Айтайын деп айтпайсың...

14 наурыз, 12:04

Фото: nege.kz

Қазақстанда журналистердің арасында кәсіби ынтымақтастық (солидарность) бұрын да болған емес, әлі де жоқ. Орыс тілді БАҚ-тың бақташысы бөлек сияқты құдды, ал біздер – қазақ тілді БАҚ өз қазанымызда бөлек қайнап жатырмыз. Белімізді буып, Nege.kz порталын ашқалы бергі үш жарым айда бұған талай мәрте көзіміз жетті.

Сөзім жалаң болмасын, бірер мысал келтірейін. Жуырда Нұр-Сұлтанда  қазақ тілді онлайн медиаға қатысты форум өтті. Мен сол форумға спикер ретінде қатыстым. Форум барысында Nege.kz порталының бас редакторы ретінде маған ең көп қойылған сұрақ мынау: «Сіздер ҰҚК-нің сайтысыздар ма?».

Сондағы біздің «кінәміз» – әлдебір судьяның жемқорлықпен ұсталғанын ҰҚК-ден бұрын жариялап қойыппыз. Өзіміз құреметтейтін әлгі әріптестердің логикасына салсақ,  ҰҚК-ден ең бірінші болып ақпарат алсақ – ҰҚК-нің сайты, Бас прокуратурадан алсақ – Бас прокуратураның сайты, Жемқорлықпен күрес қызметінен алсақ – Антикордың сайты, Өрт сөндіру қызметінен алсақ – өрт сөндірушілердің сайты болып шыға келетін түріміз бар.

Жасырмаймын, түрлі мемлекеттік һәм мемлекеттік емес органдарда ақпарат көздеріміз бар. Және өте сенімді. Біз солардың дерегіне сүйенеміз. Сенімді екен деп, ақпарат көзінің дерегін сол күйінде жариялай салмаймыз, зерттейміз, ізденеміз, індетеміз.

Ашылғанына көп болмаса да, Nege.kz порталымен иықтасып жұмыс істегі келетіндер аз емес. Олардың бәріне бірдей тағы мінбер ұсына бермейміз. Біздің де бұлжымас өз ұстанымымыз, өз принциптеріміз бар.

28 ақпан күні ақпарат көзінің дерегіне сүйеніп, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың ұсталғанын жаздық. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет оның ұсталғанын кеше ғана ресми мәлімдеді. Осы уақыт ішінде әріптестердің көпшілігі бізге қарсы жұмыс істегенін айтуға тиіспіз. «Бұларың қалай» деген болып, жеке өзіме салмақ салғандары бар. Мұны істі болған күдіктінің ашықтан-ашық сойылын соғу деп санасаңыз да, көре алмаушылық деп қабылдасаңыз да, патша көңіліңіз білсін.

Мәселе Мамуновта тұрған жоқ. Мәселе – журналистік принципте, ынтымақтастықта, әділ бәсекеде. Біз – Nege.kz порталының редакциясы журналистік принциптен ауытқымайтын әріптестерді құрметтейміз және бәсекелестіктің әділ болғанын қалаймыз.

Іске сәт!

Ерік Рахым, Nege.kz порталының бас редакторы.        

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации