Сараптай алмайтын сарапшы НЕГЕ сотты шатастыра береді?

08 наурыз, 12:00

Фото: zakon.kz

Екі бірдей бұрынғы энергетика вице-министрлерінің сотында айыптаушы жақтың дәлелдері таусылып, сарапшысы оңбай шатаса бастады деп жазады, "Время" газеті.

Өткен аптаның соңында елорданың Байқоңыр аудандық сотындағы кезекті отырыс сенсациямен аяқталды. Судья Айжан Құлбаева бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиевтің адвокаттарының өтініштерін ішінара қанағаттандырды және Щучинск-Бурабай аймағындағы көлдерін тазарту жобасына жан-жақты сот сараптамасын жүргізуді тапсырды. Сот залында отырған лауазымды тұлғалар осы жобаға қатысты істі болып отырғанын айта кету керек. Тергеу аясында жүргізілген алдыңғы сараптама жобадағы бюджет қаражатын ұрлау мүмкіндігі туралы айыптау нұсқасын растаудың орнына, процеске қатысушылардың біраз сұрағын туғызды. Бір апта бойы сотқа куәгер ретінде шақыртылып жүрген сарапшы Құсайын Молдахметов өзінің тергеу органдарына берген сараптамасының дұрыстығын сот кезінде дәлелдей алмай отыр.

Естеріңізге сала кетейік, бұрынғы энергетика вице-министрлері Ғани Сәдібеков пен Бақытжан Жақсалиев Щучинск-Бурабай курорттық аймағындағы көлдерді тазартуға бөлінген миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп айыпталуда. Оларға қылмысты «Аймақ» ЖШС мердігерлік ұйымының басшысы Дәурен Дуанбекпен бірге сыбайласып жасаған деген айып тағылған.

Көлдерді тазарту жобасы 2014 жылы дайындалған еді, бірақ мемлекеттік сараптамадан өткізілмеді. 2016 жылы Ғани Сәдібеков вице-министр лауазымына тағайындалып, жобаны мемлекеттік сараптамаға жіберу бойынша шешім шығарады. Нәтижесінде жобадағы жұмыс көлемі мен жалпы құны өзгеріп, жұмыс көлемі 3,5 есе өсті, бірақ оның ішінде 1 текше метр қожды өңдеу құны 2370 теңгеден 551 теңгеге дейін төмендетілді. Осының арқасында жобаның жалпы құны арзандаған.

 

Бірақ тергеу неге екені белгісіз, түзетуден кейін жобаның құны өсті деп шешімге келген. Оны дәлелдеу үшін тергеу бұрын өзімен бірге жұмыс істеп келген жеке сарапшы Құсайын Молдахметовті тартып, соның осы айыпқа келетін сараптамасын алып алған.

Алайда, тергеу кезінде қорғаушы тарап Молдахметовтің өз есептеулерінде көптеген қателіктерге жол бергенін мәлімдеп, екі жыл бұрын тергеу соты адвокаттардың дәлелдерімен келісіп, қайта сараптама жүргізуге шешім қабылдаған болатын. Бірақ тергеу сот актісін орындауды қажет деп санамай, өзінің "шикі" сараптамасын жеткілікті деп санап, материалдарды сотқа жіберді.

Ал енді осы шикіліктердің барлығы сотта жауап алу кезегі Құсайын Молдахметовке жеткенде айқындалып отыр. Сот сарапшының қате тұжырымына бұл жолы көз жұмып қарай алмады.

Айтпақшы, Молдахметов айыптаушы жақ әкелген куәгерлердің соңғысы болатын. Бір сөзбен айтқанда, прокурорлардың көзірі еді. Алда - қорғаушылардан жауап алу және қылмыстық іс материалдарын одан әрі зерделеу шаруасы ғана қалды.

Молдахметовке қатысты тағы бір маңызды нюанс бар. Қазір ол сарапшы емес. Себебі басқа соттың шешімімен ол лицензиясынан айырылып қалған. Тағы бір қылмыстық істе оның сараптамасының шикі болғаны сондай, сот өзінің үкімін өзгертуге мәжбүр болған. Осы жайт те судья Құлбаеваның жан-жақты сот сараптамасын қайта тағайындауына сеп болған сияқты.

Сонымен, сарапшысымақ не бүлдірген? Адвокаттар соттың назарын құқық қорғау органдары берген іс материалдарын талдаған Молдахметовтың АБС-4 бағдарламалық пакетінің ескірген нұсқасын қолданғанына аударды. Ал олай жасауға қатаң тиым салынған. Молдахметов бағдарламалық пакетті авторлық құқық иесі - «Инком» ЖШС компаниясынан 2009 жылы сатып алып, оны соңғы рет 2010 жылдың 29 қарашасында ғана жаңартқан. Сол күйі бағдарламаны жаңартпай жұмыс істей берген. Ол уақыттан бері қаншама стандарттар, құжаттар, есептеу методикалары өзгергендігінде сарапшының шаруасы болмаған. Бұл салғырттық ол жасайтын кез-келген есептеулердің қате болып шығатынын дәлелдейді.

Молдахметов өзінің сараптамасында «Стройинтеграция» ЖШС инженері Лыковтың есебіне сілтеме жасайды. Сотта техникалық қадағалау инженері Лыков нысанды тек 5 рет барып тексергенін мойындады. Оны кейін тұнба көлемін қалай есептеу керектігін түсіне алмағаны үшін жұмыстан шығарып жіберген. Ал тұнба көлемі - мердігердің жұмысты атқарғандығының негізгі көрсеткіші.

Экс-сарапшы Молдахметовтың есептеуі бойынша көлде шамамен 3500 тонна тұнба шөгінділер бар. Ол бұл ақпаратты Лыковтан алған. Ал Лыков сотқа жауап бергенде 3500 санын өзіне белгілі 3320 санынан шамалап дөңгелектей салғанын мойындады.

Сотталушы Бақытжан Жақсалиев сарапшыға энергия тұтыну есебі бойынша сұрақ қойғанда сот залы күлкіге көмелді.

- Ал сіз өз есептеріңізде киловатт емес, киловольт қолданылатындығын қалай түсіндіресіз? - деп сұрады экс-вице-министр.

- Маған бұл маңызды емес. Технологиялық жабдықтардың жұмысына кеткен қуат өлшемі менде болды және мен оларды пайдаландым, - деп жауап берді сарапшы.

- Тағы бір рет сұраймын, киловольт тұтынылды ма киловатт па?

- Бұл жағдайда ол онша маңызды емес, өйткені бастысы 5,44 киловатт немесе киловольтты құрайтын қуат бір текше метрді өндіру үшін жұмсалды. Мүмкін киловатт та шығар.

- Өлшенген энергия шығыны қандай? - деп жалғастырды сотталушы.

«Бұл сұрақты шешіп тастаймын», - деді судья.

- Электр станциясының қуаты қандай шамада өлшенеді?

- Қайсысы? - деп анықтап сұрады сарапшы.

- Электр станциясы. Кез келген.

- Киловаттта.

- Осылайша сізде тұтыну да қуат та киловатта болып тұр.

- Бұл жағдайда ол маңызды емес. Бір текше метрді игеруге қанша қуат жұмсалғанын түсінуге мүмкіндік бар. Егер жалпы тұтынуға 800 мың киловатт жұмсалса, мен қанша жұмыс әзірленгенін біле аламын. 157 мың текше метр топырақ әзірленді. Осының негізінде мен осы есептеулерді келтірдім, - деп жауап берді Молдахметов.

- Мен шатасудың бар екендігіне назар аударғым келеді - килограмм және текше метр. Салмақты және көлемді заттар. Жұма күнгі сөзінде сарапшы көлемдік салмақты өлшейтінін айтты. Шынымды айтсам, инженер ретінде мен көлемдік салмақ сияқты мәнді білмеймін. Сонымен қатар, физикада тұтынылатын энергия үшін киловаттпен өлшенетін мұндай мөлшер жоқ. Тиісінше, бұл есептеудің дұрыстығы күмән туғызады, - деді Жақсалиев.

- Қарсылық білдіреміз. Энергетикалық компания барлық құжаттаманы киловаттпен берді. Сотталушы сотты адастырып отыр, - деп жауап берді прокурорлар.

- Прокурорлар энергетикалық компаниялар ақпаратты киловаттпен бергенін айтты. Ал сараптамада есептеулер киловольтпен жүреді. Есептеу жүргізген маман, бейнелеп айтқанда, ауруханадағы температураны килограммен өлшеп отыр. Электр энергиясын беретін жабдықтаушы ұйым мұндай есептеулерді жүргізе алмайды. Сарапшы келтірген кернеу деңгейі қазақстандық желілерде жоқ. Сондықтан мәселе шиеленісіп отыр», - деп жауап берді Жақсалиев.


Басқа күндері сарапшы тақтада есептеулер жүргізіп, қортындысының формулаларын көрсетті. Онда бүкіл процесс қатысушылары назар аударып отырғандықтан, Молдахметов бұрын тергеу материалдарына салып жіберген кейбір цифраларын алып тастап, қорғаушы жақ келтірген дәлелдердің дұрыстығын мойындағандай болды. Молдахметов бірақ сұрақтардан кейін өзінің қателік істегенін аңғартып алды.

Тіпті мемлекеттік айыптаушылар да оның бұлтарып кетуіне көмектесе алмады. Құрылыс технологиялары мен терминдерін түсіне бермейтін прокурорлар адвокаттар мен сотталушылардың дәлелдерін мұқият тыңдауға мәжбүр болды, тек кейде қарсыластармен дауласып, ашуға бой алдырып отырды.

Нәтижесінде, сот дұрыс шешім шығарып, Сәдібековтың адвокаты Альмира Шайхинаның өтініші қанағаттандырылды.

Өкінішке орай, жаңа сараптама қылмыстық іс қозғалғаннан кейін араға 23 ай салып тағайындалып отыр. Егер бастапқыда зерттеу объективті жүргізілсе, онда бұл іс әлдеқашан тоқтатылуы мүмкін еді. Уақыт та, ақша да, адамдардың жүйкесі де ысырап болмас еді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро сараптама жүргізу үшін төлеген миллионға жуық теңгені басқа бағытқа, әлдеқайда тиімді жұмсауға болар еді. Ал ол ақшаны мемлекет сауатсыз сарапшыға НЕГЕ шығындады? Сұрақ көп, жауап жоқ.

Процесс жалғасуда. Алда әлі талай қызық бар.

#сәдібеков #жақсалиев
ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации