«Қазақстанды Ресеймен салыстыруға болмайды»

30 сәуір, 13:09

Фото: nege.kz

Ресей коронавирус жұқтырғандар саны бойынша Қытайдан озды. Салыстырмалы түрде айтсақ, Қытайда COVID-19 індеті тарағалы бері 83 912 адам вирус жұқтырса, Ресейде жүз мыңға жуықтады. 972 адам көз жұмып, 10 мыңнан астам науқас жазылып шықты. Negе.kz тілшісі Мәскеу қаласында тұратын қандасымыз Жарқын Өтешовамен сұхбаттасты.

– Мәскеуде тұрып жатқаныма 33 жыл болды. Әу баста жұбайым аспирантурада оқуына байланысты келіп, осында қалдық. Өзім «Қазақ тілі» қоғамы төрағаның орынбасары болдым. Қазір «Астана» қорының президентімін. Мәскеуде қазақтың ұлттық дәстүрі мен мәдениетін насихаттауға шамам келгенше өз үлесімді қосып келе жатырмын. Тіпті, бұл жөнінде жазған 5-6 кітабым бар. Қазір зейнетке шықсам да, «Астана» қорының жұмысымен айналысамын. Биыл ақпан айында қордың бастамасымен Абайдың 175 жылдығын Германияның Берлин қаласында тойлап қайттық. Өте жоғары деңгейде өтті.

Шараны Берлинде 21 ақпанда өткізіп, 23-і күні түнде Мәскеуге келдік. Біз келген күннен бастап коронавирус туралы мәліметтер қызу талқыналып жатты. Сол кезде Еуропада індет басталған еді. Берлин қаласында да дерт жұқтырған науқастар тіркеліп жатқан соң, шараға 200 шақырым қашықтықтағы қазақ қоғамындағы азаматтар қатыса алмады. Мәскеуге жеткеннен кейін бір аптадай өзімді жайсыз сезіндім. Айналамдағы адамдардың қауіпсіздігін ойлап, карантин талаптарын сақтадым. Міне, 13 наурыздан бүгінге дейін далаға шықпадым.  

– Әйтеуір індеттен амансыз ғой?

– Құдай сақтасын, бәрі сақтық шарасы үшін ғой. Бәлкім, жұқтырып алып, көшеге шығып кетсем талай адамның өміріне қауіп төндірер ме едім. Себебі, бұл індет ағзаға кіріп алса да, алғашқы белгілерін байқатпайды екен. Сондықтан әр адам өзін ғана емес, айналасын да ойлағаны жөн. 13 наурыздан карантинде жетіскеннен жатқан жоқпын. Қолымнан басқа келетін амал жоқ. Мен дәрігер емеспін. Үйден шықпау арқылы ғана ауруды жеңуге үлес қоссам деймін. 60 жастан асқан адамдар көтере алмайды екен. Себебі иммунитет төмен. Біз туған кезде иығымызға БЦЖ екпесін салатын. Бұл басқа елдерде жоқ. Неге бізде өлім саны аз? Себебі, ағзамызда аз болса да вирусқа қарсы тұратын иммунитет бар деген сөз.

– Қазір Ресей індет жұқтырушылар саны бойынша әлемде екінші орынға шықты. Бұл статистиканы жергілікті халық қалай қабылдап жатыр?

– Ресейде індет өршіп тұр. Ақпарат көздері Мәскеудің өзінде бір тәулікте 1900 адам жұқтырып, 37 адам көз жұмды дейді. Сондықтан бұл індетке бейжай қарауға болмайды. Қазір жер бетіндегі халықтың бәрі оған қарсы тұратын екпенің жоқтығынан үрейленіп отыр. Оның үстіне өкпенің басқа дертіне шалдыққан науқастың бәрін коронавируске жатқызып, шатасып жатқандар бар. Сондықтан бұған «Бұл саясат немесе жәй вирус» деп қарауға болмайды. Бұл – халықаралық қастандық емес, қауіпті ауру. Әркім өзін сақтап, жауапкершілікпен қарау қажет. Тез таралып жатқандықтан оқшауланып, үйде отыру керек.

– РФ президенті Путин «Біз бәрін жеңдік. Коронавирусты да жеңеміз» деп еді өз үндеуінде. Алайда, жағдай керісінше өрбіп жатқаны байқалады. Негізінен қай қалада өршіп тұр?  

– Індет жұқтыру бойынша Ресейде Мәскеу бірінші орында. Мәскеу – үлкен мегаполис. Бүкіл Қазақстан халқындай бар. Мәскеудің тұрғылықты халқы шамамен 15 миллионнан асатын болса, оған сырттан келгені, тіркелмегені бар, бәрін қосқанда 18 млн адамға жетіп қалады. 180 миллионды 18 миллионмен салыстыру мүмкін емес. Сондықтан Мәскеу өз алдына бір мемлекет. Әрине, індет тіркелген күннен бастап президент Путин шешім қабылдап, барлық адамның үйден шықпауын, аурудың таралуына жол бермеу керектігін айтты. Себебі әр қателіктен бір нәтиже шығару керек. Бәріміз естіп-көріп отырмыз, сауатымыз бар. Ақпарат құралдары арқылы Испания, Италия, АҚШ-та қандай жағдай болғанын білеміз. Қазір АҚШ індет жұқтырудан бірінші орында тұр. АҚШ бар жағынан дамыған мемлекет болса да, ауруға қарсы тұра алмай жатыр. Неге? Себебі, адамдарды оқшаулау бірден қолға алынған жоқ. Әлі де болса көп елде індетке салғырттық танытып отыр. Әу баста Ұлыбританияда індетке немқұрайлықпен қарап, Елизавета ханшайымнан бастап ауырды. Беларусьте де солай. Қазір бұл елдің халқы аз болса да, індет жұқтырудан посткеңестік мемлекеттер ішінде Ресейден кейінгі орында тұр. Германияда да қатаң шара енгізілген жоқ. Оларда тек көпшілік жиналатын жерлерге баруға тыйым салынған.

Мәскеуде сақтық шаралары тез арада қолға алынды. Соның өзінде бұл жеке адамның жауапкершілігіне байланысты. Мен қазір далаға шығып, вирусты басқа біреуге жұқтырсам, ол да тағы екі адамға жұқтырады. Осылай геометриялық прогреспен өсе беруі мүмкін. Сондықтан сақтануды әркім өзінен бастаса деймін. Мысалы, Ресейдің атақты әншісі Лев Лещенко мен Надежда Бабкина коронавируспен ауырды. Лещенко АҚШ-тан жұқтырып келіпті. Соған қарамастан туған күнін тойлап, қаншама әріптесін қонаққа шақырған. Қазір ол жазылып шықты, ал Бабкина әлі ауруханада жатыр. Міне, солармен байланыста болған адамдар басқаларға жұқтырып, әп-сәтте індет Мәскеуге тарап кетті. Бұған әрқайсымыздың қосатын үлесіміз – үйден шықпау. Мемлекеттің байлығы – адам. Бір адам өзін оқшауласа, кемінде он адамның өмірін сақтайды.

– Бұл вируспен көбінесе кімдер ауырып жатыр?

– Жалпы, Мәскеуде жастардан гөрі зейнеткер көп. Бұл аурудың ең қауіптісі – белгісі байқалмайды. Кей адам өзі ауырмаса да, таратушының қызметін атқаруы мүмкін. Мәскеу қаласында жұқтырып алғандардың көбінде алғашқы белгілері сезілмеген. Президент жасы 60-тан асқан кісілерді үйден шығармауға қаулы қабылдады. Көшеде адам да, көлік те тек рұқсат қағазымен ғана жүре алады. Ал метрода, қоғамдық көлікте арақашықтықты сақтау маңызды. Ол үшін арнайы стикер жапсырып қойған. Соған қарамастан мегаполисте 200-ге тарта адам карантин режимін бұзған. Тіпті, карантинде жатқандар көлікпен қаланы аралап жүрген жерінде ұсталды. Олардың көлігін айып тұрағына алып, өздерін ауруханаға жатқызып жатыр.

– Ауруханада орын жеткілікті ме? Індет келген кезде-ақ тез салынатын бірнеше жұқпалы аурухана салуға пәрмен беріліп еді.

– В.Путин тікелей эфирде бір күні министрліктермен, аймақ басшыларымен кездесіп, келесі күні банк басшыларымен, келесіде кәсіпкерлермен жеке-жеке кездесіп, Ресейдің барлық аймағынан ауруханалар салып, медицина құралдарымен жабдықталуына тапсырма берді. Бұдан соң ол әскери қызметкерлерге аз уақытта көпсалалы 16 медициналық орталық салуды міндеттеді. 27 наурызда Қорғаныс вице-министрі Тимур Иванов алғашқы 8 аурухананың құрылысын 30 сәуірге дейін, қалған 8-ін 15 мамырға дейін салып бітіреміз деп уәде берді. Оған Ресей федерациясы қордан 8,8 млрд рубль бөлді. Айтса айтқандай, құрылыс жұмысы 12 наурызда басталып, 20 сәуірде Жаңа Мәскеуде пайдалануға берілген 800 орындық жұқпалы аурухана науқастарды қабылдап жатыр. Бұдан бөлек 21 медициналық пункт ашылды. Онда медициналық оқу орындарының озық студенттерін шақырып, тәжірибеден өткізуде.

– Біздегідей дәрігерлердің індетті жұқтыруы көп пе? Жалпы, Ресей медицинасы індетпен қалай күресіп жатыр?  

– Мәскеуде кеңес үкіметі кезінде алған білім жоғары бағалануда. Ақпараттарға қарасам, зейнетке шыққан бұрынғы дәрігерлердің тәжірибесін қолдану үшін оларды қайта жұмысқа шақырып жатыр екен. Әрине, індеттен дәрігерлер, медбикелер көп зардап шегуде. Індетке қарсы күресте коронавирус жұқтырған 70 медицина қызметкері көз жұмды. Ал Санкт-Петербургтегі ауруханада вирус 50 медицина қызметкерінен анықталған. Оларға көмек барынша көрсетіліп жатыр. Жатын орын, тегін тамақ беріледі. Індетке байланысты жалақысы да өседі. Ресей президенті Путин коронавирус індетімен қарсы күресте алдыңғы шепте жүрген дәрігерлерге айына қосымша 80 мың рубль, ал жедел жәрдем дәрігері, фельдшер, медбикелерге 50 мың, жедел жәрдем көлігін жүргізушіге және кіші медицина қызметкеріне 30 мың рубль төленетінін айтты.

Жалпы, Ресей медицинасы жоғары әрі сапалы көмек беру жағынан алда. Кейде біреуді төмендетіп, өзімізді жоғары қоюға тырысамыз. Бірақ қай жерде қате кетіп жатыр, соны ойлау керек. Ресей вирус тарағалы бері қандай шаралар жасап жатыр, соның бәрі Қазақстанда да жасалса деп ойлаймын. 

– Табысынан айрылған жергілікті халыққа қандай да бір әлеуметтік көмек берілді ме?

– Коронавирус індетіне байланысты көптеген адам жұмыссыз қалды. Путиннің жарлығы бойынша, 1 сәуірден бастап барлық жұмыскерлердің айлығы сақталады. Мысалы, сәуірдің айлығы мамырдың 15-іне, мамырдың айлығын маусымда беріледі. Мұны жұмыс істемей, үйде отырса да алады. Одан бөлек жұмыс орны сақталады. Ал егер жұмыссыз қалса, үкімет 12 500 рубль көлемінде көмек береді. Әрине, бұл аз. Сонымен қатар бұл дертке шалдыққандарға жаңадан салынып жатқан тұрғын үйден ипотекаға пайызсыз баспана алуға мүмкіндік бар. Көпбалалы отбасының әр баласына 3 мың рубльден берсе, үкіметтен тегін тамақ, қаржылай көмек те жеткізілуде. Оған тек интернет арқылы өтінім жазса, болды. Тағы бір екпін түсіретін нәрсе, волонтерлер тұрғындарға дәрі-дәрмегін, азық-түлігін жеткізіп тұр. Яғни, тапсырыс берген затты есік сыртына қалдырып, ақшасын да солай алады. Тіпті, ит, мысығын да далаға қыдыртып әкеледі.

Мұндай еріктілер, жомарт жандар бізде де көп. Өзім Жамбыл облысы, Сарысу ауданының тумасымын. Сол жерден шыққан кәсіпкерлер, елдің қамын ойлайтын жігіттер арнайы есепшот ашып, қаражат жинап, тұрмысы төмен отбасыларға үлестіріп беріп жатқанын естіп, сүйсіндім. Әркез осындай игі шараға жұмылсақ, Қазақстан бұл індетті де жеңіп шығады. 

– Ақпарат көздерінде Ресейде карантин кезінде спиртті ішімдік тұтыну 30 пайызға артты деп еді. Бұл рас па? Жалпы, халыққа карантин қай жағынан әсер етіп жатыр?

– Бізде дүкеннің бәрі ашық. Бастапқы кезде жұрт қажет пе, жоқ па, бәрін алып жатты. Одан кейін не болады? Ертеңгі күнге азық-түлік қоры жете ме? Қазақта «Қалдыра жесең қой қалады, тарта жесең тай қалады» деген сөз бар. Сондықтан бәріне қанағат етіп, ертеңімізді де ойлауымыз керек.

Спирттік ішімдікті сатуға шектеу қойылған. Сатса да, бір шөлмектен артық бермейді. Жақында таңғы 10-нан кешкі 7-ге дейін ғана сату жөнінде қаулы шығады. Оның үстіне қазіргі адамдардың бәрі оқыған-тоқыған. Мәскеуде ішімдікке әуес адамдар азайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации