ХАҚ жетекшісі Тоғжан Қожалиеваның қолдаушысы кім? news video

28 ақпан, 21:31

ХАҚ жетекшісі Тоғжан Қожалиеваны көпшілік танымауы мүмкін. Алайда соңғы уақытта оның белсенділігі артты. Оған себеп - таяп қалған саяси науқан. Қожалиеваның танылуына бір себебі – ол Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның келіні.

Біз Тоғжан Қожалиеваны Nege.kz порталының студиясына шақырып, көкейде жүрген біраз сұрағымызға жауап алдық.

– Сіз қоғамға белгілі адам емессіз. Бұрын қоғамдық мәселелермен немесе саясатта көрінбеген адамсыз. Сіз кімсіз?

– Негізі, 1996 жылдан бері саясаттамын. 96-жылы либералдық демократиялық қозғалыс деген ұйым болған. Асылбек Бейсенбаевты теледидардан көріп: «Сіздің партияңызға кіруге бола ма?» деген бірінші адам болатынмын. 98-жылы либералды қозғалыстың жастар қанатын құрып, кейін біз оны кеңейтіп, «Қазақстан болашағы үшін» атты жастар қозғалысына айналдық. 97-98 жылдары «Қазақстан болашағы үшін» жастар қозғалысын басқарғанмын. 1999 жылғы сайлаудан кейін Мәскеуге 11 жылға кетіп қалдым. Кеткен себебім, сайлау өткізгенде біздің қоғамда ештеңе өзгермейтініне көзім жеткен. Сондықтан білім алып, тәжірибе жинақтайын деп Мәскеуге кеттім.  2010 жылы Қазақстанға қайта келдім.

– Сіздің отбасыңыз бар. Әйелдердің саясатқа келуіне мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Дегенмен, саясатпен айналысқаныңызға күйеуіңіз қалай қарайды?

– Күйеуге 39 жасымда шықтым. Ересек, дамыған адам, топ-менеджер болып күйеуге шықтым. Амал жоқ, күйеуім осындай әйел алып отыр. Келісіп отыр. Күйеуімнің көзі ашық адам. Аллаға шүкір, осындай адамға кез болдым. Біздің қоғамда әйелдердің саясатқа икемі аз. Комментарийлерде: «Әдемі әйел саясатқа барып не істейді?» дегенді оқыдым. Біздің қоғамда әйелге саясат не керек деген пікір бар. «Әй қатын, үйде отырмайсың ба?» деген жазбалар да болады. Өйткені, бізде патриархалдық қоғам.

– Бекболат Тілеуханның келіні екенсіз? Күйеуіңіз оның туған інісі ме?

– Қазақша айтқанда інісі ғой, орысша айтсақ «племянник», яғни немере інісі болып келеді. Үлкен ағасының баласы. Олар он ағайынды.

– Бекболат Тілеухан мырзаның сіздің саясатпен айналысқаныңызға іштей қарсылығы бар сияқты. Жұрт сіз туралы сұраған кезде: «Айтсақ, жастар тыңдамайды»  деген пікір айтып қалды...

– Біздің саяси ұстанымымыз екі түрлі. Оның ұстанымы – Елбасы, «Нұр-Отан». Біздікі – жүйені өзгерту. Сонымен қатар, «Нұр-Отанды» да өзгерту. Билік партиясына қарсы шығып жүрміз. Бір отбасыдағы адамдардың пікірі әртүрлі болуы мүмкін. Бірақ сыйластығымыз бар. Өйткені, қайынағам. Ағайынбыз. Келін сәлемімді беремін, бәріміз – қазақпыз.

– Қайнағаңыз уағыз айтып, сізді дінге тартқысы келген кездері болды ма?

– 94-жылы Шығыстану факультетінің араб бөлімін бітіргенмін. Екінші курстан бері ораза ұстаймын. Жиырма жасымнан бастап. Қазір 47-демін. 27 жылдан бері ораза ұстаймын.

– Бастапқыда сіздер әйелдер мәселесімен айналысқан екенсіздер. Қоғамдық жұмыстарға, саясатқа келуіңізге не түрткі болды?

– Алғашқы кездері өзім әйел болғандықтан осы әйел мәселесімен айналсайын деп талпынғанмын. Бірақ әйелдердің мәселесі тек қана әйелдермен шектелмейді екен. Оның ішінде балалар мәселесі, оларды қалай тәрбиелеу, олардың қауіпсіздігі, балалардың қандай қоғамда өсуі керек деген көп мәселелер бар екен. Экономикалық жағынан алғанда, немен тамақтандырамын, немен киіндіремін, немен шұғылданамын деген сұрақтар туындайды. Әйел мәселесі бүкіл қоғамның мәселесі екен. Біз кішкентай ортадан бастап, үлкен ортаға шықтық.  Сондықтан үлкен саясатпен айналысуға бел будық.

– Бейбіт шерулер туралы жаңа заң жобасы қызу талқыға түсіп жатыр. Осыған деген көзқарасыңызды білсек.

– Біздің париямыз «ХАҚ» деп аталады. «ХАҚ» – халыққа адам қызмет. Митинг туралы заң жобасын қарастырдық. Мұның халыққа, халықтың мүддесіне қайшы келетінін көрдік. Дәурен Абаев мұны «революциялық заң» деп мәлімдеп отыр. Құлақтандыру сипатында болады дейді. Бірақ заң жобасын қарастырсақ, бұл – азамат ретінде құқығымызға қайшы келетін заң. Қазіргі қолданыстағы заңнан да күрделі, репрессивті. Онда бізге мүлде митингіге шығуға да тыйым салынған.

– Дәурен Абаев «әлі де болса қарастырылады, қоғамның пікірі ескеріледі, жер-жерде талқыланады» дегенді айтты...

– Бұл – көз бояушылық!..

Сұхбаттың толық нұсқасын Nege.kz порталының YouTube желісіндегі арнасынан көріңіз.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации