиядан айыру туралы шешімнің артында қандай да бір үшінші күштің қатысы бар екенін қадап айтты. Олардың айтуынша, үшінші күш сіздер көрінесіздер. Бұл оқу орнына Майя Урумбетова екеуіңіздің қандай қатысыңыз бар?

– ҚазККА басшылығы журналистерге баспасөз мәслихатын өткізіп, біздің атымызға қара күйе жағып, «үшінші күшке» теңепті. Бізді қай мақсатта тілге тиек етіп отыр? Түсінікті болу үшін басынан баяндайын. Өзім – Өзбекстанның азаматымын. Өзбекстан республикасындағы Қазақ мәдени орталығында білім саласы бойынша төраға орынбасарымын. Ал Майя Урумбетова – менің қызым. Ол – Қазақстанның азаматы. 2018 жылы Қазақстандағы Өзбекстан жылы, ал 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы болып жарияланғаны белгілі. Сол кезде ҚР-ның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі Ерік Өтембаев еді. Бірде «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ вице-президенті Зүлфия Төребекова Ташкентке келгенде елшілікке шақырды. Бардым.

«Екі елдің арасында алтын көпір болып жүрсіз ғой. Осындағы қандастардың балаларын Қазақстанда білім алуға мүмкіндік туғызсақ. Соны ұйымдастыру жұмысын қолға алсаңыз жақсы болар еді» деп қолқа салды.

Одан бұрын 2017 жылы Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының бұрынғы төрағасы Т.Мамашев пен  Алматыдағы Қыздар педагогикалық университетінің сол кездегі ректоры Динар Нүкетаева хабарласып, Өзбекстанда Ы.Алтынсарин атындағы олимпиаданы өткізуге жергілікті министрлік рұқсат бермей жүргенін айтқан. Жіберген хаттары да жауапсыз қалған екен. Содан 2017 жылы наурыз айында Олимпиаданы өткізуге жәрдемімді тигіздім. Сол кезде Ташкентте және Өзбекстанның басқа облыстарындағы қыздар Қыздар педагогикалық университетіне оқуға қабылданды. Көп ұзамай ректор Д.Нүкетаева бізді Алматыға шақырып, Олимпиадада жеңген үш қызға грант берді. Міне, менің екі елдің білім беру саласына тигізген пайдамның бір парасы осыдан басталды. Бұдан кейін Ташкент, Самарқан, Навои, Бұхара, Нүкіс, Қаршы қаласында және барлық облыс әкімшіліктерімен бірге іс шара ұйымдастырып, Қазақстан білім күнін өткіздік. Оған Қазақстаннан 47 жоғары оқу орны қатысып, әрқайсысы білім беру көрмесін, жәрмеңкесін ұйымдастырды.

Ал ҚазККА-мен әріптестікті қашан орнаттыңыз?

– 2017 жылы ҚазККА-ның ректоры болған Бақытжан Қуанышев Өзбекстандағы көрмеге білім саласы жөніндегі проректорын жібереді. «Қазір біздің оқу орнында Өзбекстан бойынша 25-ақ студент оқиды. Сіз біздің оқу орнымыздың өкілі болып, этникалық қазақ отбасыларынан 100 шақты баланы тартуға көмек берсеңіз» деген ұсынысын жеткізді. Сөйтіп, менің атыма сенім хат жіберген соң көмек беруге тырыстым. Алайда, біршама уақыттан кейін «Бұл жұмысты істеуге уақытым жоқ. Алматы қаласында тұратын қызым Майя Урумбетоваға айтсаңыздар» дедім. Содан 2017 жылы келісім-шарт бойынша  қызымды агент ретінде қабылдайды.

2018 жылы Өзбекстанның егемендік алған күні 1 қыркүйекте Қазақстан білім күндері өтіп жатқанда сол кездегі ректор Бақытжан Қуанышев бәрінің көзінше «Сіздердің балаларыңызға грант береміз» деген еді. Өкініштісі, тура сол күні ол кісіні ректорлық қызметтен босатып, орнына Ербол Ізбасаров келді. Жоспар бойынша 100 бала тарту керек десе, 2018 жылы  800-ден артық студент ҚазККА-ға қабылданды.

Жаңа ректор келген соң, қызым Майя да кетіп қалды. Кейін ол да проректорлары Дмитрий Пья мен Вячеслав Малыгинді жіберіп, тіпті  сол жылы оқу орнын сатып алған құрылтайшы Мырзахан Салықбаев та Ташкентке ұшып келді. Елшілікте жүр едім, проректор хабарласып: «Клара апай, сізбен жолығу үшін құрылтайшының өзі барып еді» деді. Содан жиналыс өткізіп, бізді Өзбекстанның Білім министрлігіне алып кіріп, Қазақстанның Өзбекстандағы өкілдігін ашуға жәрдем берсеңіз» деді. Министрлік қабылдады. Ректор Берік Аркенов пен оқу ісі жөніндегі проректоры Салтанат Әмірғалиева екеуі кірген кезде жекеменшік оқу орны болған соң, өкілдік ашуға рұқсат бермеді. Алайда, Өзбекстанның азаматы ретінде екі ортада қоғамдық жұмыстарға араласып жүргенімді ескеріп, маған бұл жұмыспен айналысуға болатынын айтты. Мұны ректор Берік Аркенов естіп қалып, «Сіздің қызыңызға қызмет берем...» деп жабысты. Біз ҚазККА ғана емес, барлық оқу орнына бала тартуға көмектестік. 

Сонда әлгі оқуға қабылданған 800-ден астам студент тек ақылы негізде оқыды ма?

– 2017 жылы Ташкент қаласында өткен білім күнінің арқасында келісімшартпен 1300 бала, 2018 жылы білім жәрмеңкесіне Қазақстанның 39 жоғары оқу орны қатысып, 20 мыңнан астам студент қабылданды. Ал 2019 жылы Өзбекстандағы Қазақстан жылы аталып өткен кезде 40 мыңнан астам бала қабылданды. Оның ішінде өзбек, татар, тәжік, орыс бар. Көбі жақын болған соң Шымкент қаласын таңдады. Бәрі оларға логин, паролін беріп, заң негізінде білім берсе, бірақ ҚазККА ғана мүлдем оқытпаған. 2019 жылы күні кешегі күнге дейін ректор міндетін атқарған Ажар Беисова маркетинг департаментінің директоры болған кезде 5 мың кітапша шығарып, Өзбекстанға беріп жіберген.

Сенсеңіз, онда оқу орнында жоқ қайдағы «Туризм», «Дене шынықтыру» факультеті бар деп жазып қойған. Біз оны қайдан білейік, Өзбекстанның қалаларына, облыстарына тараттық. Осы екі факультетті таңдаған балалар алғашқы төлем ретінде 100 мың теңгеден ақша құйған. Ең қызығы, әлгі кітапшаға «Өзбекстандағы өкілі» деп менің аты-жөнім жазылған. Әрине, содан кейін мені қаралау оңай.

Өзбекстанда өкілдік ашылмаса да, өздері қағаз жүзінде бұйрық шығарған. Тіпті, маған келісім-шарт бойынша студент тартқаным үшін ақша төлеуі керек. Бірақ оны да төлеген жоқ. Сорақысы сол, қызымды жалған бұйрық бойынша «декан» етіп қойған.

2019 жылдың 3 шілдесінде «агент» болса, сол жылдың 3 маусымында «декан» деп бұйрық шығарған. Бәрі де ақша төлемеу үшін. Ақша алмақ тұрмақ, жәрдем ретінде Ташкенттен үш бөлмелі кеңсені үш айға 61 500 теңге төлеп, алып бердім. Соның арқасында ҚазККА 2 мыңнан астам студент қабылдады. Оқу орны басшылығы Нүкіс қаласының тұрғыны Саид Аминов деген жігітке грант беретінін айтып, оны кассир етіп тағайындайды. Оқу орнының мөрі желтоқсанға дейін сол баланың қолында болды. Басшылық балалардың ақшасын өз туыстарының есепшотына құйғызып отырған. Мына чектің бәрі соның үйінен табылды. Енді келіп «бұл ақшаны қызым екеуміз жеді» демекші ғой.

– Сонда Өзбекстаннан оқуға қабылданған 2 мың студенттің бәрі диплом алмады ма?  

– 2017 жылы Бақытжан Қуанышев ректор болып тұрғанда оқыған студенттердің бәрі алмады. Оның көбі сырттай оқу бөліміне түскен. Ол кездеҚазақстанда сырттай оқу жүйесі бар еді. Алайда, олардан тек ақша сора берген, сора берген. Бірде бір балаға логин, пароль ашып бермеген. 2018 жылы оқу орны қалай жекеменшік қолына өтті, солай оқу мүлдем болмаған. Қысқасы, содан бері көздегендері тек ақша. Одан бұрын студенттерді сессияға шақырып, зачет кітапшасын ашып, кәдімгідей сабақ өтетін. 2 мың баланың біреуі дұрыс білім алған жоқ. Ал күндізгі бөлімде оқыған студенттер де оқыды деген аты ғана. Көбі оқу кезінде жұмыс істеп, ақша тауып жүрді. «Сабақ қайда?» десең, «Ақша төлесек болды ғой» дейді.

– Сіздіңше, Қазақстанда сырттай оқу жүйесін алып тастаса да, оқу орны студент қабылдай берген бе?

– Қазақстанда сырттай оқу жүйесі 2018 жылы желтоқсаннан алынып тасталды ғой. Бірақ 2019 жылы тамызда шыққан бұйрық бойынша Алтынай Сағынбаева деген студентті сырттай оқуға қабылдаған. Ректор, қабылдау комиссиясының төрағасы қол қойған. Министрлік сырттай оқуды жапса, бұлар неге оған студенттер қабылдайды? Өтірігі шығады деп ойламай ма? Өткенде Нүкісте студенттер мен ата-аналар наразылық танытты. Неге кеше ғана ректоры болған Ажар Беисова өтірік кітапшалар шығарады? Оған министрлік рұқсат берді ме? Неге жоқ факультетті жазып, бала жинады? Ата-аналар айналып келгенде бүкіл өкпе-назын маған айтты. Себебі, сол кітапшаларды таратып берген біз ғой. Ал «Туризм», «Дене шынықтыру» факультетіне қабылдағандарды басқа мамандыққа бөліп жіберген.

 

Ата-аналар: «Біз «Туризм» факультетіне тапсырдық қой. Себебі, балам колледже сол мамандықты оқыды. Мұндайын білгенде біз басқа оқу орнына тапсыратын едік қой» деді. Сол кезде ректор, құрылтайшысы, оқу ісі жөніндегі проректоры Өзбекстанда бала жинап, үш ай жатты. «Бұл факультетке бала қабылдамаңдар!» деп неге айтпады?

Қабылдау комиссиясының төрағасыОқу ісі жөніндегі департамент басшысы Д.В.Пья өзбекстандық студенттердің құжатын қабылдап отыр. 

Ең сорақысы, 2019 жылы 27 қарашада сырттай оқу бөліміне қабылданған Өзбекстаннан келген студенттерді оқу орнына кіргізбеген. 1 мыңнан астам баланы артқы есіктен кіргізіп, екі бөлмеге тығып, кітап сатып, зачет кітапшасын толтыртқызған. Қол қойып беріп, банкке ақша құйғызып, үйіне қайтарып жіберген. Бәрін ректор Берік Аркеновтің өзі басқарып, бүкіл декандарына сондай тапсырма берген. Тіпті, тегін берілуі тиіс жатақханаға да жайғастырмаған. Осындай да оқу бола ма? Бір күнге келіп, бір күнде қайтарып жіберген оқу орнын қайдан көрдіңіз? Ата-аналардың ішінде лауазымды қызметте істейтіндері, көзі ашықтары көп. Олар бізге хабарласып: «Неге баламызды мұндай оқу орнына кіргіздіңіз?» деп реніш білдірді. Сонда сонау жерден келгенде есіктен емес, тесіктен кіргізіп: «Министрліктен тексеру жүріп жатыр. Сол үшін өзбекстандықтарды есіктен кіргізуге қақымыз жоқ» деген сол кездегі ректоры Берік Аркенов. Сонда неге олардың құжаты мен ақшасын алады? Құжат қабылдаған кезде бұйрыққа сырттай оқу бөлімі деп жазады да, акт құжатына қашықтан оқу деп жазады.Өтірік қой бәрі. Біз қалай кінәлі боламыз? Менің миссиям – бала тартып, көмектесу ғана. 1 жарым млн этникалық қазақтың отбасында 5-6 баладан бар, олар 375 қазақ мектебінде білім алады. Соларды атажұртта оқытсақ деген мақсатта меморандум жасауға қолұшымды тигіздім. Өзбекстандағы облыс әкімшілігімен байланыста болғанымды біліп, өздері жабысып алған. Сөйтсем, олардың масқаты – тек бала тартып, ақша алу екен. Маған алғыс айтудың орнына бізді неге «үшінші күш» дейді? Өздері білім саласын былыққа батырып отырған жоқ па?

– Сонда ешбір студентке грант бермеген бе?

– «Тым болмаса, этникалық қазақтардың балаларына грант бермейсіз бе?» дегенде Өзбекстан министрлігінде болған жиналыста ректор Берік Аркеновтің өзі «40 грант бердім» деп айтты. Алайда, ол «грант бөлдік» десе де, ол орнынан кеткен соң келесі ректор Ажар Беисова оны жоққа шығарып «Біз грант бермейміз. Бізге министрлік қаржы бермейді» деп үзілді-кесілді алып тастаған. Сөйтіп, ол студенттерге ақша құйғызды. Бірақ грант бөлінді деген бұйрық бар. Содан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзяевтің атына хат жазып, «Қазақстандағы студенттерді өзіміздің оқу орындарына ауыстыруға жәрдем беріңіз» дедім. Сөйтіп, екі елдің министрліктері келісіп, шешетін болды. Содан біраз бала Өзбекстандағы оқу орындарына ауысуға мүмкіндік алды. Мысалы, грант иегері атанған Севара Махмудова деген қыз Навои қаласындағы Тау кен институтына ауысқан еді. Бірақ кешегі ректоры Ажар Беисова «құжатын бермеймін, ол грантта оқыған жоқ, ақша төлесін» депті. Күні кеше осы қыздың шешесі хабарласып, жылап отыр. Мұндай балалар көп. Кейбірін оқудан мүлдем шығарып жіберген. Басқа ЖОО-нан мұндай қитұрқы әрекеттер байқамадым. Осыншама заңсыздықты кімнің мойнына жүктемек? Тіпті, біздің сөзімізді сөйлеген сол кездегі проректор Вычяслав Малыгинді жұмыстан шығарып жіберді. Айтпақшы, дәл қазір проректоры Сейдулла Абдуллаев Ташкентте, Нүкіс қаласында жүр екен. «Министрлік жала жауып жатыр. Біз министрлікті сотқа береміз. Біздің лицензиямызды алған жоқ» деп құжат жинап отыр дейді. Ал қабылдау комиссиясының төрағасы Аркен Шанлаяқов: «Лицензиямызды қайта алдық» деп әлі күнге халықты алдап отыр.

Венера, ата-ана:

Құжатымызды ала алмай отырмыз

– Балаларым оқу орнының сырттай оқу бөліміне қабылданды. Қызым Әмина Қалбаеваны Нүкіске ауыстырып алып, құжатын сұрасақ, бермей жатыр. 2 жылдың ақшасын құйдық. Ал інім Ұлықбек Тұрдымұратов бір рет ақша төлесе, оған «төлемедің» деген. Енді барып, сұрайық десек карантин болып кетті. Әлі құжаты ҚазККА-да жатыр. Ауыстырып ала алмадық. Ал тағы бір ұлымды Нүкістегі оқу орнына ауыстырсақ та, құжатын ала алмай отырмыз. Біреулерге тағы ақша төлеңдер, сосын береміз депті. Олар түк оқыған жоқ. Не сессияға да шақырмайды. Енді құжатын алуға көмектессеңіздер деген тілегім бар.

Дәулет Сабуров, Хорезм қаласының тұрғыны:

Диплом қорғау үшін 147 мың теңге сұрады

– Өзім осында колледж бітіріп жұмыс істеп жүр едім. Содан жоғары білім алу керек болды. 2018-2019 жылы 2 жылдық сырттай оқуға қабылдандым. Бізді адам санап, ешкім хабарласпайды да. Диплом қорғайтын уақытым да келді. «Егер онлайн қорғайтын болсаңыз, 147 мың төлеңіз» деді. Өзбекстандағы оқу орнына ауысайын десем, оған да рұқсат бермеді. 2018 жылы барып едім, бір кабинетте дәріс өткендей болды. Одан кейінгі сессияда мүлдем ештеңе өтпеді. Тек ақшасын төлеп қайтатын едік. Шынымды айтсам, қандай факультетте оқитынымды да білмеймін. Курстан курсқа өткен, өтпегенімнен де хабарым жоқ. Біз жаққа проректорлар, құрылтайшысы Мырзахан Салықбаев та келді. Соларға сеніп қалдық. Қазақстандағы Өзбекстан жылы, сосын Өзбекстандағы Қазақстан жылы аталып өткен кезде талай студент қабылданды. Өзімнің туыстарыма да айтып, 16 бала құжат өткізді. Олар да екі ортада сандалып қалды. Ақшаны екі есе төледі. 20, 40, 50 мыңнан әр нәрсеге төлем алып отырды. Сіздерден өтініш, бізге құжатымызды алуға, басқа оқу орнына ауысуғаа жәрдем беріңіздерші.    

P.S. Сенімді ақпарат көздерінің айтуынша, қазір ҚазККА ректорының міндетін атқарушы Ажар Беисованың орнына Салтанат Әмірғалиева келген көрінеді. Бұл оқу орнының 2018 жылы жекеменшікке өткеннен бергі жетінші ректоры екен. 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации