Бекболат Тілеухан: Қару сатуға қатысым жоқ

11 қыркүйек, 16:02

Фото: ғаламтордан

Журналист Тоқтар Жақаш әлеуметтік желіде видео жариялады. Онда белгісіз бір адам Ресейге қару өткізгенін, бұған Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеуханның қатысы барын айтады.

Бейнежазбадағы көрсетілген, айтылған жайттың рас-өтірігі белгісіз. Біреулерді қаралау үшін әдейі түсірілген бе, жоқ, қолға түскен қару сатушыны қылмысын мойындағаны ма, ол жағы дүдәмал. Әйтсе де, депутат мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

Бейнежазбадан ұққанымыз, әлдебір заңсыз «қару сатушы» ұсталған. Қашан, қай жерде екені беймәлім. Оны көлік ішінде әлдекімдер тергеп жатыр. Күдікті заңсыз қару сатумен айналысатынын мойындайды. Айтуынша, ол еліміздегі Ресейдің әскери базаларының бірінен танысы арқылы қару алып, оны Ресейге тасымалдап отырған. Осы үшін қомақты қаражат алған. Ол тергеу барысында бұл істің артында ҰҚК қызметкерлері мен Мәжіліс депутаты Бекболат Тілеухан тұрғанынан мәлімдейді.

Тоқтар Жақаш

«Бекболат Тілеухан Сирияға қару сатып жүр ме? Мына видеода қару саудасына шатылған жігіт құзырлы орындардың қолына түсіп, біраз құпияның бетін ашты! Ресей әскери бөлімшесінен сатып алған қару-жарақ мүмкін, Сирияға кетіп жатқан шығар? Депутатымыз осындай болса, болашағымыз тіпті қорқынышты екен! Егер, менің отбасыма, бала-шағама, туған-туыстарыма қастандық жасалса, оған тек осы видео ғана себеп болуы мүмкін!», – деп байбалам салды Тоқтар Жақаш.

Оның пікірінше, бұл іс Президенттің назарына алынуы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік қызметі, Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі, Парламент спикері және басқа да құзырлы орындардан осы мәселе бойынша жауап беруін талап етті.

Іле-шала бұл бейнежазбаға қатысты депутат Бекболат Тілеуханның өзі пікір білдірді. Оның айтуынша, бұл – қып-қызыл жала.

«Бейнетаспаны көрдім. Өте жақсы спектакль жасаған. Күдікті ұсталып жауап беріп жатқан сияқты. Адамдардың аты-жөнін анық айтады. Қисынға симайтын нәрселерді айтады», – деді депутат.

Бекболат Тілеухан өзіне жала жапқан адамдарға қатысты Ұлттық қауіпсіздік қызметіне, басқа да құқық қорғау органдарына және Қауіпсіздік кеңесіне шағым түсіретінін айтты.

«Еш нәрсе жайдан-жай бола салмайды! Қару сату туралы видео қайда, қашан түсірілген? Ондағы адамдар кімдер? Айтылған сөздері қаншалықты рас? ҰҚК, Қорғаныс министрлігі, Шекара қызметі, ІІМ бірігіп, видеоның пайда болу себептерін жан-жақты зерттеп, жауап беруі тиіс. Егер, видео жай «ойын» болса, оны түсіруге қатысқандар оңбай жазалануы керек! Әй, бірақ бұл «ойын» емес-ау! Неде болса, бір кәкірдің бары анық! Бірақ ол не «кәкір»?

Қоғамды сендіру үшін Бекболаттың мұндай мәлімдемесі жеткіліксіз. Тіпті, Бекеңнің осылай дейтіні күні бұрын белгілі еді. Енді тиісті орындар тергеу-тексеруді тереңдете жүргізіп, ешқандай сұрақ тумайтындай жауап беруі керек», – дейді Тоқтар Жақаш сенімсіздік танытып.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации