Тілеухан Әбілдаев: Бекшин өзі жауап берсін

10 наурыз, 18:29

Фото: коллаж

Бүгін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин әлемді жайлап бара жатқан коронавирустың елімізге таяп қалғанын мәлімдеді. Ол өз сөзінде «Бұл індет ақыры бізге де келетін сияқты. Елімізде 11-16 наурыз аралығында анықталуы мүмкін» деді.

Алайда, Бекшин «бұл тек болжам ғана, ол расталмауы да мүмкін» деп алдыңғы пікірін бұлғаққа салды. Сонда қалай? Әуелі сөзінде «11-16 наурыз арасында дерт жұқтырғандар анықталуы мүмкін» дейді де, артынша жәй ғана болжам деп тайсақтайды. Әлде, елімізге жан-жақтан келіп, карантинге жатқызылғандардың ішінен вирус жұқтырғандар табылды ма? Бәлкім, жағымсыз ақпаратты бірден жайып салудан қашып отырған болар? Қазақ «Ауруын жасырған өледі» деген ғой. Қазір әлемнің 100-ден астам елінде тіркелген коронавирус Қазақстанды ғана сырт айналуы мүмкін бе?

Біз осыдан кейін ҚР Бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшинге телефон соғып, өз аузынан естігенді жөн көрдік.

Ж.Бекшин.

– Жандарбек Мұхтарұлы, сіз бүгін 11-16 наурыз аралығында коронавирус анықталуы мүмкін дедіңіз? Мұны неге сүйеніп айттыңыз? Әлде, жасырып отырсыздар ма?

– Иә, айттым. Бірақ 11-16 наурыз десем де, бір айдың ар жақ, бер жағында дедім ғой.

– Егер коронавирус тіркелмесе, бұлай айтудың жөні бар ма?

– «Бізге келе ме? Алдын ала болжам бар ма?» деген сияқты сұрақ көбейді.

– Карантинде жатқандардан анықталуы мүмкін бе?

– Әзірге шыққан жоқ. Қазір коронавирус тіркеліп жатқан елдің саны көбейіп жатыр. Қытайдан бөлек Оңтүстік Корея, Иран, қазір бүкіл Еуропадан анықталуда. Осыған байланысты біздің ғалымдар әрі кетсе 1 айдың ішінде елімізде шығуы мүмкін екенін айтты.

200-ге жуық адамды, оның ішінде Қытай, Оңтүстік Корея, Моңғолия азаматтарын карантинге жатқызып, бақылап отырған мекеме Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев не дейді?

Т.Әбілдаев.

– Тілеухан Шілдебайұлы, бүгін бас санитар дәрігер Жандарбек Бекшин 11-16 наурызда коронавирус анықталуы мүмкін екенін айтты. Сіз не дейсіз?

– Айтса, өзі жауап берсін. Мен ешнәрсе айта алмаймын. Ол менен жоғары дәрігер ғой. Математикалық моделдеу деген бар. Бұл –ғылыми болжам. Бүгінде әлемнің 109 мемлекетінде тіркелді. Жанымыздағы Ресейде де анықталды. Сосын ол жақтан келіп-кетіп жатқан қонақтар бар.

– Коронавирус Алматыда карантинде жатқандардан шығып жатқан жоқ па?

– Жоқ, шыққан жоқ.

– Әлде, анықталып қойып, соны 11-16 наурыз аралығында жариялайын деп жатыр ма?

– Жоқ, ешкім ондай жауапкершілікті мойнына ала алмайды. Шықса да, сол күні айтады.

P.S. Бас санитар Жандарбек Бекшиннің «кәрі құдасын» көптен күтіп жүрген адамдай: «Біздің болжамымыз бойынша 11-16 наурызда біздің елде коронавирус ақыры анықталуы тиіс» деуі түрлі ойға жетелейді. Ақыры анықталады екен, онда неге Біртанов «Б» жоспарын ертерек іске қоса бермейді?    

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации