Джамиля Алекперова, әзірбайжан журналисі: Мен өмірге келгенде соғыс жүріп жатқан

13 қараша, 11:13

Фото: nege.kz

Nege.kz тілшісі Әзірбайжандағы және Армениядағы әріптестерге хабарласып, екі елдің жай-күйін қатар білмек болған. Әзірбайжандық әріптесіміз сұхбатқа келісті. Ал армениялық әріптес «көңіл-қошының жоқ екенін» айтып, бас тартты. Біз оны түсінуге тырыстық...

Әзірбайжандағы саяси жағдайды бізге Media.аz басылымының тілшісі Джамиля Алекперова баяндап берді.

– Джамиля, Әзірбайжан, Армения және Ресей Таулы Қарабақтағы соғысты тоқтату жөнінде шешім қабылдады. Бұл күн – әзірбайжан халқы үшін тарихи дата. Сонымен, жаңа жылға дейін қанша аудан мен аумақ қайтарылатын болды?

– Оның рас. Дәл қазір біздің халық өте бақытты. Олар бұл сәтті 30 жыл бойы күтті. Қарулы күш жұмсалып, қан төгілсе де, біздің елге тиесілі аумақтың көп бөлігі қайтарылды. Армения берілгенін мойындаған түні әзірбайжан халқы қатты қуанды, «Қарабақ – бұл Әзірбайжанның жері» деген плакаттар ұстап, көшеге шықты. Күні бойы мерекеледі. Кейбірі қуаныштан көзіне жас алды.

Әзірбайжан халқы жеңісті мерекелеген күн.

Әсіресе, әзірбайжанның әрбір азаматы үшін өте қымбат, тарихи қала Шушаның қайтарылуы – үлкен бақыт. Сондай-ақ, Армения 15 қарашаға дейін Келбаджар ауданын, 20 қарашаға дейін Агдам және Газах ауданын, ал 1 желтоқсанға дейін Лашын ауданын қайтаруы тиіс.

– Әзірбайжан президенті И.Әлиев «Егер Армения бізге тиесілі аумақты қайтарса, біз бүгін-ақ қақтығысты тоқтатуға дайынбыз» деген. Сеніңше, Армения билігі ымыраға оңай келді ме?

– Жалпы, ымыраға ешкім келген жоқ. Әзірбайжан үкіметі осындай шешім қабылдауға мәжбүр етті. Біздің мемлекет талай жылдан бері бейбіт шешім шығару жөнінде айтудай-ақ айтып келді. Қаншама халықаралық басқосу өтіп, қарарлар қабылданды. Бірақ бәрінде де Армения тарапы кері тартып, шикілік шығарып отырды. 

Әлиев пен Пашинян. Фото: ғаламтордан.

Бастапқы кезде Әзірбайжан тарапынан әуелі бес ауданды, кейін екі ауданды қайтару жөнінде ұсыныс жасалды. Өкінішке қарай, Армения бәрінен бас тартты. Алайда, басқа мемлекеттің бәрі сол аумақтың 20 пайызы Әзірбайжанға тиесілі екенін білсе де, көз жұмып келді. Сондықтан Әзірбайжан жағы қарулы күш қолдануға мәжбүр болды.

Өзіңіз ойлаңызшы, біз өз тарихи жерімізге иелік етуді 30 жыл күттік. Шыдамның да шегі бар емес пе?! Сонда да Армения қандай да бір келісімге келуге асыққан жоқ.

Әзірбайжан Бас прокуратурасының дерегінше, 27 қыркүйектен бері қарулы қақтығыс салдарынан 94 адам оққа ұшып, 407 азамат әртүрлі жарақат алған. Мұнымен қоса 504 азаматтық нысан бүлінген, 120 көпқабатты үй мен 3326 жер үй опырылып қалды.

– Армения президенті Армен Саркисян бұл жаңалықты ақпарат құралдарынан оқып білгенін мәлімдеді. Бұл мәселенің басы-қасында үкімет жетекшісі Н.Пашинян жүргенімен, мемлекет басшысының мұндай саяси мәселеден тыс қалғаны қызық көрінді...

– Шын мәнінде, Армения президентінің бұл пікірі бізге де тосын болды. Бәлкім, рас та шығар. Себебі, әу бастан бұл даулы мәселеге президент емес, премьер-министрі араласқан болатын. Пашинян билік тізгінін ұстаған күннен Таулы Қарабақ мәселесін шешуге білек сыбанды. Бірақ бөгденің тарихи жерін өз жері санаған оның дегені болған жоқ .

– Қазір әзірбайжан халқы қуаныштан бөркін аспанға атса, Ереванда жұрт жаппай наразы, арты тәртіпсіздікке ұласып жатыр. Бұған кім кінәлі?

– Халқын осындай жағдайға жеткізген Армения басшыларының өзі кінәлі. Армяндар осы уақытқа дейін ертегі әлемінде өмір сүріп келді. Олардың екі жақты қақтығысты тоқтату жөніндегі келісімге де наразы болғаны сондықтан. Армяндар мұндай жеңілісті мойындағысы келген жоқ.

Шынын айтсам, олардың қазіргі жағдайы қызықтырмайды.  Себебі, бұл мемлекет талай жылдан бері менің отанымның жерін басып алып, иелік етті.

Ақпарат құралдары арқылы бәрін біліп отырмыз. Ереванда тәртіпсіздіктер болып, жұрт наразылық шеруге шықты. Премьер-министр Н.Пашинянның биліктен кетуін талап етіп жатыр екен.

Еревандағы наразылық.

– Соғысты тоқтату жөніндегі келісімнен кейін Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Никол Пашинянға бейнеүндеу жолдады. Үндеудің астарында сарказм жатқаны анық байқалды. Осы артық емес пе, қалай ойлайсың?

– Жер – халықтың ең жанды жері. Әрине, мәселенің оң шешім табуына мемлекет басшысы тікелей кіріспесе, нәтиже болмас еді. Сондықтан Әлиевке халық дән риза. Президент Әлиевке де оңай емес. Әділетсіздікке әбден зығырданы қайнаған шығар, кім білсін. Меніңше, артық ештеңе айтқан жоқ. Бұл – жараның бетін тырнай бермеу керектігін ескерткен бейнеүндеу.

Сенсеңіз, бұл соғыс мен дүниеге келгенде болып жатқан. Сол кезде Әзірбайжан жерінің төрттен бірінен айрылды. Содан бері 30 жылдан асты. Аз уақыт емес! 

Осы жолда талай адам құрбан болды. Бұл жер дауына қатысты соғыс тарихтың сарғайған парақтарына жазылды. Әзірге біз жеңдік. Баяғыдан әділетті шешім осы болуы керек-тін. Енді қайтарылған тарихи жерлерді аралап, журналист ретінде өз көзіммен көрсем деймін.

– Әрине, екі мемлекетке де оңай емес. Осымен бәрі сабасына түсе ме?

– Ештеңе айта алмаймын. Бірақ әзірбайжан халқы – толерантты, бейбітшіл халық. 30 жыл бойы шыдамдылық танытқанымыз да соның айқын дәлелі. Соғыс 27 қыркүйекте басталды. Сол кезден бері Армения Әзірбайжан мемлекетіне қолдау көрсеткен елдерге қысым жасау саясатын ұстанды.

Мәселен, Таулы Қарабақтан репортаж жасаған француз журналисінің материалын түгелдей өшіртіп тастаған. Соған қарамастан, Франция президенті Макрон ешқандай дәлелсіз әзірбайжан халқына қарсы мәлімдеме жасады.

Алайда, Әзірбайжан халқы ұстамдылық танытты. Франция елшілігіне барып, наразылық шеру өткізген жоқ. Біз агрессиялық саясатқа бармаймыз, арандатуға жол бермейміз.

Әлиев пен Макрон. Фото: RT.

– Қазір Әзірбайжан мемлекетінің экономикалық-әлеуметтік жағдайы қалай? Бір жағынан соғыс, екінші жағынан індет халықты титықтатып жіберген жоқ па?

– Құдайға шүкір, біздің экономикалық жағдайымыз жақсы. Шынын айтсам, бір жарым айға созылған соғыс халықтың әлеуметтік тұрмысына айтарлықтай әсер ете қойған жоқ. Әлемді шарпыған коронавируспен де күресіп келеміз. Соңғы мәліметке сүйенсек, Әзірбайжанда COVID-19 дертін 70 216 адам жұқтырып, 51 986 адам сауықты, 905 науқас көз жұмды. Қазір 17 325 адам ем алып жатыр. Біз ең негізгі арманымызға қол жеткіздік, енді коронавирус індетін жеңу де қиынға соға қоймас.

#карабах #азербайджан #армения #россия #алиев #пашинян #путин
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации