Ғалия Әженова: Бүгінгі журналистикада «ұрлық» жасаушылар көп

28 маусым, 17:32

Фото:

Бізде журналистердің құқығын қорғайтын ұйым жоқтың қасы. Журналист басына іс түссе, «Әділ сөзге» ғана жүгінеді. Мұндайда қор әрқашан қолдау көрсетуге әзір. Төл мерекеге орай, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженованы әңгімеге тартқан едік.

Телеарнаға екі сөздің басын құрай алмайтын әдемі, сымбатты қыз-жігіттер келді

Ғалия апай, cіз екі дәуірдің журналистикасына қызмет етіп келесіз. Нақты айырмашылықтарды атап өте аласыз ба?

– Өз тәжірибемді екі кезеңге бөліп қарастырар едім. Бұл Кеңес заманы және Назарбаев-Тоқаев кезеңі. Кеңес заманының кез келген журналисі «заңды білмеймін» демейтін. Тіпті, біреудің ар-намысына тию деген ой болған жоқ. Сосын ақпаратты, мәліметті тексермейінше жарияламайтын. Иә, рас ол кезде де кейбір тақырыпты жазуға шектеу қойылды. Бірақ журналистер мейлінше шындықты жазуға тырысты. Ол заманда социалистік мүлікке қол сұғу – нағыз ұят нәрсе саналды. Яғни, бір қорап бинт ұрласаң, сол бүкіл елге жайылды. Неге? Себебі, билік пен партия бірге болды. Кеңес заманының адамында болып жатқан жағдайға күмән болмау керек деген түсінік қалыптасты. Сол үшін қызмет етті, сол үшін журналистерге жағдай жасады.

90 жылдары билікке Назарбаев келген соң Дариға Назарбаева «Қазақстан» телеарнасынан «Хабар» телеарнасын бөлек отау етіп шығаруға әрекет етті. Сол кезде арыз-шағыммен келушілер болса, материал дайындауды маған тапсыратын. Оған дейін де істеп жүрген шаруам ғой. Бастан-аяқ зерттемейінше, екі жақтың пікірін алмайынша эфирге сюжет жіберілмейді. Бұл – бұлжытпас қағида. Мысалы, өзің газетте де жұмыс істедің ғой. Мақалаң бірнеше адамның қолынан өтіп, жарияланады. Біз қазір содан айрылып қалдық. Бұрын журналистикаға өзіне мақсат қойып келетін талапты жастар келетін.   

Сонда Назарбаев-Тоқаев дәуірінің журналистикасына көңіліңіз толмай ма?

– Мәселе көңіл толмауда ғана емес. Кейде қарап отырып, салыстыруға мәжбүр боласың. Себебі, екі дәуірдің де журналистика қазанында қайнап жүрміз. Әрине, ақпаратты тексермей, заңбұзушылыққа баратындар орыс тілінде жазатын журналистердің арасында да бар. Бұл жағынан қазақ журналистері әлдеқайда сабырлы. Бұл ұлттық болмысқа, менталитетке байланысты шығар. Бірақ бүгінгі журналистерде ізденіс жоқ, тұрақтылық жоқ. Бір материалды бүге-шігесіне дейін зерттеп, нәтиже шығару аз. Журналистиканы қоғамдық маңызды сала деп емес, ақша табуға айналдырдық.

Бұл әуелі телеарналардан басталған жоқ па?

– Алдымен телеарнаға ауыз салды. 20 жыл жұмыс істеп жүрген бізге алгоритм, креатив деген сөздерді тықпалады. Өз басым журналистиканы қоғамдық институт деп бағаласам, жаңадан келгендер «Телевидение – таза бизнес, одан ақша жасау керек» деді.

2000 жылдары телеарнаға екі сөздің басын құрай алмаса да, әдемі, көрікті, сымбатты қыз-жігіттер келді. Олар не істеді? Қоғамға ақпарат беретін, қоғамды тәрбиелейтін, халықтың жанынан табылатын журналистика той-шоуға айналды. Бұл халықты тәрбиелемей ме? Прайм-тайм уақытында жеңіл-желпі дүниелер көрсетілді. Көрерменнің санасын улай бастадық. Есесіне, осындай бағдарламаларға жарнама берушілер көбейді. Міне, телеарна тәрбиелік-ағартушылық қызметінен кетіп, ақша табудың көзіне айналды. Сөйттік те, эфир мәдениетінен кеттік. Ақпаратты іздеп, оны тексеріп, редакциялап жариялаудың тәртібінен кеттік. Бұдан бөлек плагиат деген жаман дүние пайда болды. Қазір екеуміздің әңгімеміз ертең басқа ақпарат құралында жарияланса таңқалмаймын. Яғни, ұрлау нормаға айналды. Өзі еңбектеніп табудан гөрі біреуден ала салғаным ыңғайлы дейтін түсінік белең алды. Ал, шын мәнінде ұрлап алған дүниені өңдеп, толықтыруға болады ғой. Жоқ, сөзбе-сөз, дәлме-дәл көшіреді.

20 жылда фотосын пайдаланғаны үшін бір-екі адам ғана соттасып жеңіске жетті

Ұрлау негізінен қай БАҚ-тың журналистеріне тән?

– Әлеуметтік желіден ұрлап газетке жариялау, Шығыс Қазақстан өңіріндегі газеттен ұрлап Батыс Қазақстан басылымында пайдалану қалыпты жағдай сияқты. Яғни, қазақ журналистикасында интеллектуалдық меншікті ұрлап алу «сәлем бердікпен» бірдей. Ұрлап алған дүниеге бадырайтып өз аты-жөнін жазып қояды. Ұрлықпен адам ешқашан өспейді. Авторлық құқықты сақтамай мақала ұрлау, соның бәрі заң бұзушылыққа алып келеді. Ең бастысы, бұл әдетке айналады. Түптеп келгенде, уақыт өте келе бұл қалыпты жағдай боп есептеледі. Білуімше, 20 жылда фотосын пайдаланғаны үшін бір-екі адам ғана соттасып жеңіске жетті. Ал әр адам осының ізіне түсіп, соңына дейін жеткізсе ұрлық азаяр еді.

Ал, сөз бостандығының аясы күннен күнге тарылып келеді деген екенсіз. Бұл біздің билік екі бөліп қарайтын қазақ және орыстілді журналистиканың қайсысына тән?

– Кеңес заманында журналистің жасағанының бәрін дұрыс деп айтпаймын. Бірақ журналистке 90 пайыз қолдау жасалса, журналист оны ақтады. Меніңше, сол Кеңес заманында сөз бостандығы әлдеқайда жоғары болды. Журналист бір басшыны орынды сынаса, комиссия келіп, тексеріп, орнынан алып тастайтын. Нәтижесі болатын. Әжептәуір ықпалы бар еді. Бұл сол кездегі билік журналистен қорықты деген сөз емес. Дегенмен, тұрақты, орнықты жүйені орнатуға септігін тигізді. Халық ертеңгі күніне сенімді болды. Ертең далада қалам деген ой өңі тұрмақ, түсіне кірген жоқ. Журналистикадағы екі ұстазым – Шерхан Мұртаза мен Камал Смайлов тілші қауымын баспанамен қамтамасыз етуге тырысты. Елдің қамын ойлап, күйін күйттейтін журналистің өз әлеуметтік жағдайы дұрыс болмаса, қарны тоқ болмаса, қалай жұмыс істейді?! Қазір жастарда мүмкіндік бар, бірақ тұшымды жалақы жоқ. Өзің айтқан орыс тіліндегі журналистиканың тасы өрге домалап тұр. Оларда батылдық бар. Ал біздің баспасөздің басында отырғандар жоғары жаққа жалтақтаумен келеді. Мемлекеттік тапсырыс алу үшін журналистке мақаланы тек тапсырыс арқылы жазғызады. Артық бірдеңе жазса, тілшіні қудалайды. Сосын азын-аулақ жалақымен күн көріп жүрген журналист басшылықтың дегеніне көніп жүре береді.

Сіздіңше, бұған журналист кінәлі ме?

– Журналист – қолшоқпар деңгейіне түсіп кетті. Бұған тұтас қоғам, билік кінәлі. Қазір қит етсе журналисті қудалауға шебер. Митингі кезінде жұмысын атқаруға кедергі келтіреді. Апарып қамап тастайды, айыппұл салады. Осылайша, журналистер әлі күнге дейін қылмыстық, азаматтық-құқықтық, әкімшілік қудалаудың құрбаны болуда. Мәселен, 2020 жылдың наурыз айының ортасынан маусымның ортасына дейін ғана журналистерге, блогерлерге, жалпы, жазатын қоғамға айып тағудың саны 22-ге жеткен. Осы уақытқа дейін 15 адам әкімшілік, 26 адам азаматтық-құқықтық қудалауға жолыққан.

 «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп ұрандатып, қаншама ақша бөліп жатқанының өзі құрғақ сөз 

Қылмыстық кодекстен «жала жабу» туралы бап алынып тасталды. Осы жөнінде пікіріңіз қандай?

– Жала жабуға қатысты жазаны Қылмыстық кодекстен алып тастау туралы талайдан айтылып жүрген. Бұл Азаматтық кодексте 143-бапта да қаралады. Алайда, бұл бапты Қылмыстық кодекстен алып тастап, әкімшілік кодекске апарғаннан не өзгерді? Егер жала жапқаның анықталса, қарапайым адам 160 АЕК мөлшерінде айыппұл төлейді немесе 15 тәулік қамауда отырады. Лауазымды адам 500 АЕК төлейді немесе 20 тәулікке отырғызылады. Журналист не блогер оны БАҚ арқылы тарататын болса, 180 АЕК төлейді не 20 тәулікке жабылады. Ал, егер жемқорлыққа қатысы бар деп жазса, онда 200 АЕК төлейді немесе 25 тәулікке қамалады. Яғни, бұдан кейін журналистердің сөз бостандығы шектеліп, үні құмығып естіледі.

Жаңа бір пікіріңізде «орыс тіліндегі журналистиканың тасы өрге домалап тұр» дедіңіз. Сізге бір нақты мысал айтайын. Індет келіп, төтенше жағдай жарияланған кезде бәріміз үйден жұмыс істедік. Алматы қаласының әкімдігі арнайы чат ашып, осы тақырыпта жазатын журналистерді топтастырды. Алайда, баспасөз қызметінің мамандары әуелі орыс тіліндегі ақпаратты салып, жарты сағаттан кейін шала-шарпы аударған қазақ тіліндегі нұсқасын тастайды. Біз екі тілде қатар берілуін талап етіп, ескерттік те. Бірақ «құлақ аспайтын әкімдік» қызметкерлері әлі нәтиже шығарған жоқ. Осының өзі қазақ журналистеріне жасалған көпе-көрінеу «қастандық» емес пе? Біз сотқа жүгіне аламыз ба?

– Иә, мұндай жағдайды өздерің сияқты тілшілерден көп естимін де, қапа боламын. Осындай кертартпалық әрекеттен кейін қазақ журналистикасы қалай дамысын?! Журналистерді тілге бөліп алалау – дұрыс емес. «Қазақ тілі – мемлекеттік тіл» деп ұрандатып, қаншама ақша бөліп жатқанының өзі құрғақ сөз деп ойлаймын. Былтырғы жылы әріптесіміз бір қаланың әкімшілігіне қарасты қазақ тілін дамыту және үйрену орталығына бөлінген қаржыны іздеп әлек болды. Қаражатты кім жаратты, кімдерді оқытты, мұғалімі кім? Сайты бос, ескірген, жаңа ақпарат жоқ, жоба жоқ, көрініп тұрған нәтиже жоқ. Мүмкін, ол орталық өзінің жасаған жұмысын басқа сайтқа салды ма? Бірақ атауымен іздеген нәрсе неге табылмайды? Биыл жағдай өзгерсе, жақсы. Өзгермесе ше? Осыдан кейін әлбетте орыс тіліндегі ақпарат бірінші жарияланып, уақыт жағынан ұтады. Бұл жағдайда сотқа жүгінуге болар еді, егер шенеуніктер «Тиісті ақпаратты ұсындық. Какая разница на каком языке» деген уәж айтып, сот оны «иә, бұл дәлел, аргумент екен» деп назарына алмаса. Осы күнге дейін журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасауда тілші қауымы үнемі жеңіп келеді деп айта алмаймын. Жағдай керісінше. Мүмкіндік жоқ, кісі жетіспейді, ақша жоқ дегеннің бәрі бос сөз. Намыс жоқ. Рух керек. Рух бар жерде адам ақшаға, жалақыға, жоғары не төменге қарап, кім не айтады, не ойлап қалады деп отырмайды. Рух адамды жетелейді, істетеді, мәжбүрлейді. Кейде осы рух қаннан келетін қасиет екеніне көзім жетеді.

   Ғалия апай, сіз кейінгі буын журналистерімен де тығыз байланыстасыз. Мереке күнгі тілегіңізді білсек... 

– Өзім жастарды жақсы көремін. Жастармен аралассаң жаңа дүниені білесің. Жастар қай уақытта да алғыр. Кейде жастық шаққа саяхат жасасам, қазіргі жастардың жасында біраз нәрсені білген екенбіз. Олай емес, былай ғой десең, таң қалып жатады. Есесіне, техниканы жақсы біледі. Жастар үйренуге бейім. Аға буын журналистермен сөйлесе қалсаң, кейбіреулері ешкімді менсінбей «біз керемет едік» деген сыңайда әңгіме айтады. Өзіңнің мықты екеніңді жастарға үйрету арқылы көрсетуге болмай ма?! Осы жүргенімде жастарға бар білгенімді айта жүремін. Олар білгісі келіп тұрады. Олар позитивті. Менің арманым – журналистер плагиат жасамаса деймін. Рейтингі қуып, хайпер болмаса деймін. Журналист бір тақырыпты тәптіштеп, қазбалап, керек жеріне жеткізсе деймін. Журналист кәсіби болса, қоғамға да ықпал ете алады. Алайда, мына заманда«бірінші байлық –денсаулық» екенін естеріңе сала кетсем деймін. Аман болайық!                

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации