Кавасаки мен мультижүйелі қабыну синдромы бір диагноз ба?

15 қыркүйек, 18:32

Фото: ғаламтордан

Соңғы уақытта елімізде Covid-19 вирусын жұқтырған балаларда Кавасаки синдромы пайда болғаны туралы хабар тарай бастады. Одан бөлек «індет енді балаларға жұғады» деген әңгіме де ата-ананың үрейін ұшыруда.  Шын мәнінде, Covid-19 симптомдары бар Кавасаки қандай ауру? Осы диагнозға шалдыққан балалар саны қанша? Алматы балалар ауруханасы ем алып жатқан балаларға лық толы ма? 

Бұл туралы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Риза Боранбаевадан сұрап білдік.

Кавасаки синдромы коронавируспен қатар өршіді. Себебі неде?

   2020 жылдың сәуір айынан бастап COVID-19 ауруының жоғары деңгейі байқалған елдерде коронавирустық инфекциядан кейінгі балаларда педиатриялық мультижүйелі қабыну синдромы түрінде жаңа ауру тіркеле бастады. Балалар мен жасөспірімдердегі COVID-19-бен уақытша ассоциацияланған мультижүйелі қабыну синдромы (MVS) – бұл COVID-19 инфекциясынан кейінгі қабынумен байланысты кейінге қалдырылған иммунологиялық құбылыс. Бұл патология COVID-19-дан 3-5 аптадан кейін балаларда дамитын инфекциядан кейінгі синдром. Оны қандағы антиденелерді анықтау арқылы анықтауға болады.

Мультижүйелі қабыну синдромы мен Кавасаки ауруының айырмашылы қандай?

– Мультижүйелі қабыну синдромының тағы бір атауы – Кавасаки тәрізді синдром. Өйткені, бұл Кавасаки ауруымен клиникалық ұқсастыққа ие, бірақ белгілі бір айырмашылықтары бар. Олардың негізгісі – Кавасаки ауруы тек ерте балалық шақта дамиды, ал МҚС 21 жасқа дейінгі жасөспірімдер мен жастарда да тіркеледі. Кавасакидің шынайы ауруы бүкіл әлемде өте сирек кездесетін патология, Қазақстанда жыл сайын 2-5 жағдай анықталды. Айта кету керек, COVID-19-бен байланысты МҚС балалардағы жаппай ауру емес, бірақ кейбір балалар коронавирустық инфекциядан кейін Кавасаки ауруына ұқсас клиникалық белгілерді көрсетуі мүмкін және жүрек бұлшық етінің қабыну белгілерімен ауру ауыр түрде өтіп, коронарлық артериялардың аневризмінің дамуы және басқа органдар мен жүйелердің зақымдануы мүмкін. Сондықтан балаларда COVID-19 ауруының алдын алу шаралары әлі де өзекті. Мультижүйелі қабыну синдромын сәтті емдеу үшін ерте диагностика және уақтылы басталған терапия маңызды. 

  – Мультижүйелі қабыну синдромының негізгі клиникалық белгілері қандай?

− 24 сағат ішінде 38,5-тен жоғары температураның болуы, асқазан-ішек жолының зақымдануы – іштің ауыруы, құсу, жүрек айнуы, диарея. 50%-да тыныс алу жүйесінің зақымдануы мүмкін – жөтел, ауыр пневмонияның дамуына байланысты ентігу туындайды. Айқын біліну дәрежесі әртүрлі денедегі бөртпе дақ, дақты-папулез, конъюнктивит, лимфа түйіндерінің ұлғаюы, алақанның, аяқтың ісінуі мүмкін. Жүрек тұсында ауырсыну түріндегі кардиоваскулярлық симптомдар болады. Сонымен қатар, тілдің қызыл таңқурай тәрізді қызаруы, еріннің қызаруы байқалады.

Егер COVID-19-ға ассоциацияланған мультижүйелі қабыну синдромына күдік болса не істеу керек?

– Мұндай жағдайда бала міндетті түрде көп салалы балалар ауруханасына жатқызылуы керек, онда ол диагностикалық шаралардың толық көлемін және қажетті терапияны алады. МҚС бар науқастарды диагностикалау мен емдеуді әртүрлі педиатриялық профильдегі мамандардың мультидисциплинарлық тобы  жүргізеді. Ерте диагностика және уақтылы медициналық көмек көбінде бала жағдайының жақсаруы мен сауығуына әкеледі.

Қазіргі уақытта қанша бала мультижүйелі қабыну синдромына, қаншасы коронавирус инфекциясына шалдығып отыр?

– Бүгінгі таңда республикада балалар арасында COVID-19-бен ассоциацияланған МҚС-ның 31 жағдайы анықталды, оның ішінде 18 бала қолайлы нәтижемен шығарылды, қалғандары көпбейінді балалар ауруханаларында емделуде және республикалық деңгейдегі сарапшылар тобының бақылауында. Ал, коронавирустық инфекциямен Қазақстанда барлығы 2500-ге жуық бала ауырған, оның ішінде 111-і жаңа туған. Балалардың 80%-ында COVID-19 симптомсыз және жеңіл түрде өтті, пациенттердің 20%-ы ауруды орташа және ауыр түрде бастан өткерді. Бұл негізінен ауыр созылмалы аурулары бар балалар болды, бұл COVID-19 ағымын нашарлатты. Балалар арасында өлім жағдайлары байқалған жоқ. Балалар COVID-19 коронавирус инфекциясымен ересектерге қарағанда сирек ауырады. Олардың клиникалық белгілері аз және ауру көбінесе симптомсыз немесе жеңіл түрде өтеді, дегенмен ауыр ағым жағдайларын да жоққа шығаруға болмайды.

P.S. Біз бұдан соң Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына хабарласып,  «Осы диагнозбен ауырған балалар аз ба, көп пе?» деген сауал қойдық. Баспасөз хатшысы Тимур Ермашев:  «Бұл мәселе бойынша балалар жұқпалы ауруханасына хабарластық. №2 балалар клиникалық ауруханасында осы диагнозбен 2-3 бала ғана жатқан. Ал балалар жұқпалы ауруханасында ешкім тіркелмеген. Сондықтан  «Алматы балалар ауруханасында Мультижүйелі қабыну синдромы мен Кавасаки ауруына шалдықққан балалар емделіп жатыр» деген ақпарат шындыққа жанаспайды» деп жауап берді.  

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации