Басқарма басшысы «жүздеген қытайға» байланысты жауап берді

03 наурыз, 15:24

Фото: platon.asia

Nege.kz порталының редакциясына хабарласқан оқырманның дерегі бойынша бүгін «Алматыдағы ауруханада «жүздеген қытай» НЕГЕ жатыр?» деп аталатын мақала жариялағанбыз. Осыған байланысты редакцияға Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаевтың өзі хабарласты.

Тақырыпқа орай: «Алматыдағы ауруханада «жүздеген қытай» НЕГЕ жатыр?

– Саламатсыз ба, бұл Тілеухан Шілдебайұлы ғой. Сіздер бүгін бір мақала жариялапсыздар. Соған байланысты хабарласып отырмын.

– Кеше басқарманың баспасөз қызметінен жауап ала алмадық.

– Кеше әкімнің жиналысы болды. Қол тимеді. Ал сұрағыңызды қойыңыз. Өзім-ақ бәрін түсіндіріп берейін.

– Түркісіб ауданындағы «Фтизопульмонология орталығында» жүздеген қытай азаматының коронавирустан карантинде жатқаны рас па?

– Еліміздің бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшиннің қаулысы бар. Қазір әлемдегі қауіпті елдердің қатарына Қытай халық республикасы кіреді. Ол жақтан адамдар басқа мемлекеттер арқылы ұшып келсе де, әуежайдан күтіп алып, карантинге жатқыздық. Сол жақтан келген адамдар коронавирусты жұқтыруы мүмкін. Мұны біз үш топқа бөлдік. Соның «А» категориясына – ҚХР мен Иран республикасы кіреді. Олардан келгендер ауырмаса да, 14 күнге карантинге жатқызамыз. Олардың ешқайсысында ауру да жоқ, қауіп те жоқ. Егер ертең аурудың белгісі шығып жатса, тұмау мен ОРВИ-дің белгісі шықса, біз оларды одан да ерекше оқшаулаймыз.

– Олардың бәрі Қытай азаматтары ма?

– Иә, 90 пайызы Қазақстанда жұмыс істеп жүрген қытай азаматтары. Сосын Қытайдан келген қандастар, Моңғолияның бір азаматы бар. Бірақ олардың атын жариялауға ешкімнің құқысы жоқ. Олар бізді сотқа беруі мүмкін.

– Олар бұрынырақта эвакуацияланғандар емес пе?

– Жоқ, олардың бәрін тексеріп, үйлеріне шығарып жібергенбіз. Жағдайы жақсы қазір. Ал мыналар – елімізде жұмыс істеп жүрген Қытай азаматтары. Бізге басқа мемлекет арқылы ұшып келген. Мысалы, Дубай, Мәскеу арқылы жеткен. Біз олардың келе жатқанын шекаралық қызмет арқылы біліп отырдық. Ешқайсысынан коронавирус табылған жоқ. Карантинде ауырып қалу қаупі басым адамдар болған соң жатыр. Бүгін алдыңғы келген 12 адамды шығарып жатырмыз. Әрқайсысы әртүрлі күні келді ғой.

– Жалпы, карантинде неше адам жатыр?

– Қазір 124 адам жатыр. Оның 111-і – Қытай азаматы, 12-сі – Қазақстан азаматы, біреуі – Моңғолия азаматы.  Оларды 14 күн қарадық. Вирустың ешқандай белгісі табылған жоқ. Кеше бір адам шықты, бүгін 12 адам шығады. Бірақ олармен медициналық қызметкерлер тағы да 10 күн телефонмен байланысып, денсаулығын бақылап тұрады.

– Олар карантинде кімнің ақшасына жатыр? Мемлекеттің бе, жұмыс берушінің бе?

– Тегін мемлекетпен кепілдендірілген көмек аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қаржыландырылды. Карантиннен шыққан соң осындағы жұмысына кірісе беруге рұқсат. 

– Олар Қытайда ауырып, бас сауғалап қашып келгендер емес пе?

– Жоқ, ешқайсысында ауру белгісі жоқ. Кейбірі Талдықорғанда жол салатын құрылыс компаниясында жұмыс істейді. Екі ортада жүрген мамандар ғой. Әр жерде істейді. Бірақ олар карантиннен шыққан соң ғана жұмысына кірісе алады. Олар денсаулығына сенімді адамдар. Бірақ Қазақстанның талабы бойынша, елге келгенде 14 күн карантинге жатқыздық. Шекара қызметі де жұмыс істеп жатыр ғой.

Мысалы, бүгіннен бастап Иран азаматтары басқа мемлекеттер арқылы ұшып келетін болса, оларды да дереу карантинге жатқызамыз. Себебі, қазір ол жақта да жағдай ушығып тұр. Тағы да қайталап айтам, мұнда жатқан азаматтардан ешқандай коронавирус белгісі табылған жоқ. Қытайдан келген соң жатқыздық. Оларды қайта жібере салсақ, вирусты қаншама адамға таратуы мүмкін. Бұл індеттің елде тарап кетпеуіне байланысты қолға алынған алдын алу шарасының бірі.

– Алдағы уақытта да шетелден келген азаматтар осы   «Фтизопульмонология орталығыа жатқызыла ма?

– Мұнда сау адамдар жатыр. Тек бақылау мерзімінде ғана. Сосын бұл мекеме туберкулез диспансері емес. Бір ай бұрын оларды институтқа көшіргенбіз, мұнда тек таза науқастар жатады. Орналасқан жерінің ауасы да таза. Және 9 жыл бұрын салынған жаңа аурухана. Барлық талапқа сай. Сондай-ақ, қоршалып тұрғаны қытай азаматтары тыңдамай, қашып шықпасын деген талаптан ғана жасалды. Полиция қызметі де қатаң бақылауға алған. Барлық сақтық шараларын қамтыдық.

– Қытай өз азаматтарын біздің шекарадан өткізбеуі керек емес пе?

– Қазақстан қазір Қытайдан тікелей ұшатын ұшақтарға тыйым салды. Бірақ олардың қолында «ауырған жоқ» деген анықтамасы бар ғой. Сосын Дубай, Мәскеу арқылы ұшып келген. Оған шектеу қойылған жоқ. Біз ғана емес, барлық мемлекет осындай шара қолданып жатыр. Құдай сақтасын, бізден коронавирус табылған жоқ. Дегенмен, Қазақстанда шығып қалу қаупі жоғары. ДДСҰ-ның мәліметінше, коронавирус әлемнің 64 елінде анықталды.

 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации