«Самұрық-Қазынаны» «сауын сиыр» жасаған кім?

29 маусым, 13:55

Фото: sk.kz

Nege.kz порталы Қазақстандағы цифрландыру бағдарламасына байланысты қоғамның назарын аударуға тұрарлық қызық мәліметтер тапты. Журналистік зерттеу барысында мемлекеттің миллиардтаған қаржысы оңды-солды жұмсалғаны, жылдар бойы мақсатсыз жұмсалған қаржының еш нәтиже бермегені белгілі болды.

Қанафин деген кім?

Мәселе «Самұрық-Қазынамен» байланысты. «Documentolog» деп аталатын әлдебір ЖШС «Самұрық-Қазынаның» қанатының астындағы компаниялардан әр жыл сайын жүздеген миллион теңгені «майдан қыл суырғандай» еш кедергісіз алып келген. Ашық ақпарат көздерінен «Documentolog» туралы дерек іздеп көріп едік, тапқанымыз мынау болды:

«Documentolog» ЖШС Бас директоры – Байжан Болатбекұлы Қанафин. 2002 жылы Мәскеу байланыс және информатика техникалық университетінің көпканалды телекоммуникациялық жүйесі факультетін үздік бітірген. Телекоммуникация жүйесі бойынша сертификаты бар инженер. 2003 жылы «Siemens» (Германия) компаниясының грантын ұтып алған. 2005 жылы Штуттгард университетінің магистрі атанды. 2006 жылы «Innovation Group» ЖШС-ны құрды. 2011 жылы «Newinttech» компаниясын басқарды. 2013-16 жылдары ҚР Президентінің жарлығымен құрылған «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингінің басқарушы директоры ретінде оны дамытуға қатысты. 2016 жылы Б.Қанафин қайтадан «Newinttech» ЖШС-ға басшылыққа келіп, оның атауын «Documentolog» ЖШС деп өзгертті...»

Қыcқасы, Байжан Қанафиннің өмірбаянында ешқандай кілтипан жоқ. Көз жүгіртіп шыққан адам «мый талшықтары коммуникациялық жүйе сияқты мұндай адам неге байланыс саласын басқармайды» деп ойлауы мүмкін.

Б.Қанафин

Байжан Қанафин байланыс саласына бөтен адам емес. Ол туралы сәл кейінірек. Алдымен «Documentolog» ЖШС туралы.

Цифрландыру «сиқыры»

«Қазпошта» АҚ әлгі компанияның өзге бәсекелестерін былай ысырып қойып, 600 млн теңгеден астам қаржыны шытырлатып санап берген. Бұл аз десеңіз, 2016-2020 жылдары «Documentolog» ЖШС «Самұрық-Қазынаның» қарамағындағы 36 компаниямен жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын 132 келісімшарт жасасыпты. 

2016 жылы – 58,3 млн., 2017 жылы – 206 млн., 2018 жылы – 364 млн., 2019 жылы – 436 млн., 2020 жылдың алғашқы жартысында ғана 347,6 млн теңге алған.

Бір нәрсені ерекше атап өту керек, жүздеген миллиондық келісімшарттардың түгелге жуығы арнайы жоспармен жасалғанын, маркетингтік зерттеу қажетті деңгейде жүргізілмегенін, қабылдап алушы бағаны түсірмегенін байқауға болады. Сондай-ақ осы уақытқа дейін бәсекелестіктің не екенін білмеген, мемлекеттік тапсырыстың миллиондарын «бір көзден алу» тәсіліне әбден төселіп алған компания басшылығы «бізден басқа кім?!» дегенге өздері де сеніп қалғанға ұқсайды. Мемлекеттік сатып алу сайтындағы мың сан деректер осының дәлелі.

«Самұрық-Қазына» мен оның қарамағындағы Ұлттық компаниялар «Documentolog» ЖШС-ге мемлекет қаржысын көзді жұмып тұрып аудара бергендей құдды. «Қазпоштадан» бөлек, «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Қазақстан темір жолы» сияқты алпауыттар «Documentolog» ЖШС-ның «цифрландыру торына» шырмалып, «сиқырланып» қалғанын қалай түсінуге болады?

Айталық, «Қазпошта» 2017 жылы тың технология ендіру үшін компанияға 99,5 млн теңге бөлген. Енді қараңыз, сол «тың технологияны» техникалық тұрғыда жабдықтап отыруға және лицензияны жалға алуға «Қазпошта» жылына 170 млн теңге төлеп отырған. Бұл не қылған «батпан құйрық»? Әлемдік тәжірибе бойынша, енгізілген әрбір жаңа технологияны жыл сайын жабдықтауға сол технологияны енгізуге кеткен қаражаттын 25 пайызы ғана жұмсалуы тиіс. Яғни «Қазпошта» «Documentolog» ЖШС-ға 25 млн теңге төлеуі тиіс еді. Сонда қалған 145 млн теңге не үшін бөлінген?

Соңғы үш жылда «Documentolog» ЖШС «Самұрық-Қазынадан» және қор қарамағындағы Ұлттық компаниялар «Қазатомөнеркәсіп», «ҚазМұнайГаз», «Самұрық Энерго», «Қазақстан темір жолы», «Қазпошта» секілді ірі еншілес компаниялардан жалпы сомасы 1 407 967 011, 76 теңге алған. Алғанда да миллиардтарды шынайы бәсекелестік ортада жеңіп алса бір сәрі, бәріне «бір көзден алу» тәсілі арқылы қол жеткізген! Мұның құпиясы неде?  

Қолымыздағы құжатта Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «Documentolog» ЖШС-ны ашықтын-ашық қолдап, лоббистің рөлін атқарып келгені айтылады. Сенбеске лажымыз жоқ, өйткені нақты сандар бар.

Қолда бар мәліметтерге қарағанда, соңғы екі жылда цифрландыруға 41,5 млрд теңге жұмсалыпты. Шындығында солай ма? Білуімізше, бұл санды шамамен бес есе кемітіліп көрсетілген. 2016-2020 жылдарды есептесек, бұл сан жарты триллион теңгеге дейін өсуі мүмкін және қыруар қаржының көп бөлігі желге ұшқан. «Желге ұшқан» емей немене, біздегі цифрландырудың қай деңгейде екенін карантин кезінде көрдік. Мектептерді, медициналық нысандарды цифрландыру, электронды құжат алмасу түкке жарамай қалғанына куә болдық. Есесіне, 42 500 теңгенің жыры талай айтылатын болады әлі.

660 млрд теңге! Нәтиже қайда?

Оқырманымыздың есебіне қарағанда, цифрландыруға барлығы 660 млрд теңге жұмсалған. «Мұны нақты есептеп шығару мүмкін емес. Министрлік мемлекеттік сатып алу сайтын жаңалаған кезде мұрағаттағы 2016 жылға дейінгі барлық құжаттар ұшты-күйлі жоғалып кетті» дейді ол.

Ғалым Смағұлұлы, Nege.kz 

«Самұрық-Қазына» иітіп сауып ала беретін сауын сиыр емес қой, әр тиынның есебі болуы керек. Егер «өзі жақсылар» мен «көзі жақсылар» мемлекет қаржысын талан-таражға салса, мұны анықтау және кінәлілерді жазаға тарттыру құзырлы органдардың еншісіндегі шаруа.

Nege.kz порталы жоғарыда келтірілген деректер бойынша құзырлы органдардан жауап күтеді және бұл мақаланы ресми сауал деп қабылдауды сұрайды.

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации