Украина сабағы: Өзімізді алдарқатып жүрміз

17 наурыз, 09:43

Фото: politbyro.in.ua

Украин блогерлері ютуб каналы арқылы ресейліктермен идеологиялық соғыс жүргізіп келе жатқанына біраз болды. Оларды енді ресейшіл, орыстілді қазақстандықтар да қызықтыра бастаған тәрізді. Бір қызығы, бейнежазбадағы отандастарымыздың сөзі украиналық содырлардың пікірінен алшақ жатқан жоқ. «Ресей Қазақстанға басып кірсе, мен «жасыл адамдарды» қолдаймын. Қазақша сөйлеу маған түкке де керек емес» деген астамшылдық ашық айтылып жатыр.

Соңғы кездері сол адамдардың кейбірі өтірік мүләйімсіп, артық кеткенін айтып, кешірім сұраған бейнежазбалары да шыға бастады. Бұған, яки, пікірін бұлай өзгертуге не түрткі болды? Шаңыраққа қарағандары ма, әлде біреулер күш көрсетті ме? Бұған «аюға намаз үйреткен таяқ» деп қуанып жатқандары бар. Десе де, бұл аса жағымды нәрсе емес. Сонда дейміз-ау, мұнымен неге қазақтың жуан жұдырық жігіттері айналысуы керек? Мемлекеттік, ұлттық қауіпсіздікті «күні-түні» күзетіп, сол үшін ақы алып жүрген орган қызметкерлері қайда? Өзіне төнген қауіптен қорған бола алмаса, сансыз күштік құрылымдар не үшін керек? Мемлекет неге сепаратистік көңіл-күйдің алдын алып, тентектерді дереу тезге салып отырмайды? Билік осалдық танытқан жерде не боларын Қордай қақтығысы анық көрсеткен жоқ па еді?

Украина демекші, Қырымнан айырылып, шығысы от пен оққа оранардың алдында Украинаның арнайы қызметі немен айналысты? Ел басына төніп келе жатқан апатты сезе алды ма? Қарсы қандай қадамдар жасады? Мұның жауабы – біреу. Ештеңе. Сонда, арнайы қызмет не бітірген дейсіз ғой. «Ислам терроризмінен» қауіптеніп, күні-түні Қырым татарларын аңди берген. Украиндердің қандас, діндес, тілі ұқсас орыстардан айырмашылығы, сол «сенімсіз элемент» – татарлар жеме-жемге келгенде Украинаның сөзін сөйлеуден бір жаңылған жоқ.

Бізде де «ислам терроризміне» қатты соққы беріп келеміз. Мұсылман бола тұра, шолақ шалбар, сақалды көрсек, бойымызды үрей билейтін болды. Әрине, жалған діни ағымдардың келер қауіпті жоққа шығара алмайтынымыз ақиқат. Қазақстанның тәуелсіздігін мойындамай, халифат құруды көксегені үшін кейбір ислами ұйымдардың, партиялардың әрекетіне тыйым салынған. Сирия соғысына қатысқандарды түрмеге тоғытып, аяусыз жазалап жатырмыз. Дұрыс. Десе де, Қазақстан деген мемлекетке қауіп төндіріп жатқан жалғыз осылар ма?

milli-firka.org

Көзді ашып қарасақ, солтүстік көршімізде түрлі саяси ұйымдар бар. Идеологиясына қарай, түрлі-түсті. Бірі – қызыл, бірі – үш жолақ, бірі – қоңыр. Посткеңестік кеңістікке кіретін елдердің тәуелсіздігін мансұқтап, тарих көрмесінде тұрған Ресей империясын немесе Кеңес одағын қайта құруды көксейді. Сол ұйымдардың елімізде ячейкалары жұмыс істеп тұр. Еш кедергісіз жақтастарын көбейтіп, күш жинап жатыр. Сонда дейміз-ау, Тәуелсіз Қазақстан деген мемлекетті мойындамайтын ұйымдардың «Хизб ут-Тахрирден» қандай айырмашылығы бар? Сирияда қан кешіп келген содырлардан Украинаның шығысындағы содырлардың қай жері артық? Бұл сұрақтардың жауабын бізге кім береді?

Осы жағдай кейбір азаматтарымызды ойландыра бастаған секілді. Мәселен, күні кеше Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов құқық қорғау органдарының тірлігіне көңілі толмайтынын жеткізді. «Енді осы ретте шындыққа қарайықшы, бұған дейін митингтерді қарасақ, 25 адам митингке шықса, ішкі істер органының 250 адамы бірге жүреді. Жаңа алаң қоршалған, соғыс болған сияқты. Ол жерден өту қорқынышты. Адамдар митингке қатысушылардан емес, қоршап тұрған әскерден қорқады. Баламыз мектебіне айналып басқа жолмен барады», – деді Берік Дүйсембинов.

Расында да, тәуелсіз Қазақстанның тарихында жаппай шерулер байқалмайды. Халық саясаттан аулақ. Рас, митингтен қалмайтын тұрақты, кәсіби шерушілер бар. Митингтің тақырыптары қандай болса да, билікке наразы бір топ адам ғана бой көрсетеді. Қазір олардың атын атай алмасақ та, түсін түстей алатын жағдайға жеттік. Мұншама құқық қорғау органдары қызметкерлерін Әбіләзовтің айғайына ұдайы сүрең қосатын ат төбеліндей бір топтың соңына салып қойғанымыз, шынайы қауіптен көз алдарқату болып жүрмесін. Бұл – Украина сабағы.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации