Қазбек Бейсебаев: Билік пен партия егіз ұғым емес

14 мамыр, 22:48

Фото: tengrinews.kz

Билеуші «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбектің Мақтарал ауданына барып, зардап шеккен жергілікті ауыл тұрғындарымен кездескенін БАҚ жазды.

Әрине, төтенше жағдай туындап, жұрт дүрлігіп жатқанда билеуші партия тыс қала алмайды. Бірақ партия басшысының (мейлі, ол билеуші партия болса да) бұл сапарын БАҚ мемлекеттің лауазымды тұлғасы барғандай насихаттап жатыр. Тіпті «Нұр Отан» төрағасының орынбасары салынатын үйдің іргетасын қалай құйып жатқанын көрсетті.

Одан кейін партия төрағасының орынбасары Түркістан облысы әкімімен бірге отырып, «жедел штабтың отырысын өткізгені, онда аса түйткілді мәселелер талқыланғаны, инфрақұрылымды қалпына келтіру сөз болғаны» туралы жазды.

Мұны қалай түсінуге болады?

Егер партия төрағасының орынбасары «Нұр Отанның» облыстық филиалы басшысымен кездесіп кеңес өткізсе, мұны түсінер едік. Егер солай болса, солай деп жазсын.

Олай болмаған соң билеуші партияның басшысы мемлекеттік органның облыстық өкілдерімен кездескен болып шығады.

Ұмытқандардың есіне салып қояйын, Конституция бойынша билік пен партия егіз ұғым емес.

Қысқасы, күзге қарай парламент сайлауының науқаны басталады. Сол үшін билеуші партия өзін ұмыттырмауы керек.

Фейсбук парақшасынан.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации