Бас мүфти: Ауыз бекіткендерге азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, сауап аласыз

24 сәуір, 11:16

Фото: nege.kz

Қасиетті Ораза айы басталды. Өкінішке қарай, мұсылмандарға ұлық мерекені биыл карантин жағдайында өткізуге тура келіп отыр. Халқымыздың салт-дәстүрімен сіңісіп кеткен діни дәстүрлеріміз бен жоралғыларды жасау осындай қиын-қыстау сәтте біршама қиындық туғызып отыр. Осы мәселелер жөнінде Nege.kz тілшісі Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлымен сұхбаттасты.   

– Жұқпалы індет жамағат намаздарын уақытша тоқтатуға әкеп соқты. Карантин кезіндегі ораза қалай болады? Қазір көптеген жұмыс жүйесі онлайн режимге көшті. Діни басқарма осы бағытта қандай қадамдар жасады?

– Сіз бен бізді қасиетті Рамазан айына аман-есен жеткізген Аллаға сансыз шүкірлер болсын! 

Баршаңызды исі мұсылманның ұлық айы – Рамазанның келуімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына бақыт пен береке, бірлік пен татулық тілеймін! Алла Тағала ұстаған оразамызды, жасаған дұғамызды, орынды себептермен ауыз бекіте алмай қалған жандардың қайырлы амалдарын қабыл еткей!

Қасиетті хадис-шарифте айтылғандай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы. Онлайн режимде насихат тыңдап, үйден шықпай сауапты амалдарға ортақтасуға болады.

Атап айтқанда, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы биылғы қасиетті рамазанда жамағаттың игілігі үшін мынандай жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр.

«Хикмет ТВ» студиясы арқылы 30 күн ораза бойы білікті имамдарымыз бен ұстаздарымыздың «Отыз күнге – отыз уағыз» атты онлайн жоба дәрістері жүргізіледі.

«Хикмет ТВ» студиясы арқылы Рамазан айында күн сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында күніне бір сағат арнайы онлайн-хатым оқылып, қасиетті Қадыр түнінде Құран Хатым дұғасы жасалады. Сондай-ақ, muslim.kz истаграм парақшасы арқылы имамдармен бір толқында дұға жасауға ниеттелген жамағаттың игілігі үшін Рамазан айының бірінші күнінен бастап, күнделікті әр 15 минут сайын Республикалық «Әзірет Сұлтан» мешітінің қабырғасында «Батамен ел көгерер» атты онлайн режимде дұға жасап, батаға қатысу рәсімі ұйымдастырылатын болады.

Әзірет Сұлтан мешіті

Сондай-ақ, біз төтенше жағдай кезінде пітір садақасы мен зекетті онлайн режимде берудің оңтайлы жолын да қарастырдық.

– Рамазан айындағы басты діни рәсімнің бірі – ауызашар. Қазір оған да шектеу қойдыңыздар. Ауызашар берудің қандай жолдарын қарастырдыңыздар?

– Рамазан – жақсылықта жарысатын ай. Алла Тағала қасиетті Құранда «Бақара» сүресінің 148-аятында: «Әркімнің бір бет алатын қыбыласы бар. Сонда жақсылыққа жарысыңдар», – деп баяндалған. Ауыз бекіткен жандарға азық-түлік жеткізіп берсеңіз де, ауыз аштырғанның сауабын аласыз. Тіпті, көмекке мұқтаж отбасыларға ауызашарға кететін шығынды беріп, қаржылай қолдау көрсетсеңіз де, мол сауапқа кенелесіз. Жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманның ниеті амалынан қайырлы.

– Мұсылман жамағатын қасиетті Рамазан айымен құттықтап, Үндеу жолдадыңыз. Халыққа жасаған Үндеу туралы толығырақ айтып өтсеңіз.

– Осы ретте барша отандастарымды қасиетті айдың құрметі үшін ақысыз демалысқа шыққан азаматтардың пәтер ақысына мүмкіндігінше жеңілдік жасауға, күнделікті тұтынатын тұрмыстық заттар мен азық-түлік бағасын барынша төмендетуге, күллі жамандықтың бастауы болған арақ-шараптың сатылуына шектеу қоюға, көмекке мұқтаж отбасыларға жан-жақты қолдау көрсетуге шақырамын.

Садақа – пенденің мал-дәулетін азайтпайды, керісінше, берекесін арттырады. Біз берген садақа бір отбасын қуанышқа бөлейді. Ендеше, көмекке зәру шаңырақты шаттыққа бөлеп, үлкеннің батасын алып, алғысына бөленейік.

Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім бауырының қажетін өтесе, Алла оның қажетінде болады. Кімде кім мұсылманның бір қайғысын сейілтсе, Алла оның қайғы-қасіреттерінің бірін сейілтеді», – деген. Халық даналығында айтылатын: «Қайырымдылық жасасаң – қайырын өзің көресің», – деген нақыл сөздің мәні осы болса керек.

Өткен жолы баспасөз конференциясында кейбір жауапты әрі ауыр салада жұмыс істейтін топтағы адамдарға карантин кезінде ұстайтын оразасын уақытша тоқтатып, кейін жалғастыруға болатынын айттыңыздар. Осыған тоқталсаңыз...

– Біреудің өміріне жауапты әрі зәру қызмет иелері (ұшқыш, дәрігер т.б.) мен ауыр жұмыс иелері (кенші, металлург, қауіпті нысанда істейтін құрылысшы т.б.) ораза ұстауға шамасы жетпесе, оны кейінге қалдыра алады. Олардың қатарына қазіргі таңда тынымсыз еңбек етіп жатқан дәрігер, медбике және полиция қызметкерлерін қосуға болады.

Сонымен қатар, елдің қарулы күштері бейбітшілік жағдайдан соғыс жағдайына көшірілген кезде ораза тұту әскердің қырағылығы мен жауынгерлік даярлығын әлсіретуге алып барса, оразаны тоқтатуға рұқсат етіледі.

Қоғамда пітір садақасы туралы сұрақтар бар. Оны қайда және кімге берген дұрыс? Пітір садақаны берудегі мақсат қандай?

– Қоғамда пітір садақасы не үшін беріледі деген сауал жиі қойылады. Осы ретте айта кетер жайт, өз қажеттілігін қоспағанда мал-мүлкі, дүниесі күміс нисабына жеткен, яғни 127 мың теңгесі бар адам Рамазан айында өзі және жанұясы үшін пітір садақасын беруі – уәжіп (міндет).

Пітір садақасы пенденің ораза кезінде жіберіп алған қате-кемшіліктерінің өтеуі үшін және көмекке мұқтаж жандарды материалдық қолдау мақсатында беріледі. Мешіт халықтан түскен пітір садақасын шариғат жолымен көмекке мұқтаж отбасыларға таратады. Бұл – әуелі Алланың, содан кейін пітір садақасын берген адамдардың алдындағы жауапты да сауапты міндетіміз.

Рамазан – тәрбие айы деп жатамыз. Аузы берік адам оразаның қандай хикметтерін сезінеді?

– Бірде әйгілі сахаба Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тақуалық туралы сұраған кісілерге былай дейді: «Сіздер өмірлеріңізде тікені көп жолмен жүріп көрдіңіздер ме?». Сонда қасындағы адамдар: «Иә, өттік», – деп жауап берді. Әбу Һұрайра (Алла оған разы болсын) тағы да: «Олай болса, сол жерден өткен кезде не істедіңіздер?» – деп сауал қойды. Олар: «Тікендерден сақтанып өттік», – деп жауап берді. Сонда сахаба: «Тақуалық та дәл солай, күнә мен қателіктерден сақтану», – деп түсіндіріп берген екен.

Ораза құлшылығының мәні де осында. Ауыз бекіткен адамның санасында «Осы ісім оразамды бұзып жібермей ме?» деген сауал әрдайым жаңғырып тұрады. Тіпті, ораза ұстаған жан біреуді ренжітіп алудан сақтанып, сауаптан құр қалмауға тырысады.

Былай күнде біреудің әдепсіз әрекетінің «қарымтасын» беруге асығып тұратын жан қасиетті Рамазан айында өзге адам дауыс көтеріп, шектен шығып жатса да «мен ораза едім» деп мәселені тақуалық жолмен шешеді. Өйткені, Рамазанда «мен оразамын» деп айту – сүннет амал, яғни Пайғамбар жолы. Ардақты Пайғамбарымыз былай өсиет еткен: «Кімде кім аузы берік болса, жаман сөз сөйлемесін. Дауыс көтеріп, айқай шығармасын. Біреу оған тіл тигізсе немесе онымен керіскісі келсе оған: «Мен оразамын» десін».

Тақуалық – арнайы іздеп, уақыт-сәтін күтіп жасайтын амал емес. Алладан қорқу, күнәдан сақтану күнделікті тіршілігімізде, жұмысымыз бен отбасымызда, кез келген қоғамдық ортада көрініс табуы тиіс. Ал ораза айы тақуалықты ту ететін орайлы сәт. Ораза кезінде тақуалық таныта алмаған адам сауаптан құр қалады.

Адам қолындағы азды-көпті дәулеті, күнде ішіп-жеп жүрген азық-ауқаты, киіп жүрген киімі, мініп жүрген көлігі, басындағы баспанасы, т.б. нығметтер уақыт өте келе қалыпты жағдайға айналады. Алайда адам баласы осынау игілікке өзінің қарым-қабілеті мен амал-әрекеті арқылы жеттім деп ойлайды. Асылында әсте олай емес. Аспан мен жердің арасындағы күллі мүліктің иесі – Алла. Өйткені, Жаратушы Жаббар Иеміз: «Сендердегі әрбір нығмет әлбетте Алладан (сыйлық етілген)» дейді («Нахл» сүресі, 53-аят). Адам баласы қандай игілікке жетсе, бұл ең әуелі Алланың қалауымен болатын нығмет.

Рамазан – шүкір айы. Мұсылман баласы таң атқаннан күн батқанға дейін ауыз бекіткен кезде күнде ішіп жүрген бір жұтым судың қадіріне жетеді. Ауыз ашқан сәтте бір кесе судың өзі қандай тәтті десеңші?! Күні бойы аш құрсақ жүрген пенде ауызашарда су мен нанды қанағат етеді. Оны нәсіп еткен Аллаға шүкір етіп, оған мадақ айтады. Алла шүкір еткен пендесіне разы болады. Ардақты Пайғамбарымыз: «Әлбетте Алла тамақ жеп болып оған мадақ айтқан немесе сусын ішіп болып мадақ айтқан пендеге разы болады» деген.

Ораза адамды көбірек шүкір етуге үйретеді. Ал шүкір еткен елдің ризығы одан сайын арта береді. Бұған мына аят дәлел: «Жақсы (көркем) елдің (жері құнарлы болса да, құнарсыз болса да оның) өсімдігі Раббының қалауы бойынша (берекелі өніп) шығады. Ал, жаман елдің өсімдігі (құнарлы жердің өзінде) қиындықпен (мардымсыз) шығады. Шүкіршілік етуші қауым үшін (шүкіршілік етуші ел мен шүкіршілік етпейтін елдің мысалы түсінікті болу үшін) аяттарымызды осылайша тарқатып баян етеміз» («Ағраф» сүресі, 58-аят).

Рамазанда мұсылманның бір-біріне мейірімі оянып, бауырмалдығы артады. Әз Пайғамбар: «Бір-бірін жақсы көруде, бір-біріне жаны ашуда, бір-біріне мейірім таныту ісінде мүміндер тұтас бір ағза секілді. Дененің бір мүшесі ауырса, басқа мүшелері оған қосыла сыздайды», –деген.

Қарны тоқ адам аш адамның жағдайын түсінбейді. Бай адам өзі ораза ұстаған кезде тамаққа жарымай, аш жүрген пенденің жағдайын терең сезінеді. Бауырының жағдайын жүрегімен түсінген адам оған мейірім таныта бастайды. Ораза – бай мен кедейдің арасын жақындата түсетін теңдессіз құлшылық.

Алла Тағала ұстаған оразамызды, берген садақамызды, қасиетті айда жасаған әрбір қайырлы істеріміздің сауабын еселеп жазғай! Жаратушы Иеміз баршамызды оразадан оразаға дейін айдан аман, жылдан есен жеткізе бергей! Әмин!

Әңгімеңізге рахмет! 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации