Бақыт Беделхан: Психология – дін, психологтар – Құдай емес

20 қараша, 18:13

Фото: ғаламтордан

Қазір ең қауіптісі – дін. Қазақ өз ішінде қай дінді ұстарын білмей жүр.

Бір қазақтың өзі үшке бөлінді

Мұхаммеджан салафит дедік те, қырық пышақ болып миымызды ашытып жатырмыз. Олардың ұстанатыны басқа жол. Қазақтың діні «дәстүрлі дін» дейді. Ал оны ұстануды нақты ешкім білмейді. Кейбір қазақтар Тәңір іліміне тартып, өздері бөлек қауым болып жүр. Бір қазақтың өзі үшке бөлінді. Сонда қазақ дін үшін бір-бірімен қырылыса ма? Біз дінге берік ел емес пе едік? Кезінде дін мәселесін жүгендеп, бір бағытқа қоя алмадық. Біздің дәстүрлі дін – сопылық бағыт болатын. Сопыларды түгел қуып шықтық. Олардың бір ғана кемшілігі бар еді. Сопылар ібілістің зікірін салатын. Олардың сондай ерсі дүниелері болғаны жасырын емес. Бірақ солар біздің салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, кешегі ақын-жырауларымызды, бүкіл жәдігерлерімізді, тарихымызды түгендеп жатты.

Таза арабтың дінімен жүргендер салт-дәстүрді керек етпейді. Бір Құдайдан басқасының бәрі  «ширк» дейді. Ал, Тәңір дінін ілім ретінде енгізейін десе, ана екеуі қарсы. Тәңір ілімі де бізге жат емес. Ешкім тасқа табынып кетпейді ғой. Бәріне ортақ – Тәңір. Тәңір ілімінде жатқан философия көп. Құранның өзінде «Алладан басқа Тәңір жоқ» дейді. Алла ғана – Тәңір, одан басқаға табынбайды. Біз соны дұрыс тәпсірлеп жатқан жоқпыз. Қазақ онсыз да Тәңірін ұмытпаған. Сондықтан, мұндай шатасулардан мейлінше сақ болғанымыз жөн.

Шашың – алтын, басың – күміс...

Дін деп миымыз ашып жүрген кезде психологтар келді. Кейбіреулер осыларды құдайындай көреді.

 

«Сені Құдай ерекше етіп жаратты. Күйеуіңе – күң, туыстарыңа – құл болмауың керек. Енең сенің тірлігіңе араласпасын. Нағашы-жиен деген бөтен адамдар. Сенің өміріңнің бүкіл бағытына өзгелер кедергі болмауы керек. Балаңмен тең сөйлес!», – дейді психологиялық кеңес.

Оның барлығы қазақтың салт-дәстүрінде, тәрбиесінде жатыр ғой. Теріс психология – өте қауіпті. Бұл еуропашыл миссионерлердің тірлігі. Қазір олардың барлығы қазақша үйреніп алған. Еуропаның психологиясы қазақша сайрап тұр. Соның арқасында миллиондар алып отыр. Осылай кете беретін болсақ, мұндай жағдайлар келіндеріміздің шайтанын тез қозғайды. Әйелдерді азғыратындар көбейді. Бұған да тыйым салынбаса, ертең дініміз үшке бөлініп қырылысып жатқан сияқты қырғын басталады. Психологтар үшін карантин жақсы мүмкіндік болды. Солардың арқасында талай отбасы қырық пышақ қырылысып жатыр. Ажырасып кеткендер бар.

Бұл – батыс елдерінде жалғыз баласын оқытып, жеткізіп жібере салған кемпір-шал екеуі ғана отыратын отбасылардан келген үрдіс. Олар да жалыға бастады. Біздің қазақтың шаңырағында 10-15 адам тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Араларында ренжіскендері болса, үлкендері барып татуластырып кетеді. Бір-біріне күң немесе құл болып жатқан жоқ. Бір үйде он баладан өстік, мысалы мен 12-баламын. Бір-біріміздің киімімізді киіп жүре бердік. Осындай айрандай ұйып отырған ұлтымыздың дәстүр-салтын саналы түрде талқандап жатыр. Оған ермейін десе, жаһандануға қызығады. Жаһандану деген ұсақ ұлттарды жоюдың амалы. Сен байыңның тамағын жасап, үйді тазалап күң болып жүргенше ағылшын тілін, Еуропаның психосаматикасын үйрен» дейді. Отбасына бет бұрайын десе, шайтаны қозғап тұрады. «Сенің шашың – алтын, басың – күміс» дегенге сенеді. 

Қазір жын жайлаған заман

Бір қазақты ғана емес, жалпы жер бетін жын жайлады. Пайғамбардың қайта келмейтіні хақ болса, бүкіл әлемді бір адам басқарғысы келеді. Ақшаның буымен пайғамбар болуға талпынатындар көбейді. Құдайға күпірлік жасайтын – солар. Соның кесірінен ақырзаман орнап жатыр. Адамды адам билеген дұрыс, ақша емес. Бүкіл дүниені ақша билеп тұр. Адам, адамгершілік, адами қасиеттерден жұрдай қалдық. Қазіргі заман адамды эгоизмге тәрбиелеп жатыр. Өзін ғана ойлайтындар, мен өмірге бір-ақ рет келемін дейтіндер, неге біреу үшін басымды ауыртуым керек дейтіндер көбейді.

Дін мен психологияның фанаты болмайық

Психологияны әлеуметтік желіде мыңдаған халыққа жалпылама таңуға болмайды. Жеке психологтар да бар. Ол жағы дұрыс. Ол жеке адаммен ғана сөйлесіп, жеке жұмыс жүргізеді. Жалпы психологияның атқаратын рөлі басқа. Мысалы, біреуі депрессияға ұшырап жүр делік. Бірақ, бәрі ондай емес қой. Әр дамның ішкі күйзелісі әртүрлі. Біреуі соққыдан, біреуі қорыққаннан, біреу психикалық жағдайдан болуы мүмкін. Соның барлығын желіде отырып алып айту керек пе? Ортаға салып талқылаған дұрыс па?

Қазір барлығын араластырып жіберген. Жұрттың миы атала болып кетті. Психологияны – дін, психологтарды – Құдай көреді. Осыны жөнге салу керек.

Психологсымақтар трансқа енгізіп, гипноз жасап өздеріне сендіріп алады. Олар бір рет сендіріп алды ма, бітті. Жынды адам сияқты солардың айтқаны шын сияқты көрініп тұрады. Келесіде оның тренингіне 100 мың теңге төлеп барады. Ал сол психологтардың айтып жүргенінің барлығы бірдей біздің ұлттық болмысымызға сай емес.

#тренинг #психология #дін
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации