Әсіредіншілдер 100 келі алтынды не істемек болды?

29 сәуір, 16:54

Фото: ғаламтордан

Бұл оқиғаның сюжеті голливудтық вестернді немесе тайга мен алтын іздеушілер туралы ресейлік арзанқол сериалды еске түсіреді. Қылмыскерлер дәп бір кинодағыдай алтын өндіруші компанияны тонамақшы болады. Бұл қылмыс 2009 жылы 7 қазан күні Астанадан (қазіргі Нұр-Сұлтан) 185 шақырым жерде, Степногорскі – Ақкөл тас жолының бойында болған.

Степногрскі қаласы Астананың солтүстік-шығысында орналасқан. Өткен ғасырдың 80-жылдарына дейін қала картада болмаған. Бастапқыда «құпия» елдімекен саналған. Целиноград-25, Макинскі-2 деген шартты атаулары ғана болыпты. Оның себебі – Целинный тау-химия комбинаты. Комбинаттың негізгі шаруасы – уран кенін қайта өңдеу. «Құпиялықтың тағы бір себебі – Степногрскі ғылыми-тәжірибелік өнеркәсіп базасы. Мұнда бактериологиялық қару жасаған және өндірген. 1983-87 жылдары базада танымал микробиолог ғалым Қанат Әлібеков (Кеннет Әлібек) жұмыс істеген. Ғалымның басшылығымен мұнда сібір жарасы әскери штаммын өндірген, Марбург вирусының қару түрін жасаған.

Степногрскі тау-кен комбинаты

Әрине, қалада бұдан бөлек өндіріс орындары да болды. Кейбірі әлі күнге дейін жұмыс істеп жатыр. Мұнда алтын, полиметалл (уран), молибден өндіреді. Өндіріс орындарында 11 мыңнан астам адам жұмыс істейді. Қаланы ұстап тұрған Степногорскі тау-химия комбинаты бар. Сондай-ақ «Қазақалтын» концерні алтын өндіреді. Концернге елдегі ең бай Ақсу, Бестөбе, Жолымбет кеніштері қарайды. Ақсу кенішінде екі шахта мен кен байыту фабрикасы жұмыс істейді.

Комбинаттың тарихы сонау 1932 жылдан басталады. Кен өндіру жөніндегі қаулыға С.Орджоникидзенің өзі қол қойыпты. Кеніш кейіннен «Қазақалтынға» енші болып қалған.

«Қазақалтынның» гүлденген тұсы 1970-80 жылдар. Қазақстанның 8 облысындағы жиырмадан астам кеніштен жыл сайын 6-7 тонна алтын өндірген. Ал енді 80 жылдық тарихында 350 тонна алтын «сапырыпты». «Алтынның жолы ауыр» дегенді қазақ бекер айтпаса керек. Міне, біз баяндамақ қылмыс осы алтынның төңірегінде болмақ.

Алтынды кеніштен қалай өндіретінін, қалай өңдейтінін, арнайы қаптарға салынған алтын ұнтағын қарулы күзет қалай таситынын бақылап жүрген қылмыстық топ күндердің-күнінде шабуыл жасауға бекиді.

Алтын түйіршіктері (ғаламтордан)

Сол маңда тұратын төрт жігіт инкассаторлық көліктің бағытын бақылай бастайды. Шабуылға мұқият дайындалады. Бүкіл жаз бойы және қыркүйек айында инкассатор көліктерінің соңында жүріп, күзетшілердің әрекетін зерттейді. Шабуыл жасалардан бірнеше күн бұрын күзетшілердің бірінің үйіне келіп, «егер айтқанымызды істемесең, бүкіл отбасыңды қырып саламыз» деп қорқытады. Осылайша инкассатордан алтын таситын көліктердің бағытын, шығатын уақытын біліп алған. Есі шыға қорыққан күзетші 100 келі таза алтынды қай күні қандай көлікпен алып шығатынын айтып қояды.

Екі инкассаторлық көлік Степногрскі қаласынан шыққан сәттен бастап бандиттер соңына түседі. Топ мүшелері өзара рациямен ғана сөйлескен. Бірнеше шақырымнан соң «Қазақалтын» инкассаторларын қылмыскерлер жол бойында жасырын күтіп тұрған-ды. Алтын тиеген көліктер тұсына жақындағанда бандиттер Калашников автоматынан және басқа да қарулардан оқ жаудырған. Күзетшілер де оңай-оспақ емес екен, көліктердің бірінің дөңгелегі жарылғанына қарамастан жылдамдықты жоғалтпай, алға тарта берген. Тағы 20 шақырымнан соң ауылға бұрылады. Бандиттер не істеу керек екенін ойластырғанша күзетшілер дөңгелегі сау көлікке алтынды тиеп, одан әрі жүре берген. Атыс кезінде инкассаторлардың бірінің аяғына оқ тиген екен. Қысқасы, қарақшылар мінген көлік шабандығынан инкассаторлық көлікті қуып жете алмай қалған. Қуып жеткенде ешкімді де аямайтыны белгілі еді. Енді оларға полиция келмей тұрып кету керек. Бандиттер жаяу қашып орманға кіреді де, із суытады.

Степногрскі тас жолы

Бұдан кейінгісі Ақмола облыстық ПД із кесушілері мен техниканың шаруасы еді. Оқиғаның егжей-тегжейін маған сол тұста Ақмола облыстық ПД бастығының орынбасары болған Алтай Бошанов әңгімелеп берді. Жоғары шеніне қарамастан ол жедел-тергеу тобын басқарып, барлық шаруаның басы-қасында жүріпті.

– Степногорскіде бір ай бойы жұмыс істедік. «Қазақалтын» базасынан бастап, оқиға болған жерге дейін тас жолдың әр адымын зерттедік. Инкассаторларды тергедік, куәгерлерді сұрадық, жергілікті тұрғындардан суыртпақтап көрдік, еш нәтиже жоқ. Қарақшылық шабуыл жасалғаны анық, бірақ алтынды әкете алмады. Мүмкін-ау деген болжамдар мен бағыттарды саралау барысы бізді ақыры дұрыс жолға салды. Байланыс операторлары арқылы сол кезеңдегі барлық қоңырауларды зерттедік. Осылайша күзетшілердің біріне шықтық. Арнайы операция өткізіп күзетшіні ұстадық, ол кінәсін мойындады. Бандиттер инкассаторды әбден қорқытып тастапты. Күзетшіге дейін-ақ қылмыскерлер алтын тасымалдау бағытын, тіпті қандай елдерге жеткізілетініне дейін зерттеп алған. Қару-жарақ, маска, құрал-жабдығын да мұқият дайындаған. Күзетші бізге күдіктілердің кім екенін анықтауға көмектесті. Бәрінің соңына аңду қойдық. Кімнің кім екенін анықтап алған соң ең әлсізінен бастап ұстап, қылмыстарын мойындаттық. Қылмыскер көп түлкібұлаңға салған жоқ. Қару-жарақты, киімді, рацияларды қайда тыққанын көрсетіп берді, – дейді Алтай Бошанов.

А.Бошанов бастаған жедел-тергеу тобы 

Қылмыскерлерді ұстау, тұтқындау тез жүзеге асты. Төртеуі де Ақкөл ауылының тұрғындары болып шықты. Кейін анықталғандай, олардың бәрі радикалды діни ағымның мүшелері екен.

Радикалдар іске қатты дайындық жасапты. Дегендеріне жету үшін жолына кедергі болғандардың бәрін өлтіруді көздеген. Өйткені көлденең олжа қомақты еді. 100 келі алтынның бағасы 2009 жылғы бағаммен есептегенде 3 126 200 доллар болған. Яғни бандиттер мақсатына жетсе, бір сәтте-ақ долларлы милионер болып шыға келетін еді. Ал енді радикалдар алтыннан түскен пайданы қандай мақсатқа жұмсамақ болғаны әлі күнге дейін белгісіз.

Журналист Асқар Жалдиновтың «Вне протокола» кітабынан.             

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации