Гонконгта коронавирустан қалай емдейді?

15 шілде, 15:46

Фото: Reuters

Nege.kz порталы Гонконг әуежайына келісімен коронавирус жұқтырды деген диагнозбен екі апта жергілікті ауруханада емделген отандасымыздың басынан өткен жағдайды баяндайды. Меруерт Алтынбекова (өзінің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді – ред.) шілденің басында Гонконгқа ұшып келген. Әрі қарай автордың өз сөзімен береміз.

Қауіпсіздік пен тексеру шаралары

«Әуежайда  ұшып келгендердің міндетті түрде дене қызуын тексереді. Сосын жолаушылар көрсетілген арнайы орындарға барып, екі үлгідегі қағаз толтырады. Оның бірінде өзінде қандай ауру белгілері барын (жөтел, тамақтың жыбырлауы, дене қызуының көқтерілуі т.б.), қайдан келгенін және соңғы 14 күнде қайда болғанын көрсетеді. Екінші қағазда ұшақта қай орында отырғанымызды жаздық. Одан әрі тағы бір жерде осы толтырған қағаздарды тексерді. Және Гонконгте қай жерде тоқтайтының, қай жерде оқшаланып отыратының туралы ақпаратты жазып алып қалып, телефондарымызға арнайы QR коды бар қосымшаларды жүктеу керегін айтты. Одан кейін тағы бір жерде қағаздарымыз бен қосымшамызды тексеріп, қолыма арнайы браслет тақты.

Фото: автор

Мұнда науқасты анықтау мен оқшаулауда цифрлы технологияның бар мүмкіндігін пайдаланады. Жалпы айтқанда басында жазғанымызды үш-төрт жерде мұқият тексерді. Жалған ақпарат берген адам 25 мың Гонконг доллары (шамамен 1 млн 325 мың теңге)  көлемінде айыппұл төлейтінін, тіпті бас бостандығынан айырылуы мүмкін екенін ескертті. Оқшаулану ережесін бұзған адамға да қандай шара қолданатынын тәптіштеп түсіндіреді. Мұның бәрі ауру жұқтырған адамды тез іздеп табу үшін жасалған шара екенін кейін түсіндім. 

Әуежайдан бөлек жолмен сыртқа шықтық. Арнайы автобустар күтіп тұрды. Жүктерімізді өзімізге ұстатпады. Бізді әуежайдың жанындағы «Экспо» дейтін ғимаратқа жеткізді. Ол жерде жүгімізді аты-жөнімізді жазып, дайындап қойыпты. Бәрімізге қақырық пен ПЦР сынаманы қалай тапсыратыны туралы бейнеролик көрсетті. Қолымызға әлдебір сұйықтық толтырылған құты, қағаз сулықтар берді. Сол жерде қажет сынаманың бәрін тапсырдық. Тағы анкета толтырдық. Оған отырған орындығыңның нөміріне дейін жазасың. Сынама тапсырғаннан кейін ешқайда шықпай, күтіп отыруға міндеттісің. Бәрімізге тегін су және сэндвич берді. Мені төрт сағаттан соң шақырды. Маған бір қонақүйге баратынымды айтты. Қонақүйге келгенде автобустан шықпай жатып, бөлменің кілтін ұстатты.

 Гонконгтың көпқабатты үйлері

Бізді санитарлық дәрігерлер күтіп алды. Ал қолдарында әуежайда толтырған қағазымның негізіндегі мен туралы барлық ақпарат және сынама нәтижелері болды. Оқшаулану туралы ережені бәрімізге жеке-жеке тағы түсіндірді. Және бөлменің кілті бір-ақ рет ашылып, бір-ақ рет жабылатынын ескертті. Мұнда шетелден ұшып келгендер сынамаларының нәтижесін күтеді екен. Егер жеңіл түрі болса, онда өзі көрсеткен мекенжай бойынша оқшаулануға кетеді. Қонақүйдің бөлмесінде жалғыз бір күн болдым. Сосын мені ауруханаға жатқызды. Коронавирус жұқтырғанымды осылай білдім». 

Қалай емдеді?

«Бұл жерде түрлі сынама алып, рентгенге түсірді. Алғашқы үш күнде дене қызуын түсіретін дәрі берді. Қосымша антибиотиктер қабылдадым. Өзімнің түсінуімше, дәрігерлер сынамаларымның нәтижесіне қарап, менде коронавирустың бар-жоғын, болса, қандай вирус екенін біле алмай қиналған секілді. Мені жағдайы орташа науқас ретінде емдеді.
Үш күн ішінде антибиотик көмектеспеген соң, бірден емдеу тәсілін өзгертті. Вирусқа қарсы лопинавир дәрісін  берді. Қосымша бұлшық етке интерферон бета-1b  салды. Склерозды жазуда қолданылатын бұл дәрі қан айналымын жақсартады екен. 

Ешқандай цефтраксион секілді антибиотиктерді, физиологиялық ерітінді дегенді қолданбады. Сырттан дәрі тасу деген мүлде мүмкін емес. Мұнда кірген адам жазылған соң бір-ақ шығады. Оған дейін сыртқы әлеммен тек интернет көмегімен байланысуға болады.

Дәрігерлер бір рет қана киетін қорғаныш киімдермен, қолғап, маскамен жүрді. Қан қысымын, қандағы оттегі көлемін, тағы басқа көрсеткіштердің бәрін көрсететін арнайы аппараттарымен күніне 3-4 мәрте тексеріп тұрды. Дене қызуын да солай. Үш күн сайын қан, сосын ПЦР-сынама алып тұрды. Бөлмемізді күніге  зарарсыздандырып отырды. Қолданған заттардың бәрін вирус тарамау үшін зарарсыздандыруға жөнелтеді». 

Емдеу ақысы қанша?

«Мен Гонконг резиденті болғандықтан ештеңе төлемедім. Гонконг ID картасы бар азаматқа коронавирустан емделу тегін. Ал ондай құжаты жоқ адам үшін емдеу құнының қанша болатынын айта алмаймын. Жалпы Гонконг билігі мен дәрігерлері өз азаматтарына да, шетелдіктерге де бірдей қарайды деуге әбден болады. Өзімді қамқорлықпен емдеген гонконгтық дәрігерлерге деген алғысым да, құрметім де ерекше.

Гонконг дәрігері

Ауруханадан жазылып шыққанның өзінде әлі күнге дәрігерлердің бақылауындамын. Тағы бірнеше мәрте түрлі сынама тапсырамын. Одан бөлек мұнда барлық дерлік аурухана бір университеттің зерттеу институттарымен байланыс орнатқан. Кез келген адам қаласа, сондай институттардың коронавирус жұқтырған науқастарды бақылау және емдеуге арналған арнайы бағдарламасына қатысушы ретінде тіркеле алады. Оның бәрі тегін».

Түйін

«Наурызда Гонконгтан Қазақстанға келгенімде, маған «оқшаулануыңыз керек» деді. Талапқа көніп, үйден 14 күн шықпай отырдым. 4 күнге дейін не істеп жатқанымды, жағдайымды білу үшін хабарласқан тірі жан болмады. Шынымен оқшауландым ба, әлде басқа жерде қыдырып жүрмін бе, оны ешкім бақыламады.

Фото: Sputnik

Сенбі, жексенбі күндері дәрігерлерге хабарласу тіпті мүмкін емес еді. Әуежайда 1,5-2 метрлік «әлеуметтік қашықтық» деген атымен болған жоқ, қауіпсіздік талаптары елдің әуе қақпасынан-ақ бұзылды. Бәрімізді жамыратып ішке кіргізді. Бізден анкета алған дәрігерлердің өздері не істеп, не қойып жүргендерін ұқпағандай көрінді. Әйтеуір мағынасыз алашапқын боп, әрі-бері жүгіріп жүрді.

Соңғы күндері Гонконгта коронавирус жұқтырғандар саны күрт өсіп кетті. Қала билігі жақында ғана «әлеуметтік қашықтық» талабын жеңілдеткен еді. Мұнда қоғамдық орынды күніне бірнеше рет зарарсыздандырып тұрады. Есіктерді, лифтердің түймелерін сағат сайын арнайы ерітіндімен сүртеді. Екінші жағынан, мұнда жаппай сынама алады, соның арқасында ауырғандардың дені ерте бастан анықталады.

Қазір Гонконг билігі  «індеттің үшінші толқыны басталды» деп хабарлауда. 10 күнде 100 адам жұқтырғаны туралы ақпаратты бәрі талқылауда. Сөйте тұра, мұнда жыл басынан бері коронавирустан 8 адам ғана көз жұмған».

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации