Сайлау алдында сенаторлар «сүйкім жинауға» кірісті

28 шілде, 12:33

Фото: 24.kz

Оқырманның есінде болуы тиіс, біз 13 шілде күні «Үндемес депутат, үйден шық!» тақырыбымен халық қалаулыларына «іздеу» жариялағанбыз. Іздегенде сағынғаннан емес, қауіпті індет халықты қынадай қырып бара жатқанда, қат дәрілердің қоймада үйіліп жатқанына налыдық. Осының себеп-салдарын Үкіметтен батырып-батырып сұрап, айыптылардың қатаң жазалануын талап ететін бір депутаттың шықпағанына таңдандық. Әріптестері жапырыла демалысқа кеткенде, еріктілер қатарына қосылып, елге пайдасын тигізіп жүрген жалғыз Ирина Смирнова ғана екен. «Сонда басқа депутаттар қайда? Есігін тарс бекітіп, үйінде жата бере ме?» деген сыңайда сауал тастағанбыз.

Әрине, «Сөзімізге шамданып, орнынан атып тұрды» деуден аулақпыз. Бірақ байқасаңыз, соңғы күндері депутаттар әр-әр жерден бой көрсете бастады. Мәселен Сенат депутаты Ғұмар Дүйсембаев пен Мәжіліс депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетов 24 шілде күні Атырау облыстық мәслихатындағы әріптестерімен бірлесіп, игілікті іс жасапты. Өкпені жасанды желдететін 15 аппаратты шетелден алдырып, аймақтағы ауруханаларға табыстағанға ұқсайды. Аппараттардың құны аз да емес, көп те емес, 6 миллион теңге екен.

«Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықовамен бірге өңірдің бірқатар медициналық мекемелерін, соның ішінде облыстық көпсалалы аурухананы аралады», – дейді Сенаттың сайты. Бұл әлгі Әбдіхалықованың Сандуғаштан «сөз естіп» тұра қашатын кезі ме, әлде одан кейін бе, бұл жағы белгісіз. Белгілісі, сенатор аймақ басшысымен бірге ауруханалардың жұмысымен танысып шыққан.

Мұрат Бахтиярұлы

Бір есептен, депутаттардың демалыс кезіндегі алтын уақыттарын бөліп, ел арасына шығуына, қоғамдық мәселелерге пікір білдіруіне Түркістандағы төбелес пен Сәтпаевтағы сұмдық оқиға да әсер еткен-ау деп шамалаймыз. Өйткені сенаторлардың бірқатарының сөзі осы оқиғаларға тікелей қатысты.

«Бір топ депутат болып бастама көтеріп, қазіргі таңда «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» заң жобасын қарап жатырмыз. Біздің мақсатымыз –  осыған дейін қалыптасқан, бірақ өзін ақтамай отырған заң нормаларына іргелі өзгерістер енгізу. Бұл бағытта бізге мемлекеттік органдардың бірлесе әрекет етуге деген құлшынысы аса маңызды. Жаңарған, қоғам талабына жауап беретін заң нормалары – мәселені шешудің тегеурінді жолы», ­­­– депті сенатор Ләззат Сүлеймен.

Ләззат Сүлеймен

Сенатор айтқан «бір топ депутаттың» қандай бастама көтеріп, заң нормаларына «нендей іргелі өзгерістер енгізуді»  көздеп жүргенін тап басып болжау қиын. Әйтеуір әлеуметтік желідегі жазбасында сенатор Нұртөре Жүсіп «Құтырған иттің өзін атып тастаймыз! Адамнан айуанға айналғандарды неге атуға болмайды?!» депті ашына. Демек елді дүрліктірген сұмдық оқиға демалыстағы депутаттардың да жүрегін дір еткізді деген сөз.

Нұртөре Жүсіп

Алайда соңғы күндері сенаторлардың аузынан шыққан сөздің салмағына мән берсек, Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммедтің дауысы басымдау шыққанын байқаймыз. Өйткені ол Бас прокурордың атына үшбу хат жолдап,  барлық фармацевтикалық қоймалар мен дәріханаларда жасанды дәрі-дәрмектердің бар-жоғын тексеруді ұсынды. Алматыдан жасырын цех табылып, ол жерден жалпы салмағы 100 тоннадан асатын сапасы күмәнді дәрі-дәрмек табылғанын тілге тиек етті. Сосын былай деді: «Қазір әрбір дәрілік препарат пен медициналық бұйым есепке алынып, дәрігерлеріміз әрбір сырқаттың денсаулығы мен өмірін сақтап қалу үшін жанқиярлықпен күресіп жатқан кезде мұндай сұмпайы кәсіпкерлердің ашкөздігі мен арамзалығы жағаны ұстатады. Олардың арам пиғылының ауқымы біздің мыңдаған отандастарымыздың өміріне қауіп төндіріп, еліміздің денсаулық сақтау жүйесіне орасан зор нұқсан келтіре жаздады».

Мұхтар Құл-Мұхаммед

Былай қарасаңыз, дұп-дұрыс. Бірақ мұны Мұхтар Құл-Мұхаммед қай кезде айтып отыр? Қоймадан қорап-қорап дәрі-дәрмек пен қап-қап медициналық бетперде табылғалы қай заман? Сенатор атаған «сұмпайылар мен «арамзалар» тек жасырын цехтарда ғана ма? «СК-Фармация» серіктестігінің Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент және Ақтөбе қаласындағы қоймаларынан табылған дәрі-дәрмектің мол қоры сырқат жұқтырған отандастарымыздың өміріне залалын тигізген жоқ па? Гуманитарлық көмек ретінде шетелден келген тонна-тонна дәрі-дәрмектің есеп-қисабын кім береді? Оның дер кезінде халыққа жетпеуіне кім жауапты?

Ақыры айтқан соң, Мұхтар Құл-Мұхаммед осының бәрін қопарып айтса, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасына лайық талап деп таныр едік. Ал мынауы – ұсыныс пен өтініштің арасындағы әрі мәселенің шетін ғана қайырған жұмсақтау бірдеңе болып шығыпты.

Бірақ қазір кімге өкпе айтқандайсыз? Қайта мүлде үндемей қоймай, анда-санда өстіп «әу» деп тұрғандарына тәубе. Дегенмен мына бір күдікті де жасыра алмаймыз. Мемлекет басшысы 11 маусым күні «Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының сайлауы 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалсын» деп Жарлық шығарған. Сенат депутаттарының мерзімі бітуге таяу. Тамыз бірер күнде басталады.

Мәселенің неде екенін түсініп тұрсыз ба? Сенаторлардың демалысқа қарамай, сергектік танытуы халыққа қарайлас ниетінен туса, жақсы. Ал сайлау алдындағы «сүйкім жинау» науқаны болса ше? 

ҰҚСАС ЖАЗБАЛАР
Яндекс рекомендации