Diário de Notícias: Мәскеу мен Бейжің арасында тұрсаң, орыс пен қытайды жақсы түсінуің керек

24 маусым, 07:13

Фото: AFP

Diário de Notícias (Португалия) басылымы Қазақстан президенті жайында таңданысын жасырмаған мақала жариялап отыр. Автор Леонидиу Паулу Феррейра (Leonídio Paulo Ferreira) Қасым-Жомарт Тоқаевтың қазақ, орыс, ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгергеніне тоқталған.

Оның пікірінше, қазақ президентінің Ресей және Қытай тәрізді ірі көршілерімен қатар өмір сүруге және Еуроодақ, АҚШ бастаған Батыспен де қатынас жасауға қажетті телегей теңіз білімі бар. Бұл – Қазақстанға жолы түскен әсершіл адамның сөзі ме, әлде, жергілікті алтынның буы әсер етті ме, ол жағын өзіңіз бағамдағайсыз.

«Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі ­– ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалт-жұлт еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді», – деп жазды туғанына 175 жыл толғалы отырған көрнекті қазақ әдебиетінің өкілі Абай.

Абай мұсылман медіресесінде, сосын орыс мектебінде оқыған (ол кезде патша империясының тұсы еді). Ол араб, парсы және басқа да шығыс тілдерін білетін. Әрине, орыс тілін де меңгерген. Ұлы жазушылардың, соның ішінде Пушкиннің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Бір жыл бұрын Абайдың отанында жаңа көшбасшы сайланды. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін 1991 жылы тәуелсіздік алған бұл елдің тарихындағы екінші президент. Қасым-Жомарт Тоқаевтың қандай қиындықтарға тап келетінін түсіну үшін, оның АҚШ «тәуелсіздігінің атасы» Джордж Вашингтонның орнына келген Джон Адамсты еске түсіріп көріңіз. Егер Орта ғасыр тарихын ұнататын болсаңыз, Афонсу Энрикешидің тағына мұрагерлік жолмен отырған Бірінші Саншуды елестетіңіз.

Иә, Тоқаевтың алдында екі бірдей миссия тұр. Біріншісі, бұл – жер көлемі жағынан әлемдегі тоғызыншы орын алатын елді басқарып, оны дамыту. Екіншіден, оған Нұрсұлтан Назарбаевтың мұрасын сақтау қажет. Бұрынғы президент өзге кеңес республикаларын, оның ішінде орталық азия елдерін шарпып өткен күйзелістерден елді сақтап келді. Назарбаев та «мемлекет негізін қалаушы» болып аталып жүр.

Бірнеше ай бұрын Қазақстанда болдым. Абай туылған топырақ – Семейге ат басын бұрдым. Бұрын Астана деп аталған жаңа елордасы Нұр-Сұлтан қаласында этникалық қазақтар мен орыс, өзбек, тіпті кәріс секілді тегі басқа ел азаматтары тату-тәтті тұрып жатқанына куә болдым. Қазақстанның кең байтақ даласы Еуропа мен Азия арасында орналасқан. Көп ғасыр бұрын бұл даланы Шыңғысхан кесіп өткен. Қазақ халқы өзін осы жаһангердің ұрпағымыз деп есептейді. Еуропалық бөлігі, яғни Орал тауларының тұсы, ел аумағының небәрі тоғыздан бірі болғанына қарамастан, бұл – Польша, Португалия секілді елдердің көлемімен тең жер. Тарих Қазақстанды Батыс пен Шығыстың арасында еркін сезінетін елге айналдырды. Бұл – толерантты топырақ. Бұл жерде португалдық пен қазақ әйелі қыз өсіріп отыр. Олармен танысып та үлгердім. Қыздарының атын Алма деп қойған. Бұл – екі мәдениетте де өз мағынасы бар әдемі есім.

Енді Қазақстанның болашағы игіліктерді бөлісіп, жүзден аса түрлі ұлт пен ұлыс арасында бейбітшілікті сақтауға тәуелді. Бұл жерде мұнайға тәуелділіктен құтылу маңызды рөл ойнайды. Мүдделері жиі қайшыласып жатқан бірнеше күштердің полюсі бар әлемде бұл ел өзін жақсы сезіне білуі тиіс.

2019 жылы 12 маусымда өзінің инаугурациясы барысында Тоқаев әлеуметке бағытталған сөз айтып, наразылық тудырып отырған теңсіздікке жіті назар аударуға уәде берді. Пандемияның экономикалық салдарына қарамастан, ел дамып келеді. Өйткені, қолайлы кезеңде «қиын-қыстау» күндерге арнап қаражат жинақтап үлгерген. Сынға сезімталдықпен қарайтын президенттің «партиялық жүйенің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға бағытталған саяси реформалар жасаймын» деген уәдесі де бар.

Оның орыс, қытай және ағылшын тілдерінде сөйлей алатыны таңдандырады. Ол осы тілдердің бәрінде мүдірмей, таза сөйлейді. Мәскеуде оқып, Бейжіңде де дәріс алған. Қытай астанасы мен Сингапурда дипломатиялық қызмет атқарған. Сондай-ақ Тоқаев БҰҰ-да да жоғары лауазымды иеленген. Қазақ президентінің Ресей және Қытай тәрізді ірі көршілерімен қатар өмір сүруге және Еуроодақ, АҚШ бастаған Батыспен де қатынас жасауға қажетті телегей теңіз білімі бар. Ол бәрін естіп, түсіне алады.

19 миллион адам тұратын Қазақстан көп еңбегімен мақтана алады. Соның ішінде ядролықтан қарудан бас тартуы және заманауи, ашық исламды ұстануы да бар. Бұл елді ұнатқан адамдарға Абай ақынның сөзімен айтқанда, көп естіп, көп көрген адам – Тоқаев секілді басшы болғаны жағымды екені хақ.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации