Айдос Сарым: Армяндармен салыстырғанда, «Хабар» мен «Қазақстан» ауылдық радиостанса сияқты

09 қазан, 08:33

Фото: ғаламтордан

Даулы Қарабақта соғыс өрті тұтанғалы бері түркі халықтарын әлемге төнген қатер ретінде көрсету амалдары күшейді. Армяндар жағы түркілерді былай қойып, күллі мұсылмандарды «дұшпан» деп атауға дейін барып жатыр.

Ресей жұрты да айғайға сүрең қосқан. «Тұран, Түркі қағанаты қайта құрылмақ. Онда Ресейдің күні не болғаны? Бұған жол беруге болмайды. Тойтарысты Қарабақта бермесек, кейін кеш болады», – деп жау шақыру үстінде. Тіпті, қызды-қыздымен, тегі түркі деп қазақ елін де қосақтап, жау қосына апарып тастады.  Nege.kz саясаттанушы Айдос Сарыммен сұхбаттасып, заманауи ақпараттық соғыстың ұңғыл-шұңғылына тереңірек үңілді.

Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыстың әсерінен Ресейдің бұқаралық ақпарат құралдары Тұран туралы жиі сөз қозғайтын болды. «Ердоған түркі мемлекеттердің басын қосып, алып империяның басшысы болуға шақ тұр», – деген қисынсыз пікір кеңінен тарап жатыр. Ресейдің осылай қауіптенуіне негіз бар ма, өзі?

– Мұны конспирология деп атайды. Әрбір елдің өзінің «геосаясат ғұламалары» – геосаясатшы-сымақтары бар. Солтүстік көршімізде осы жанр ғаламат дәрежеде дамып кеткені бүкіл әлемде айтылып жатыр. Өйткені, геосаяси «құмалақшы», «бақсы-құшынаштар» көбейіп кеткен. Мәселен, Ресейде оның Дугин деген «көрнекті өкілі» бар. Мән бәріп қарасаңыз, «көсемдер» шығып, неше түрлі сайттар, «мектептер» ашып жатыр. Адамның миына сыймайтын нәрселерді жазып, ақиқат ретінде таратып жүр. Мұның өзі мемлекеттік үгіт-насихаттың бір бөлігіне айналып кеткен тәрізді.

Пандемияға қатысты әңгімелерді алайық. «Мұны біреулер әдейі жасаған», – деп, оқыс жайттардан әлбіреулердің «жоспарын, ізін» көреді. Айналып келгенде, мұны Ресейді әлемнен бөліп, оқшаулау саясатының құрамдас бөлігі деп есептеймін.

Бұл тұрғыдан Путин билігі Кеңес Одағын жолда қалдырды деп айтуға болады. Бұған әлеуметтік желілер қатты әсер етіп отыр. Мұны айқын көріп отырмыз. Бұл – елді басқару технологиясының бірі. Себебі, қазіргі заманда біреуді бір нәрсеге иландыру мүмкін емес. Әр қоғамдық топқа өз идеясын тауып береді. Америкаға барып, бәрін көзіңізбен көріп келсеңіз, онымен ол топтарды таңқалдыра алмайсыз. Онда Қытай туралы әңгіме шығару керек. «Пандемия – Қытайдың әлемдік билікке жету үшін жасаған амалы» дегендей.  Мысалы, сіз түріктерді жек көрсеңіз, онда түріктер туралы бірдеңе ойлап тауып, оны кәдеге жарату керек. Бұл – үлкен бір өнеркәсіпке арналған ақпараттық бизнес.

Қазіргі кезде соғыстың болмысы, табиғаты өзгеріп кеткен сияқты. Соғыстың екі бағытта жүретінін Қарабақтағы жағдай айқын көрсетіп отыр. Қазіргі соғыста бірін-бірін зеңбірекпен атып, қоян-қолтық ұрыстарға шықпайды. Негізгі ұрыс майданы ақпарат саласы болып отыр. Кім-кімді жауыз қылып көрсете алады? Кім қарсылас халқын ақпаратпен мазасын кетіре алады? Оны әлемдік жұртшылықтың алдында қаныпезер етіп көрсете алады? Осы жағы маңызды. Мәселен, ақпараттық тұрғыдан әзірбайжандар армяндарға қарағанда жас бала секілді. Армения басшысы Пашинянның таратып отырған ақпаратына қарасаңыз, баяғы орта ғасырларға қайтып оралғандаймыз. «Біз, армяндар – мұсылмандардың нөпіріне төтеп беріп отырған жалғыз күшпіз», – дейді. Мұндай сөзді баяғы заманда гректер, басқа да шығыс еуропа елдері айтып келген. «Бүкіл әлемнің мұсылман терроршылары осы жерге келіп отыр. Бізді қиратса, ертең Мәскеуді де алады», – деп ортағасырлардағы ұғымдарды қайта тірілткісі келеді.

– Бұл әңгімелер неге Ресейде қатты тарап, қолдау тауып жатыр?

– Түркия қай заманда да Ресейдің ата жауы болған. Осы кезге дейін Ресеймен он үш рет үлкен соғыс жүргізген. Орыстың тарихи санасында, тарихи жадында «түріктер – жауымыз» деген ұран кірпіш болып қаланған. Сондықтан түртсең болды, жақсы жұмыс істей бастайды. Бүгінгі Ресей элитасында, интеллектуалды ортасында армяндар көп. Сыртқы істер министрі Лавровтың өзі армян тумасы. Жоғары оқу орындарында, баспасөзінде, басты үгіт-насихат құралдарында басшылықта отырған армян текті азаматтардың кімді қолдайтыны түсінікті. Әзірбайжанның әлеуеті олардың қасында түк емес.

– Осы ақпараттық соғыстың жалыны Қазақстанды да шарпып жатқан секілді. Мәселен, Түркістан қаласын дамытып, көркейтіп жатқанын көріп, «Ойбай, Қазақстан Түркиямен бірігіп, Тұранның астанасын салып жатыр», – дегенді беттері бүлк етпей сөз етіп отырғандар аз емес...

– Ақпараттық соғыс жүргізуге нақты деректердің қажеті жоқ. Оқиғаларды теріп алып, тізбектей салсаң, басқаша ойнап шыға келеді. Ресей о бастан Түркі бірлігі, түркі халықтарының түрлі жиындарына аса қауіппен қарап келеді. Өйткені, мұны өзі ұсынып отырған Кеңес одағының, Ресей империясының айналасына бірігуді көздейтін интеграциялық жобаларға балама деп есептейді. Тарихтан бейхабар адамдарға (оның ішінде өзіміздің орыстілді қазақтар да бар) осыны жау қылып көрсетуге ұмтылады.

Түркі жиындарына қатысып келсең, Ресей басылымдарынан міндетті түрде «қазақ ұлтшылдары –шетінен пантүркистер» деген сыңайдағы материалдарды көзің шалады. Кеңес одағы тұсында «пантүркизмді» фашизмнің о жақ, бұ жағы деп бағалаған.

Осындай архитиптік, қатып қалған образдарды санасына әбден сіңірген, Кеңес одағының көзін көрген адамдарға «жауыздықтың синонимін» қайта тірілтуді көздейді. Сол арқылы өздерінің интеграциялық жобасын нығайтпақ. Үгіт-насихаттың, ақпараттық соғыстың бір ғана нысанасы болмайды. Осы арқылы бірнеше мәселені бір-ақ шешіп жатыр. Бомба түскенде оның жарықшақтары тек бір бағытқа қарай атылмайды. Жан-жаққа шашырайды. Бұл да сондай айналасын қиратып өтетін ақпараттық бомба.  

– Демек, армян жағы ақпараттық соғыста басым түсіп жатқаны ма?

– Соғысып жатқан екі елдің әскери министрліктерінің қайсысы жақсы жұмыс істеп отыр? Олар таратқан ақпараттың әрі қарай әлемге қалай тарап жатқанына қараңыз. Осыдан-ақ көп нәрсені үйренуге болады. Бұл жерде менің ұсынысым бар. Ақпарат саласына қатысы бар адамдар осыны жіті зерттеуі керек. Цирк не кино секілді тамашалауды доғарып, сабақ алып, үйренгеніміз жөн. Өйткені, жеме-жемге келгенде, біздің Әзірбайжаннан асып тұрған жеріміз жоқ. Ақпараттық тұрғыдан біздің лоббистік мүмкіндіктеріміз шектеулі. Біздің АҚШ-та, Францияда және Ресейде, Голливудпен, Ресейдің үгіт-насихатшыл телеарналарымен, шетелдің өнер, киносымен қатынасымыз армяндарға мүлде жақындай алмайды. Бұдан мұқият сабақ алу керек. Фейк дүниелерге ғылыми, және басқа қырларынан төтеп беріп, нақты жауабын айта алатын дүниелер қажет.

Никол Пашинян

1990 жылы Солжиницин деген жазушы: «Қазақстанды бөліп жіберу керек, жартысын Қытай ала берсін. Солтүстігінің бәрі біздікі», – деп жалған нәрсе айтқан. Бұл әлі күнге дейін өміршең идея ретінде жалғасып келеді.

Донбаста командир болып соғысып жүргендердің жартысы – гуманитарияға жақын адамдар. Бірі – жазушы, бірі – тарихшы. Тарихи тұжырымдамалар дер кезінде өзінің жеріне түсетін болса, гүлдеп шығатыны анық. «Қырым – орыс қаласы» деген ойды кезінде Ресейде тек бір-екі ғана саясаткер айтып жүрген. Ол кезде ақымақтың идеясы сияқты көрінетін. Бүгін Қырым Ресейдің ішінде. Мұны орындалған утопия деп айтуға болады.

Ресейдің үгіт-насихаттық, ғылыми-публицистикалық машинасының жұмысына қайран қаламын. Бүгін Путин бір ой айтып қалса, екі-үш айдан соң сөрелерден осы тақырыпта «терең зерттеген» ғылыми-сымақ кітап Қазақстанның да сөрелерінде қасқайып тұрады. Бұл – жаңа айтқан «клубтар» мен «мектептердің» жұмысы. Мұны үлкен өнеркәсіпке айналдырып жіберген.

– Тұранның, түркі бірлігінің қазіргі жағдайына қандай баға берер едіңіз?

– Шынын айту керек, бұл – тарихтан хабары бар адамдардың иелігінде жүрген кішкентай ғана идея. Қазіргі Түркия түркі бірлігінен гөрі неоосманизм деген тақырыпқа жақынырақ. Өз аймағындағы араб елдеріне назар аударып отыр. Түркия бәрін біріктіре алады, керемет интеграциялық жоба жасайды дегенге сенбеймін. Бірақ ақпараттық соғыс заманында түймедейді түйедей етіп көрсетуге мүмкіндік бар. Кез келген дүниені виртуалды, ақпараттық соғыс дәрежесіне алып шығуға болады. Мәселе кімнің қалай пайдалана алатынында, үгіт-насихаттық потенциалында. Бұл – ғылыми тұрғыдан да, саяси ақпараттық тұрғыдан да зерттеуді талап ететін тақырып. Осының нысанасы болудан сақтасын деп тілейік. Ұшақтардың ізін көріп: «У шашып жатыр екен» деген жел сөзге сенетін халыққа  көп нәрсені таңып тастауға болады. Бізде тарихи, ғылыми және басқа білім саласы қатты ақсап тұр.

– Сіз айтқан Ресейдің идеологтарымен қоса, Жириновский секілді саясаткерлері де отқа май құйып отыр. «Бұл Тұран империясын құрмақ. Халық саны 200 миллионнан асып жығылады. 10 миллионға жуық әскері болады», – деп байбалам салғанын көрдік. Бұл Кремльдің Армения жағында соғысқа араласуға Ресей қоғамын дайындап жатқанын көрсетпей ме?

– Ол жағы да бар. Жириновский – түркі тілдерін жақсы білетін Ресейдің бірден-бір саясаткері.  Түркияның тарихын, саясатын терең зерттеген адамдардың бірі. Жақсы болсын, жаман болсын, Думада отыз жыл отырған аузы дуалы саясаткер. Өзінің электораты бар. Бұл электорат – осындай аңыз әңгімелерге, геосаяси конспирологияға қатты сенгіш аудитория. «Ресейді жау алайын деп жатыр», «Ресей – орыстардікі» деген секілді империялық дүниелерге қатты алаңдап отырады. Алда сайлау келе жатыр. Ол, сөз жоқ, өз электораты үшін жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде түркілерге қыжылы бар. Бәлкім, Алматыдан Мәскеуіне жақсылықпен кетпеген болар. Жириновский – халықты үркіту, қорқытудың хас шеберлерінің бірі. Осы қорқынышты үлкен бизнеске, саяси ұпайға айналдырып отыр. Мұның артында тұрған үлкен лобби бар.

– Әзірбайжан Қазақстаннан ҰҚШҰ аясында көмек беруді сұрады. Қарабақ мәселесіне келгенде ҰҚШҰ-ның араласуын тежеуге шақырды. Ресей мен Армения – біздің экономикалық әрі әскери одақтастарымыз. Ал Түркі елдерінің қауымдастығы арқылы Түркия мен Әзірбайжанмен мәдени, экономикалық және басқа да қарым-қатынасымыз қылаусыз. Сәлеміміз түзу. Қарабақ мәселесі Қазақстанды сыртқы саясатта қиын жағдайға әкеп тұрған секілді ме, қалай?

– Сөзіңіздің жаны бар. Қазір Қазақстан  геосаяси тұрғыдан өзінің ең ауыр кезеңіне таяған секілді. Қарабақты айтпағанда, Қытай мен АҚШ арасындағы, Ресей мен Батыс арасындағы, басқа да экономикалық, геосаяси текетірестерді ескерсек, Қазақстанның бейтарап қалуына көп мүмкіндік қалмай барады. Жеме-жемге келгенде: «Мүшесіңдер ме, қолдаңдар! Қол қойғансыңдар, істеңдер!» – деп, бізден де кейбір мәселелерді талап етуі мүмкін. Бұл қазір үлкен проблемаға айналып жатыр.

Хуавей деген Қытайдың ірі компаниясы бар. АҚШ оны әлемдік нарықтан қуып шығып жатыр. Бір ел одан технологиялар алайын десе, АҚШ елшілері келіп: «Сіздермен әскери және экономикалық қатынастарымыз бар. Олардан технология алсаңыздар, онда ат-құйрығын кесеміз», – деп талап қояды. Батыс елдері үшін бұл – үлкен экономикалық таңдау. Бір-екі жыл уақыттың ірі компанияның да тағдырына әсер ететін заманда өмір сүріп жатырмыз. Бір жыл лицензия алуды кешіктірсең, бәсекелестерің шаң жұқтырмай, тым ұзап кетіп, триллиондап пайда табады. 5G технологиясы үшін қазір қандай арпалыс жүріп жатыр. Кім операторы болса, сол байлыққа кенеледі. Өкінішке қарай, біз тарихтың да, саясаттың да объектісі болып бара жатырмыз.

– Сонда не істеу керек?

– Кейбіреулер НАТО-ға кірейік деп ұрандап жүр. Жапсарлас жатқан Украина мен Грузия кіре алмағанда, біздің кіруіміз – ертегі. Сондықтан бүгінгі әлемнің табиғатын дұрыс түсіне білуіміз керек. Қиялға емес, адамды шынайы өмірге жақындататын, заманның ыстық-суығына дайындай білетін ақпараттық дүниелер қажет. Біздің сыртқы саясат әлі түсініксіз. Өйткені, көп процестер соңына жеткен жоқ.

НАТО

Мәселен, Ресей империясының ыдырауы әлі аяқталмай отыр. Әлі де болса, кешегісі мен бүгінін сақтау үшін аянбай күресіп жатыр. Бюджетінің қыруар бөлігін халқының аузынан жырып, қаруға жұмсап, ештеңеден аянып жатқан жоқ. Қарулану бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. Осыншама қару жинаған адам, онысын ерте ме, кеш пе, бір қолданатыны белгілі.

ҰҚШҰ-ға келсек, оның іске аспайтын жоба екені түсінікті. НАТО-ға доқ көрсету үшін құрылған дүние. Армения 12 күннен бері соғысып жатқанымен, ҰҚШҰ-ға шағымданған жоқ. Өйткені, олар да бәрін жақсы біліп отыр. Ресей армяндарға: «Әңгімелеріңді бізге айта беріңдер. Шешетін біз ғой. Бірақ ҰҚШҰ деп айта бермеңдер. Әйтпесе, бұл ұйым ыдырап кетуі мүмкін», – деп ескерткен де болуы мүмкін. Тағы қайталап айтамын, Арменияның кішкентай ғана нәрсені ақпараттық ұпайға айналдыра білу талантына таң қаламын. Біз кейде «билік өзін-өзі мақтай береді» деп сынаймыз. Бірақ армяндармен салыстырғанда, біздің «Хабар» мен «Қазақстан» телеарналары далада қалады. Жырақта жатқан ауылдық радиостансаға ұқсайды.

– Әңгімеңізге рахмет!

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации