Жәкішевті не үшін босатты?

03 наурыз, 20:55

Фото: nege.kz

Мұхтар Жәкішев 11 жылдан соң бостандыққа шықты. Әзірге шартты түрде.  Оның тұлғасына қатысты қоғамда әртүрлі пікір бар. Бірі «саясаттың құрбаны болды» десе, екіншілері «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деп қабылдайды. Десе де, осы уақытқа дейін Жәкішевтің тағдыры қоғамда қызу талқыланып келді және оның бостандыққа шығатынын қоғам жақсы қабылдады.

«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық компаниясын қысқа уақыттың ішінде әлемдік деңгейге шығарған Мұхтар Жәкішевтің бостандыққа шығуына қатысты сарапшылар Nege.kz порталына пікір білдірді.

Әзімбай Ғали: Бұл – символикалық қадам

– Елімізде жаңа басшы бар. Жаңа президент. Қасым-Жомарт Тоқаевқа имидж керек. Одан бөлек мемлекеттік имидж бар. Демократияға ұмтылыс жасап жатыр. Демократиялық жолға түскен елдерге инвестиция көбірек келеді. Құқықтық мемлекет бар деп есептелінеді. Шетелде қабылдау өзгереді. Көңіл күйі, шырайы өзгереді. Бұл – символикалық қадамдар. Саяси демонстрация. «Біздегі басшылыққа сенуге болады» деп халықаралықты имиджді жақсарту үшін, артық сұрақ қойылмасы, сауалдарды азайту үшін персоналдық әрекет жасалып жатыр. Қазақстанда әлі де шерулер жүріп жатыр. Тоқаев шеру жасау тәртібі жеңілдетіледі дегенді айтты. Қазақстанда әр тұлғаның орны бар. Біреу жақсы, біреу жаман деп айту қиын.  

Дос Көшім: Жәкішевті саяси тұтқындардың қатарына жатқыза алмаймын

– Босатқанына қуаныштымын. Меніңше, ол жазықсыз сотталса, оны соттаған адамдар белгілі бір жазаға тартылуы керек сияқты. Өз басым, Жәкішевті саяси тұтқындардың қатарына жатқызғым келмейді. Ол билікке қарсы күрес жүргізіп, пікір білдіріп, партия, қозғалыс құрып, митингке шыққан адам емес. Бізде әділетсіз сотталған адамдар бар. Ол әділетті сотталған адамдардың қатарына жатуы да мүмкін.

Белгілі бір олигархтардың арасындағы, Ресей мен Қазақстанның арасындағы ойындардың біріне түсіп қалды деп ойлаймын. Оны жақсы азамат, жақсы маман деп білемін. Бірақ неге оны саяси тұтқындар қатарына жатқызып жүргенін өз басым түсінбеймін.

Болат Әбішев: Дұрыс бағалай алмадық

– Қуанып жатырмын. Кімдікі болса да, нағыз дұрыс шешім. Халық оны көптен күтті. Бұл мәселе бірнеше  рет көтерілді. Қоғамдық белсенділер атынан Президентке де ұсыныс түсті. Сағыздай созылып келіп, ақыры шешілді. Бұл – амалсыздан шешілген мәселе. Билік Жәкішев үшін емес, өздері үшін жасады. Қалай десек те, Жәкішев үшін бұл жақсы болды. Өйткені, оның денсаулығы нашарлап кеткен еді. Ұзақ жыл босқа отырды. Өте іскер азамат. Атом саласын үлкен деңгейге көтерді. Білімді маман екенін көрсетті. Қаншама адамға жұмыс орнын ашып, бюджетке қомақты қаражат түсірген. Осы салаға сіңірген еңбегі зор. Оны дұрыс бағалай алмадық.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации